Біздің жастар 600 мың айлықты менсінбейді, бірден 800 мың алғысы келеді - министр

14 Қазан, 12:40 555

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауылдарда жұмыс көп, бірақ ешкім онда жұмысқа бармайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бір сақманның өзіне фермерлер қаншама адам таба алмай жатады. Қаншама жұмыс дайын тұр, вакансиялар бар. Бірақ ауданда жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар бар. Жалпы, ауыл тұрғындарын жұмыссыз деп есептеу қаншалықты орынды? Иә, егер мүгедектігі бар азаматтар болса, жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі болмаса, көпбалалы болса – онда түсінікті. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, ешкім бармайды. Бізге бұл жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма деген сұрақтар қояды. «Ауыл аманаты» бойынша биыл 100 млрд-тың 5 млрд-ы берілген деген ақпарат алдым. 95 млрд теңгесі берілмеген. Шын мәнінде, осындай өтемақының орнына біз шағын несие беріп, адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына неге мүмкіндік бермейміз? Екіншіден, жұмыссыздық бойынша төленетін өтемақының әрі қарай саясаты қалай болмақ? - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

Біріншіден, әлеуметтік төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Азамат жұмыстан босатылып, жұмыссыз отырған кезде алты ай ғана төленеді. Басқа азаматтарға өтемақы төленбейді. Республикалық бюджеттен ондай төлемдер жоқ. Біздің көрмеде көрдіңіздер, «Солтүстік Қазақстандағы Сергеевка ауылына дәнекерлеуші керек, еңбекақысы 600 мың теңге» дейді. Сондай жерге бармай жатқан азаматтар бар. Бізде, біріншіден, бұл отбасынан басталады. Балаға еңбекке деген ынта отбасында берілуі керек. Қытайлардың отбасыларына қарсаңыздар, балалар қазір екі ауысымда оқиды, мектепте ұйықтайды екен. Жас кезінен бастап жұмысқа үйренген. «Жұмысқа шығыңыз, 300 мың теңге береді сізге» дегенде біліктілігі, білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге сұрайды, - деді Жақыпова.

Министрдің сөзінше, мұнда жалпы құндылықтар жоғалып бара жатыр. Мұны тек тәрбиелік, идеологиялық тұрғыдан реттеу жеткіліксіз, оны заңнамалық түрде реттеу қажет. Адам жұмыстан бас тартқан жағдайларда заңнаманы күшейту қажет.

Миражан Махан
Бөлісу: