Біз таза және ашық жұмыс істеуге әлі үйрене алмай келеміз – Еділ Жаңбыршин

5 Маусым 2023, 16:42 1396

«Amanat» партиясының баспасөз мәслихатында депутаттар қоғамдық талқылау заңын таныстырып, бірқатар мәселені ортаға салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң күшіне енгеннен кейін қарсылықтар болады. Ешкім өзінің кемшіліктерін көрсеткісі келмейді. Біз әлі де таза және ашық жұмыс істеуге үйрене алмай келеміз. Бұл жерде өте жоғары мәдениет болу керек. Барып тексеретін адамдар да және сол тексерілетін нысандардың да қызметкерлері бірге жұмыс істеу қажет, – дейді депутат Еділ Жаңбыршин. 

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарды тексерген кезде, онда жұмыс істейтін жұмысшылар мемлекетке халықтың салығынан қызмет етіп отырғандықтан, тескеріс жүргізуге барған азамат халықтың қаржысының қайда кетіп жатқанын және әл-уақатын көтеруге қандай шешімдер қабылдағанын көруге міндетті екенін тілге тиек етті.

Мүдде қақтығысынан бөлек, қоғамдық тұрақтылық тақырыбына келген кезде, бізде реттелген бір рәсімделген нормалар бар. Ең негізгі мәселе қазір заң бар. Заңның аясында талап та қоя алады, экспертизаны да өткізеді және оның жауапкершілігі мен қабылданатын шешімдер де басқаша болады деп ойлаймыз, – деді мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова. 

Депутаттар мемлекеттік органнан бөлек, Президент әкімшілігіне дейін аталған заңның нормалары талқыға салынғанын айтты. 

Нормаларды қабылдау кезінде құқық қорғау органдары қарсылық көрсеткісі келді. Бұл жағынан депутаттар да табандылық танытты. Осы нормалардың заңда қалуына септігін тигізген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың да рөлі зор. Алғашқы қадам жасалды. Енді бұл заңға эксперимент жасалады, – деді Еділ Жаңбыршин.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: