«Біз бір-бірімізге көмек көрсетуге әрқашанда дайынбыз»

31 Мамыр 2020, 12:24 6788

Елімізде 200 мыңнан астам татарлар бар

Еліміздің түкпір-түкпірінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір-бірімен бірлік пен татулықта өмір сүріп келеді. Қазақстандық бірлік моделі олардың әрқайсысының салт-дәстүрі мен мәдениетін, тілін сақтай отырып, тұтас қазақстандық халық ретінде қалыптасуына, дамуына және өмір сүруіне мүмкіндік берді. Ел татулығы мен бірлігінің қадірін арттырған сондай этномәдени орталықтардың бірі - татар-башқұрт бірлестігі.

«Таң» татар-башқұр ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі болып еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан қаласында 1994 жылдың тамыз айында тіркелген. Ал 2000 жылы көктемнің алғашқы айында қайта тіркеуден өткен. Кейін 2011 жылдың наурызынан бұл бірлестік Астана қаласының «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы болып атауы ауыстырылған. Бұл орталық жұмысына қазіргі күні Сергей Садыков төрағалық етеді екен.


Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда екі жүз мыңнан астам татарлар мен он алты мыңнан астам башқұрт ұлтының өкілдері тұрады. Елордамыз Нұр-Сұлтанды он мыңнан аса татар мен мыңға жуық башқұрт ұлттарының өкілдері мекен етеді. Олардың арасында шамамен 1000-ға жуығы осы «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне мүшелікке еніпті.

–Бұл қаладағы татарлар мен башқұрттар өзінің тарихы мен мәдениетін елге көрсету үшін, өзінің тілін сақтап қалу үшін ашылған орталық. Біздің башқұрт және татар халықтарының тарихы мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін әрі мәдениеті мен тілін, дәстүрін үйренуге ниетті азаматтарға арналған этномәдени бірлестігіміздің жанынан жексенбілік мектебіміз жұмыс істейді, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.

Бұл мектепте Зухра Саяпованың жетекшілігімен педагогтар ұжымы башқұрт және татар ұлттарының ана тілдерін, салт-дәстүрі мен мәдениетін үйретумен шұғылданады. Одан бөлек, сәндік-көркемдік шығармашылық жұмыстарымен әрі қолданбалы өнер бойынша түрлі танымдық сабақтар өткізіліп тұрады екен.

– Мұнда әр жексенбі сайын дәстүрлі түрде «Туған тіл» атты арнайы оқу бөлімі бар. Ол мектепте балалар татар тілін үйренеді. Ұлттық әндерімізді айтып, би билеуге машықтанады. Жалпы біз яғни осы орталығымыз әрқашанда бүкіл мейрамдарға, бүкіл ұйымдастырылатын әр түрлі сайыстарға әрқашан қатысып тұрамыз. Өткен жылы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығында «Дуслык» ансамблі халықтық статусқа ие болды. Сондай-ақ, біздің жастар қанатының мүшелері түрлі сайыстарға қатысып, лауреат атанып, көптеген жүлделі орындарға ие болып келеді, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.


Қазіргі кезде бүкіл әлемде болып жатқан «COVID-19» жұқпалы індеті салдарынан бұл орталықтың мүшелері үйде отырып, өздерінің қолөнерін, ұлттық тағамдарын әзірлеп, түрлі-түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, арнайы челлендж бен видеолар түсіріп, көпшілік арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын ұйымдастырады. Осылайша бос уақыттарын пайдалы өткізумен шұғылданып келеді.

–Жалпы қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 200 мыңнан астам татарлар өмір сүреді. Олардың әрқайсысы мұнда неше түрлі тарихи оқиғаларға байланысты келген. Негізінде он бесінші ғасырға дейін татар мен қазақ халықтары бір халық болған. Оны біз қазақ пен татар халықтарының әдебиеттерінен көре аламыз. Бүкіл дастандар мысалы, Едіге батыр, Тохтамыш хан, Қырым хандары және т.б. алсақ, олардың барлығы да бір-бірімізге ортақ дүние болып келеді. Сондықтан біздің халықтарымыздың бұрынғы заманда бірге болғанына осындай деректер арқылы көз жеткізуге болады, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.

Бұл этномәдени бірлестік өкілдері бір орталықта жиналып, бекітілген жоспарға сай, түрлі түйткілді мәселелерді өзара талқыға салады. Бұл орталықтың ашылғанына биыл 26 жыл толып отыр.

–Жалпы, негізінде татарларда өте керемет сөз бар. «Бірлік болған жерде достық та болады, достық болған жерде жеңу де болады" деген. Яғни біз әрқашан да біргеміз. Біз әрқашанда бір-бірімізге әр жерде қолдау білдіріп, бір-бірімізге көмек көрсетуге, жәрдем көрсетуге дайынбыз. Он бесінші ғасырға дейін қазақ ия татар деп бөлінбедік. Себебі, біз бәріміз бірге «Алтын орда» деген үлкен мемлекеттің құрамында болғанымыз тарихтан мәлім. Баршамызға белгілі, қазақ интеллигенициялары кезінде татар медреселерінде сауат ашып, білім алған болатын. Яғни бұл жерден татар мен қазақ халқының арасындағы достықтың, ағайындықтың бұрынғы кездерден бастау алғанын байқауға болады, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.

Аталмыш этномәдени бірлестік орталығына Қазақстан халқы Ассамблеясы өз тарапынан жәрдем беріп тұрады. Бірлестік жанынан ашылған мектепке демеушілік көмектерін де көрсетеді. Бұл татар халқы көпшілік арасында өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетімен белгілі. Олардың тойланатын басты мейрамдарының бірі –Сабантой. Бұл шараға баладан бастап кәрі-жастың барлығы жиналады. Тарихы мың жылдан асқан Сабантой мейрамы – диқаншылар мен ауыл мерекесі болып саналады. Жыл сайын дәстүрлі түрде татар диқаншылары көктемгі егіс шаруашылығы біткенше осылай думандатып тойлайды. Мұнда әншілер түрлі әндер шырқаса, мың бұралған бишілер билер билеп, спортшылар спорттық бәсекелерден түрлі сайыстарға қатысып, мерекенің көрігін қыздырады. Сондай-ақ қыз-келіншектер әзірлейтін тәтті тағамдардан дәм татады. Бастысы, өскелең ұрпақ ардагерлерге құрмет пен ілтипат көрсетеді. Бұл ұлттық мейрамды татар жұрты қаланың негізгі алаңдарында думандата атап өтеді.

–Иә, бұл татар мен башқұрт халықтарының басты мерекелерінің бірі саналады. Қазіргі таңда сабантойды тек татар мен башқұрт халықтары тойлайды деп айтады кейбір адамдар. Бірақ бұл – қате пікір. Сабантой ол тек қана татар мен башқұрт халықтарының мерекесі емес. Ол бүкіл түркі тілдес халықтардың мерекесі. Сол себепті, Сабантой - егіншілер, егін той, егін мейрамы деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы кездерде қазақ халқы да сабантой мерекесін тойлаған. Мұны біз тарихтан көре аламыз. Алайда, адамдардың арасында қазақ халқы ежелден тек мал шаруашылығымен айналысқан деушілер бар. Бірақ олар мал шаруашылығымен қатар, егін егіп, темірден неше түрлі бұйымдар жасаған. Сондықтан сабантой мерекесі қазақтарға да таныс мереке. Бірақ тойлаудың кейбір ерекшеліктері бар. Мысалы сабантой татар мен башқұрттарда көктемде яғни егінді сеуіп болғаннан кейін, бүкіл жұмыс біткенде осы сабантой мерекесін тойлайды.


Ал қазақтар болса, егінді жинап болғаннан кейін яғни күзде ат шаптырып, қыз қуып, күрес ұйымдастырып мерекені атап өткен.

– Татар ұлтының салт-дәстүрлері мен ұлттық киім-кешектері жайында айтатын болсақ... Татар халқының әйелдер киетін бас киімі «калфак» деп аталады. Бұл бас киімді ықылым заманнан қыздар киген. Оның тысы түрлі әшекей-бұйымдармен, күміс теңгелермен безендіріледі. Қыздардың киетін көйлектері «күлмәк». Оның үстіне қамзол киіледі. Ал ер-азаматтардың аяқтарына киетін етіктері түрлі әдемі оюлармен безендіріледі. Бойжеткен кезде қыздар шаштарына шолпы тағады. Бұл өз кезегінде қызды тәрбиелеуге септігін тигізеді. Ол қалай дейсіз ғой? Егер де қыз ашуланып, қатты жұлқынса болмаса тым қатты күлсе, шашындағы шолпысы сыңғырлап, қызға әдепті болуды ескертеді.

Татар халқында бай-ауқатты адамдар шапандарды қамқадан тігіп кисе, кедейлер тіктен киген екен. Бұларды көбінесе ер-азаматтар діни мейрамдар мен мешітттерге барғанда киіп жүрген. Ал қыз-келіншектер мейрамдарда бүрмелі көйлектерді киетін. Мәселен, жасы үлкен келіншектердің көйлектерінің етектеріне бір емес бірнеше қаз-қатар ұсақ бүрмелер салынған. Ал осы көйлектердің сыртынан олар қамзол киген. Бұл қамзолдар ер-азаматтар қамзолынан етектерінің кеңдігімен ерекшеленген. Бір айта кетерлігі, татар қыз-келіншектері қамзолды әрдайым киіп жүрген. Нәзік жандыларға арналған бұл киімдер барқыт, атлас, қамқадан тігілген. Ал ер адамдар қыс айларынан басқа уақытта етік киіп жүрген. Сол етіктің ішінен жүннен тоқылған шұлықтар киген. Татар халқы бұрындары қой немесе ешкі терісінен тігілген ичиги дейтін қысқа етіктерді киген. Ал қыс мезгілінде барлық адамдардың аяқ киімі пима болған. Жасы есейген жандар қыс мезгілінде пиманың қысқа түрі саналатын калоштарды киген екен. Одан бөлек, қолдарына аяздарда суық өткізбейтін қой жүнінен тігілген тері қолғаптарды киіп жүрген. Ал ер азаматтардың басты бас киімі ретінде тақия болған. Жалпы тақияның екі түрі бар. Одан бөлек, аяздарда малақайлар киген. Әйелдердің көбінесе бас киімі орамал болған. Суық кездері жұқа орамалдардың сыртынан тоқылған жүн шәлілерді таққан екен.

Татар ұлтының ұлттық тағамдары көбінесе ұннан әзірленеді. Олардың біріне чак-чак жатады. Оның құрамында жеті түрлі тағам болады. Тек чак-чак қана емес, тамақтардың көбісінің құрамы жеті түрлі тағамдардан жасалынады. Ал әз-Наурыз мейрамында олардың дастарханынан қорға ботқасы ерекше орын алады. Бұл астың шығу тарихына үнілетін болсақ, ерте замандарда ауыл-аймақ тұрғындары көшелерді аралап, әр шаңырақтан қыстан қалған бір-бір тағамнан жинап, жаңа жылда барша ел тоқ болсын деген ниетпен оларды үлкен қазанға пісірген. «Ауылдарда осы наурыз мейрамында балалар үй-үйді аралап, тақпақтар, өлеңдер айтып жүреді. Ал үлкендер болса, оларға сыйлықтар береді», - дейді Исламбек Омаров. Жалпы мұндай «чәк-чәк, гөбәдия, пәрәмеч, қыстыбый, вак бәлеш сынды тағы басқа тағамдар өзге ұлттарда қайталанбайды», - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі.

– Сондай-ақ, әз-Наурыз мейрамында адамдар бір-біріне мынандай тілектерін айтады. «Жасыңыз жүзге жетсін, Сиырларыңыз сүтті болсын, Аттарыңыз күшті (күші мықты болсын деген мағынада) болсын, Мал туары көп болсын, Құлындарыңыз көп болсын, көп шапсын, Наурыз мейрамы құтты болсын» деп жылы лебіздерін білдіріп жатады, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.

«ТAҢ» тaтaр-бaшқұрт  этномәдени бірлестігі жыл сaйын әз-Нaурыз мейрaмынa үлкен дaйындықпен келеді. Бірлестік өнерпaздaры бaянмен ән шырқaп, мың бұрaлып би билеп, мерекенің көрігін қыздырaды. Күн мен түн теңелетін Нaурыз мерекесі түркі тілдес елдердің бaрлығынa ортaқ мейрaм ғaнa емес, сондaй-aқ бірліктің, ынтымaқтың, тaтулықтың, aуызбіршіліктің, ізгіліктің нышaнынa aйнaлғaн ұлық күн болып есептеледі.  

Сондай-ақ, бұл орталықта башқұрт мен татар халықтарының шығармашылық мұрасын көпшілік арасында насихаттау мақсатымен «Дуслык» атты фольклорлық ансамбль құрылған. Бұл шығармашылық топ көптеген қалалық, республикалық деңгейлердегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Одан бөлек, бұл орталықта әйелдер мен жастар кеңесі де белсенді жұмыс атқарып келеді.

Бірлестік мүшелерінің айтуынша, елорданың мерейтойында бүкіл этномәдени орталық өкілдері шақырылған. Корей, орыс сынды өзге де этномәдени бірлестіктер өз өнерлері мен шеберліктерін ортаға салып, жиналған көпшілікті тәнті еткен. Жалпы барлық ұлт өкілдері бір-бірінің мейрамдарына және мерейтойларына өздерінің жеке концерттік бағдарламаларымен барып, өнер көрсетіп тұруды әдетке айналдырған. Осыдан-ақ олардың өзара тату әрі достықтарының берік екендіктерін байқауға болады. «Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз әрі бір-бірімізбен тығыз араласу арқылы ұлттар достығын одан нығайта түсуге септігімізді тигіземіз», - дейді бірлестік мүшелері. Бастысы барлық мерекелерді думандатып өткізеді. 


Сондай-ақ, бұл «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығының хор және би ұжымдары жұмыс істейді. Бұларға осыған қызығушылық танытқан бірлестіктің жастары да, қарттары да қатысады. Бір айта кетерлігі, осы бірлестік өкілдері өздерінің ұлттық мерекелерін думандатып, атап өтіп қана қоймай, басқа ел деңгейіндегі мейрамдарға және өзге де ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктердің мәдени іс-шараларына қатысып тұруды әдетке айналдырған. Одан бөлек, бұл «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған көптеген іс-шаралардың басы-қасында жүріп, өтуіне белсене атсалысып келеді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осындай ерекше дата барша ел тұрғындары үшін өте маңызды болып саналады. Соған орай Нұр-Сұлтан қаласындағы «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығы қоғамдық бірлестігі ұйымдастыратын мәдени іс-шаралардың көпшілігі барша ел халықтарының достығын одан сайын нығайтуға бағытталған.

– Жалпы, негізінде, 1 мамыр достық, бірлік күнінде адамдар ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын әзірлеп, қалалық алаңдарға шығып, ұлттық билерін билеп, көңіл көтереді. Бір-біріне жырлардан үзінді оқиды, бишілер мың бұралып би билейді. Менің ойымша, Қазақстан Республикасында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендесе, солардың барлығы бірлік мейрамын сән-салтанатымен атап өтеді, - дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.

Жалпы татар халқының салт-дәстүрлері қазақ жұртының салт-дәстүрлерімен ұқсас болып келеді.

– Үйлену тойы, шілдехана - оның барлығының өзінің мән-мағынасы бар. Мысалы, үйлену тойын алсақ, қазақ халқында «той» деп аталынса, ал татар елінде үйлену тойы ол «туй» деп аталады. Келін үйге келгенде күйеуінің анасы келіннің аяғына жастық қояды. Бұл келіннің қадамдары нәзік болсын, өмірлері қиын болмасын деген ниетте жасалынады. Және бал мен майдан дәм таттырады. Бұл өмірлері балдай тәтті, майдай жұмсақ болсын, бай болсын деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, татар мен қазақ халқының ең басты мейрамы - менің ойымша, бұл Наурыз мейрамы. Яғни түркітілдес халықтардың Жаңа жылы. 21-22 наурыз күндері тойланатын бұл жаңа жылдың мағынасы өте зор, тереңде жатыр. Бұл біздің халықтарымыздың бұрынғы кездері қандай өмір сүргенін және дүниеге деген көзқарасының қандай болғанын көрсетеді. Мысалы, 21 наурызда   күн мен түннің теңелуі бекерден-бекер емес. Оны халық табиғаттың жаңаруы, оянуы, қыстың бітіп, жаңа жылға қадам басқандарын білдіреді. Бұл шынымен де мағынасы зор мереке. Татарларда бұл мереке «Наурыз байрамы» деп аталады. Наурыз байрамында кішкентай балалар ауылда жүгіріп жүріп, үй-үйді аралап, үлкендерге тақпақ айтып, өлең айтып, би билеп береді. Ал үй иелері оларға ақша, тәтті береді..

Бұл мейрамдар бастысы сән-салтанатымен, өзіндік салт-дәстүрлерімен ықылым заманнан бүгінгі күнге дейін тойланып келеді.

–Бірлік дегеніміз, бұл сөздің мағынасы өте тереңде жатыр. Және бұл сөз әр адамға таныс. Байқасаңыз, біздің елімізде бірлік бірінші орында тұр. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қазақ халқында мақал бар. Бастысы, еліміздің бірлігі, ауызбіршілігі жыл өткен сайын нығайып, дами беруін тілеймін. Себебі, біз бәріміз біргеміз. Әрқашан бір-бірімізге көмек көрсетеміз. Әрқашанда бір-бірімізге жәрдемдесіп, көмек қолын созып тұрамыз. Қайғыда да, көңілді уақытта да, бәріміз біргеміз. Жалпы бірлік туралы мен былай айтушы едім: «Яғни біз бәріміз біргеміз. Біз әрқашан да тек қана алға жүреміз. Біз ешқашан артқа қарамаймыз. Қазақстан Республикасы татулық пен бірліктің мекені. Оған дәлеліміз - біздің Қазақстан халқының Ассамблеясы. Шынымен де, біздің 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топтастырған Ассамблеямыз Қазақстан Республикасында тұрып жатқан халықтарды біріктіріп, бірге болуға әрқашанда жұмыс жасайды, - деп сөзін түйіндеді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.


Жалпы бұл «ТАҢ» этномәдени бірлестігінің мүшелері күллі қазақ елі мен жұртына бейбітшілік пен қоғамдық келісімді және татулықты тілейді. Құрылғанына жиырма бес жыл болған Ассамблеяның арқасында Қазақстанда бірлік пен ынтымақ және өзара түсіністіктің үлгісі орнаған болатын. Осындай бейбітшілікке күллі әлем елдері қызыға да, қызғана да қарайтыны рас...

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: