«Біз не береміз?» Шыңғыс Мұқан Қытайдағы қазақ жастары Қазақстанға неге қызықпайтынын айтты

7 Тамыз 2023, 12:31 1178

Қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан қандастардың елге оралуға неге құмартпайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Тіпті қазір атажұртына оралған азаматтарға берілетін білім гранттары да толық игерілмейді.

Оқи отырыңыз:

Осыдан шамамен 20 жыл бұрын, «Жас алаш» газетінде істейтін кезімде, шетел қазақтарын көшіріп алсақ, халқымыздың саны күрт көбейіп шыға келмей ме деп ойлайтынмын. Осы мәселе алаңдататын. Ол кезде жиырмаға да толмаған аңғал кезім. Енді бүгін…

Кеше «Отандастар» қорының басшысы Абзал Сапарбекұлының пікірін көзім шалып қалды. Қандас жастарға жылда білім гранты бөлінеді. Жастарға зор мүмкіндік секілді, бірақ берілген грант толық игерілмейді (Оның себебі не болса да, қалай болса да, басты мәселе – шетелден ағылған қазақ жастары аз). Қазір мені осы сұрақ алаңдатады, - деді ол.

Бұрынғы шенеунік көштің сейілгенін, жағдай да біраз өзгергенін жазды. Әсіресе Қытайдан келетіндер саны азайған, себебі экономикасы көш ілгері тұрған Аспан асты елінің халқын Қазақстанның қызықтыруы қиын. Одан қалды білім деңгейі де жоғары.

Басқа шетелдің қазағына Қазақстан қызық шығар, бірақ қазір Қытайдағы қазақ жастарына Қазақстан аса қызық бола қоймас деп ойлаймын (Қателессем, түзетіңіз, мүмкін аса білім-білігі жоқ немесе аса ұлтжанды жастар мен қытайланып кетуден қорқатын отбасылар келер) Қазір Қытай экономикалық тұрғыда әлемнің орталығына айналды. Қытай – мүмкіндіктер елі. Университеттері де әлдеқайда мықты. Дүниенің мен деген корпорацияларының барлығы сонда жұмыс істейді. Ал бізде не бар? Біз не береміз? Құрылыс істеуге Кореяға немесе қарға қууға Англияға аттандырамыз ба? – деді Мұқан.

Шыңғыс Мұқан Қытайды Америка Құрама Штаттарымен салыстырады, тиісінше мұндай елден болашаққа үмітпен қарайтын жастардың кетуі де екіталай. Тіпті жергілікті қазақтар арасында да шетелге көшуді ойлайтындар көбейген тұста, қандастарымызды Қазақстанға әкелу күрделі мәселе екені айтпаса да түсінікті.

Меніңше, қазір Қытай – жаңа Америка. Айталық, АҚШ-тың латын континентіндегі көршілері Құрама Штаттарға жетіп алуды армандайды, сол үшін тілін үйренеді, сонда қажет мамандықты игереді, ал АҚШ-тан өз еліне асыққан латынамерикалықтарды екі жыл сонда тұрғанымда көрмеппін. Іштегі іскер жастар шетелге көз қырын салып жүргенде (кімнен сұрасаң да, әйтеуір шетелге кеткен біреуі бар), сырттағы қазақ жастары ішке асыға қояр ма екен?.. Шетел қазағы қазақ еліне қоныс аудару үшін не істемек керек? – деді ол.

Бұған дейін Шыңғыс Мұқан Ақкенттегі өртке байланысты пікір білдірген болатын

Мадина Асылбекова
Бөлісу: