12.11.2025
12:45
510
Біз түгілі Американың өзі ЛГБТ, трансгендерді қоғамға жат деп таныды - Жаңбыршин

Біз түгілі Американың өзі ЛГБТ, трансгендерді қоғамға жат деп таныды - Жаңбыршин

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламент отырысында ЛГБТ тақырыбы төңірегіндегі қоғамдық талқылауға қатысты өткір пікір білдіріп, мәселені заңнамалық деңгейде реттеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл мәселенің қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болды. Дәл осы мінберден өзім де, әріптестерім де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқыладық, – деді депутат.

Оның айтуынша, бірқатар белсенділер мен ұйымдар ұлттық құндылықтарға қарсы әрекеттер жасап, тіпті заңсыз насихат жүргізген.

Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты... Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропаганда жүргізді, – деді ол.

Депутат сондай-ақ өзіне және бірқатар депутатқа ақпараттық шабуыл жасалғанын атап өтті:

Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Бұл барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, – деді ол.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қоғам ЛГБТ насихатына қарсы екенін бірнеше рет дәлелдеді.

Былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, ол аз уақыт ішінде заңды түрде 50 мың қол жиналды. Бұл – халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі, – деді депутат.

Ол сондай-ақ халықаралық құжаттар мен стандарттарда да балаларды зиянды ақпараттан қорғау міндеті бар екенін еске салды.

БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында мемлекеттерге баланың рухани, психикалық және физикалық жағдайына зиян келтіретін ақпараттан қорғау жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеті жүктелген, – деді ол.

Сонымен қатар Жаңбыршин Қазақстанның Женева декларациясына қосылғанын, онда дәстүрлі отбасы институтын сақтау әр мемлекеттің құқығы ретінде танылғанын атап өтті.

Осылайша, біз түгілі Американың өзі ЛГБТ, трансгендер, бір жынысты неке сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды, – деді депутат.

Қорытындылай келе, ол қабылданып жатқан заң нормалары адам құқығын шектеуге емес, ұлттық мүддені қорғауға бағытталғанын айтты:

Бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Еділ Жаңбыршин.