Біз үлкен өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз – Жарасбай Сүлейменов

27 Қазан 2022, 14:58 4578

Қаралы қаңтар да бәріміздің көңілімізді жүдетті, қайғы-мұңға батырды

Белгілі журналист-жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов  Қызылжар қаласында тұрады. «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы. Қоғамдағы кез келген мәселеге салғырт қарамайтын, тереңнен толғап толымды ой айтатын Жарасбай Қабдоллаұлымен байланысқа шығып көкейдегі көп сауалға жауап алдық.

– Жарасбай аға, әңгімемізді алда келе жатқан кезектен тыс Президент сайлауынан бастасақ. Ел арасында алып-қашпа сөз көп. Қоғам қайраткері,  тәжірибелі журналист ретінде осы сайлауға көзқарасыңыз қандай?  Президент сайлауының мерзімінен бұрын өтуі – қоғамдық санаға сілкініс әкелуі мүмкін бе?

– Негізгі әңгімеге кіріспес бұрын, сәл шегініс жасасам ба деп отырмын. Біз де біраз белестерді артқа тастадық. Көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де аз емес. Қытайлар: «Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме», – дейді екен. Сорымыз деуге келмейді, бағымыз шығар, біздің заманымыз екі дүние арпалысқа түскен ғасырлар тоғысына тұспа-тұс келді.  Біз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»  кеңестік заманды да көрдік, нарықтың дауылын да бастан кештік... Бәрі жадымызда жатталып қалған. Бабаларымыз «Өткен күнде белгі жоқ» десе де, ұмытылмайды, жылдармен бірге жаңғыра береді...

Қаралы қаңтар да бәріміздің көңілімізді жүдетті, қайғы-мұңға батырды. Дәл осындай оғаш  оқиға қазақ жерінде орын алады, қанды қол содырлар бейбіт жатқан елімізді ойрандап, береке-бірлігімізге дақ  салады деген ой, үш ұйықтасақ, түсімізге кіріп пе еді?! Ел іші аяқ астынан алатайдай бүлінді, бас жарылып, қол сынғаны былай тұрсын, қан төгілді, талай шаңырақ қара жамылды!

Менің ойымша, Жоңғар шапқыншылығын қоспағанда, Қазақ елінің арғы-бергі тарихында,  дәл осындай ұлтқа, тұтас мемлекетке  қауіп төндірген оқиға болмаған сияқты. «Іштен шыққан жау жаман» деп бабаларымыз бекерге айтпаған ғой, жауапкершіліктен жұрдай тобыр өз халқына өзі соғыс ашты, жазықсыз жандарға ажал құштырды. Сөйтіп ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің басына қара бұлт үйірілді. Тәуелсіздік былай тұрсын, елден, жерден айырылып қала  жаздадық. Біз қаңтардың қаралы күндерінде нағыз соғысты көрдік .

Егер Президентіміз қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап,  тығырыққа тірелген елді, бейбіт халықты қорғаудың пәрменді шараларын қабылдап, жедел жүзеге асырмағанда, алдын ала жан-жақты ойластырылған, мұздай қаруланған  содырлардың сойқаны неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді. Біле білсек, Мемлекет басшысының табандылығының, ерік-жігерінің, батыл іс-қимылдарының арқасында ғана аман қалдық. Ақиқаты сол, ел басына күн туғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, батыл қимылдап, өзінің нағыз көшбасшы екенін дәлелдеді. Сондай-ақ бұл оқиға қазіргі қазақ қоғамында қойнына тас тығып жүргендердің аз емес екеніне көз жеткізді. Мұны бір деп қойыңыз.

Қазір біз үлкен өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Қоғамды демократияландыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мақсатымыз – халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру. Өркениет жолын таңдадық. Президент, жаңа үкімет әділетті қоғам орнатуға, монополияларды жоюға, саяси трансформация жасауға, еліміздің экономикалық дамуын жеделдетуге күш салып жатыр. Рас, соңғы 30 жылда біз бәріміз ауызбен орақ орып, жұмақта өмір сүріп жатқандай әсерде болдық. Қазақстан байлығының жартсы санаулы адамдардың қолына өтіп кеткенін енді біліп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біздің қоғамда біреулер шалқып өмір сүріп жатса, киер киімге, ішер асқа жарымай,  өз өтінішімен қайда барарын, кімнің есігін қағарын білмей, тауы шағылып, жігері құм болып  жүргендер жетіп артылады. Бай қуатты өмірдің исі де жоқ. Бұл жайдан Президент те хабардар. Сүйініштісі, ол кісі халықтан ештеңені жасырып отырған жоқ, әр сөзінде елдегі жағдайдың күрделі екенін дәттеп, оның бәрін бірлігіміз бен, ұйымшылдығымызбен, елдегі тыныштықты сақтай отырып қана ретке келтіре алатынымызды, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бір күнде, бір айда, тіпті бір жылда шешіле қалмайтынын айтуда.

Бәріміз де елдің болашағын ойлаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тиыш болса екен дейміз. Десек те алдағы кезеңде халқымыздың амандығын, еліміздің бүтіндігін қамтамасыз ету жолында сіз болып, біз болып атқарар істер аз емес. Ол үшін бізге ең бастысы бірлік керек! Бұл екінің бірі айтатын сөз. Мен де бірлік, тыныштық болса, бәрі орнына келеді деп ойлаушы едім. Ал бүгін отыз жыл бойы ұрандатып жүріп, тағы бір қымбат дүниемізді жоғалтып алғанымызға көз жеткізіп отырмын. Ол–сенім! Сөздің шыны, халық билікке сенуден қалды. Оның саналуан себептері бар. Аса тереңдемей, бір ғана мәселеге тоқталайын. Бізде биліктің сөзі мен ісі қабыса бермейді, ұдайы екі жақта адасып жүреді. Сөйтіп дуалы ауыздан шыққан, ақ қағазға түскен жақсы-жақсы талай бағдарламалар, жоспарлар далада қалды. Қаншама қаржы текке шашылды! Жағдайдың осылай қалыптасуына бізде басшы қызметкерлерді іріктеудің, орналастырудың және тәрбиелеудің тиімді жүйесінің болмауы да  салқынын аз тигізіп отырған жоқ. Біздің үлкенді-кішілі басшылар халыққа «менің істегенімді істеме, айтқанымды ғана істе» дейтін баяғының арамза молдалары сияқты, оның үстіне өте тойымсыз. Халық саңырау, мылқау, соқыр емес, бәрін көріп, біліп отыр. Осыдан кейін билікке қандай сенім болады?!  Демек, қаралы қаңтар кездейсоқ оқиға емес. Бұл басымызға қонған бақты бағалай алмаған бізге Алланың жіберген сынағы. Одан ақыл-есіміз кемелденіп, ширап шығу үшін біз алдағы күндерде айтысып-тартыса бермей өткеннен сабақ алуымыз, сенімге түскен селкеуді сейілтуіміз керек.

Десек те осыны жұрттың бәрі түсініп отырған жоқ. Арамызда өткенді көксейтіндер, жаңалықтар мен жақсылықтарға үрке қарайтындар да аз емес. Өйткені олар биліктен, арам жолмен жиған-тергендерінен айырылып қаламыз деп қорқады. Олар жаңа атаулының бәріне қарсы. Міне, осындай жағдайда кезектен тыс  сайлаудың өткізілуі қазіргі Президент үшін ғана емес, ел, халық үшін өте маңызды. Егер біз осы сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім білдіріп, қолдау көрсетсек, сол кісінің төңірегіне топтассақ, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы істердің бүгінгіден де кең өріс алуына жол ашамыз.

Кандидаттарды халық танитын, танымайтын деп бөлу дұрыс емес

– Президент сайлауына түскелі жатқан кандидаттардың көбін халық танымайды. Бағын сынамақ болған кей азаматтардың сайлау заңына байланысты құжаттары талапқа сай келмепті. Ал ел таниды деген лауазымды тұлғалардың президент сайлауына түспеуінде не сыр бар? Жалпы «Сайлау туралы» заңға көңіліңіз тола ма?

– Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңда айқындалған. Айталық, үміткердің мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы керек. Сол сияқты кейбіреулер мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгеруге қатысты, басқа да талаптарға сай болмай жатады. Демек, кейбір үміткерлердің ұсынылудан әрі аса алмауын қалыпты жағдай деп қабылдағанымыз жөн.

Әрине, әркімнің де сайлауға, сайлануға құқығы бар. Осы тұрғыдан алғанда, кандидаттарды халық танитын, танымайтын деп бөлу дұрыс емес. Егер ол (үміткер) білімді, тәжірибелі адам болса, халық көңілінен шығатындай бағдарлама ұсынса, неге додаға түспеуі керек? Жалпы «президент болғың келді, сайлауға қатыстың»  деп біреуді кіналау артық.

Ал елге танымал, бұрын жоғары лауазымда болған адамдар бұл саяси науқаннан неге тыс қалып отыр? Оның да өзіндік себептері бар шығар? Кейбіреулері елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайтындықтан «бүйректен-сирақ» шығаруды жөн көрмейді. Саясаттан хабары мол кей тұлғалар дәл қазір халықтың көкейіндегі мәселелерді қозғап, нағыз көшбасшы екенін күнбе-күн танытып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәсекелес бола алмайтынын білгендіктен жандарын күтіп отыр ма деп ойлаймын.

Шынымды айтайын, өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлы билікке келгенде оң өзгерістер болатынына сеніп, қатты қуанған едім, сол қуанышымды іште сақтамай,  ешкімге жалтақтамай «Қасым-Жомарт Тоқаев – бүкіл саналы ғұмырын елге, халыққа  қызмет етуге арнаған,  мемлекеттік басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған, әлем таныған ірі қайраткер» деп өз ойымды бүкпесіз білдіргенімді газет оқырмандары, әлеуметтік желідегі менің достарым біледі. Ал қазір сол үмітімнің ақталғанына, ел басына күн туғанда ел сенген азаматтың халқына қорған бола білгеніне  қуанамын.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі халыққа Жолдауында елімізге «бір реттік президенттік» енгізуді ұсынды. Оған сәйкес, президент тек жеті жылға және бір рет қана сайлана алатынын баса айтты. «Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», - деді. Бұл ел үшін тосын жаңалық болғаны анық. Президенттің бұл ұсынысы демократияға бастайын нақты қадам деп айтуға бола ма?

– Ел билігін қолына алғаннан бері үлкен өзгерістердің бастамашысы болып келе жатқан Мемлекет басшысының  өзгерісті өзінен бастағаны да қуантады. Бұл да батыл шешім болды деп ойлаймын. Әдетте, бізде президент болсын, әкім, министр болсын, билік қолына тигендер тізгіннен айырылмауға тырысады ғой. Жеті жыл аз мерзім емес, ұзақ деуге де болмайды. Осы уақыт ішінде біраз іс тындыруға, елді жаңа бір биікке көтеріп тастауға болады.

– Қазақтың «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсіліне сүйеніп көп адам түсіне бермейтін заң тармақтарына қатысты сауал қойып жатырмын. Себебі Сіз бір заманда Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты болдыңыз? Заң баптары Сізге жақсы таныс? Содан бері не өзгерді? Бүгінгі Парламенттің жұмысына көңіліңіз тола ма? Депутаттардың белсенділігі жайлы не дейсіз?

– Өзгерістер ұшан-теңіз. Президент өкілді билік тармағын күшейту, оның ішінде Парламенттің рөлін арттыру қажеттігі жайлы үнемі айтып келеді. Бұл мәселенің Конституциялық реформаның басты бағыттарының бірі болғанын да білеміз. Бір ғана мәселеге тоқталайын, бұрын Мәжіліс заң жобаларын қарайтын және мақұлдайтын еді, енді заңдарды қабылдайтын болды. Заңдарды жедел қабылдау тәртібінің  енгізілуі де халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қоюға, билік тармақтарының шұғыл жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.   Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни пропорционалды және мажоритар¬лы жүйе бойынша сайланады.Сонымен қатар, сайлаушылар бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарынан мандатты кері қайтарып алу құқығына ие болады. Бұл өз кезегінде, халық қалаулылары мен оларды сайлаушылар арасындағы байланысты күшейтіп, демократия негіздерінің артуына оң әсер ететін болады. Одан бөлек, республикалық бюджеттің атқарылу сапасына да парламенттік бақылау күшейтіледі. Айта берсек, осындай көңілге үміт ұялататын өзгерістер өте көп.

Президенттің республика күні мерекесін жаңғыртуы құтарлық шешім

 – Тарихқа көз жүгіртсек, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізіліпті. Республика күнін ел бар жоғы 17 рет қана тойлаған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енбеген. Содан бері бұл мереке атаусыз қалды. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

– Иә, 13 жыл бойы аталмай келген Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта оралды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат қабылданған соң мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Арада екі жыл өткеннен кейін, нақтырақ айтсақ,  1992 жылдан бастап бұл дата атаулы күндер қатарына енгізілді. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Алайда 2009 жылы «Республика күні»  мемлекеттік мереке былай тұрсын, қатардағы атаулы күндер тізіміне де ілікпей қалды. Қоғамға оның нақты себебі түсіндірілген жоқ. Мен өзім бұл өзгерісті  30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жариялануымен байланыстырамын. Сірә, сол кездегі басшылық ұлттық мерекелерді көбейте беруді жөн көрмеген сияқты. Әйтпесе бұл күннің елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы болғаны дау туғызбайды. Шынына келсек, бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасаған алғашқы нық қадамы еді.

– Президент Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы тиіс», - деді. Расында Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек, қалай тойлаған дұрыс? Жалпы президент сөз еткен «екінші республика» тұжырымдамасының 25 қазан – Республика күнімен тікелей қатысы бар ма?

– Өз басым Президенттің Республика күні мерекесін жаңғырту туралы шешімін қолдаймын. Өйткені тәуелсіздік өз бастауын нақ осы күннен алады деп ойлаймын. Президент «екінші республика» тұжырымдамасын ұсынды. Демек, «бірінші республика» кезеңінен өттік десек, оның 25 қазан – Республика күніне тікелей қатысы болғаны. Оның үстіне біз қазір қоғам өмірінің барлық бағыттарында автократиялық режімінен бас тартып, тың  идеялар мен құндылықтарды орнықтыруға күш салып, жаңа мемлекет құрып жатырмыз.

– Жарасбай аға, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты кезіңізде Мәжіліс мінберінен өткір-өткір сауалдарыңызбен жарқылдап көзге түстіңіз.  Ұлттық мүдде жолында, тіл мен діл мәселесінде үнсіз қалып көрмедіңіз? Әсіресе 2010 жылы 22 қыркүйек күні «Петропавлға өзінің тарихи атауы - Қызылжарды қайтаруды, және бұл сұрақты президент қарауына жіберуді сұраймыз» - делінген премьер-министр атына жолданған депутаттық сауалыңыз ел есінде. Әлі сол ұстанымдасыз ба?

– Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де, жер мен ел тарихына үйлеспейтін, халық беделіне көлеңке түсіретін отарлаудан қалған атаулардан әлі арылған жоқпыз. Кешегі патша, одан кейінгі кеңес заманындағы солақай саясат ел-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшін алдымен жер-су аттарын өзгертті. Халық санасында сан жылдар сіңісті болған атаулардың ту-талақайы шықты. Тарихқа,  халыққа қиянат жасалды. Сондықтан ономастикалық жұмысты ұлттық мүддеге сәйкестендіріп, мұны Тәуелсіздіктің рухани биігінен қайта қарап, тарихи әділеттікті орнату керек. Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту жөнінде сауал жасауыма осындай ойлар түрткі болған еді.

Содан бері де он жылдан астам уақыт өте шығыпты. Сол кезде менде үкiмет басшысына депутаттық сауал жолдасам, қаланың атауы бiрден өзгере қалады деген ой болған жоқ. Бiрақ көп уақыттан берi халықтың көкейiнде жүрген ойды қозғау, ортаға салу, сөнiп бара жатқан үмiттi қайта тұтату керек болды. Қазір де бұл мәселені көтеріп жатқандар аз емес. Әрине мен де сүйікті қаламызға байырғы атауының қайтарылғанын қалаймын. Дегенмен бұл мәселені дәл қазіргі уақытта айғай-шуға айналдырудың, ушықтырудың қажеті жоқ. Әлі де шыдауға тура келеді. Өйткені бізге бәрінен тәуелсіздігіміз қымбат!

– Еркін, ашық ойыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек

Нағашыбай Қабылбек
Бөлісу: