"Біз біле бермейміз". Спортшылардағы депрессияның себептері

14 Қараша 2023, 15:30 6996

Жақында «Бернли» клубының шабуылшысы Лайл Фостердің не үшін еш себепсіз кейбір матчтарды өткізетінінің себебі анықталды. Бұған дейін жанкүйерлер арасында футболшының жарақаты жоқ бола тұра ойындарға қатыспайтыны қызу талқыға түсті. Анықталғандай, ол психикалық ауытқуға ұшыраған және қазіргі таңда мамандармен жұмыс істеп жатыр.

23 жасар ойыншы командасының соңғы үш ойынын өткізіп алған болатын. «Бернли» басшылығы Фостердің ауруына байланысты мәлімдеме жасады.

Бізге Лайл келіп өзінің психикалық ауытқуға ұшырағанын жайлы айтып, көмек сұрады. Қазіргі таңда ол мамандардың бақылауында. Жиырма төрт сағат бойы жанында адамдар бар. Оған қажетті көмек пен қолдау көрсетіп жатырмыз. Фостер біз үшін маңызды ойыншы. Дерттен айығып, тез қатарымызға қосылғаныны тілейміз – деді клуб басшылығы.

Зерттеулерге сүйенсек, соңғы жылдары спортшылардың арасында психикалық ауруларға шалдыққандар қатары көбейген. Статистика бойынша, әрбір үшінші спортшының жеке басында қиындықтар туындап, солардың әсерінен психикалық ауытқуларға ұшырайды екен. Ғалымдардың айтуынша, депрессияға түсуде биологиялық ерекшеліктердің атап айтқанда, эндогендік сипаттағы, ген арқылы тұқым қуалаушылық әсер етеді. Мысалы, әке-шешесінің қаны арқылы адамға психологиялық ауытқулар туа бітеді. Бірақ, бұл басты себеп емес. Одан бөлек, ойыншының мансабын құртатын жарақаттар, әсіре көп жаттығулар, ұйқының бұзылуы, мансабын аяқтау және ішімдік секілді факторлар. Өйткені, көп спортшы бұндай өзгерістерге психологиялық тұрғыдан дайын емес.

Спортты әлемді жаулап алған бұқаралық мәдениет деп алсақ болады. Спорт – жаһан жандарын біріктіретін бір иммунитет секілді. Ал, оның ішінде футбол - ең танымал түрі. Әлем халқының 4,1%-ы ала доппен кәсіби түрде айналысады. Футболдың жылдан жылға қарқын алып, одан әрі танымал бола түсуі мен маркетингт тұрғысынан оның үлкен коммерциялық жобаға айналып бара жатқаны медицина жағынан бұл саланы жоғары деңгейге көтерді десек қателеспегеніміз. Ала доп айналасында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жаңалықтар ашылып жатқаны соның дәлелі.

Соңғы жылдары кәсіби спорттағы психикалық денсаулықтың маңыздылығы артты. Әр спортшының жеке басында түрлі жағдайларға байланысты маусымдық аффективтік бұзылысқа (САД), биполярлық депрессияға және негізгі депрессиялық өзгерістерге (PDD) ұшырап жатады. Егер, мамандардың көмегіне жүгінбей, өз бетімен шаралар қолданғандардың ауруы асқынып, қысқа мерзімді депрессияны хроникалық яғни тұрақты депрессиялық ауытқуға дейін ушықтырып алуы мүмкін.

Депрессия салдары адамды: көңілсіздікке, тәбеттің жойылуына, ұйқы режимінің бұзылуына, өмірлік мақсатты жоғалтуға, әр нәрсеге өзін кінәлі сезінуге, энергияның болмауына, еш нәрсеге зауқының соқпауына және концентрация мен фокустың жоғалуына алып келеді.

Ұзақ мерзімді депрессияда адам ауруға шалдығып, ең қиыны тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Адам соматикалық депрессия әсерінен салмақ тез артуы не азаюы, ұйқысыздық, тез шаршау, жындану сосын әрекетсіздікке ұшырайды. Оған қоса, бұл ауытқуға ұрынған жанның кәсібилігі мен шеберлігі адам танымастай деңгейге төмендейді. Яғни, еңбекке жарамсыздықтың да туу салдары басым.

«Journal of novel Physiotherapie» басылымының зерттеу нәтижесі: Футболшылардағы депрессияның негізгі себебі қандай?

Психологиялық түрде дайын болмау

Депрессияның психологиялық себептері – адамның ойлау жүйесі мен психикалық жағдайы. Депрессияға биологиялық имуннитеті бар адам өмір бойы қиындықтарды жеңіп жүреді. Өйткені, оның миында өз көңілін көтеретін, ағзаны инстинкті түрде қауіптен қорғайтын гормондар бөлінеді. Олар, өміріндегі ыңғайсыз, ауыр жағдай кезінде мұңға салынбауға көмектеседі. Әрине, бұдан бөлек, спортшыларға жақындарының сенімі мен жанкүйерлердің қолдауы қажет. Сол кезде ғана, ойыншы қиындықтарға психологиялық тұрғыда төтеп беруге дайын болады.

Қысым мен стресс

Футбол секілді командалық спорт түрлерінде ойыншылар жаңа команда таңдаудан бастап стресске ұшырайды. Таңдаудын дұрыс-бұрыстығының себебін ойлаудан шығады. Бұған негізгі құрамға ену үшін жүретін күрес, жаңа ортаға адаптация, бапкер мен әріптестердің пікірі, ойын кезінде жіберген қателіктердің жиі ойлау кіреді. Әр ойыннан кейін сұрақтарымен сынға алатын БАҚ өкілдері тағы бар.

Футбол - жаһандық спорт түрі. Ойыншылар сүйікті ісімен кәсіби деңгейде айналысу үшін туған қалаларын тастап, басқа қалаға, өзге елге немесе жаңа континентке көшуі тиіс. Әр футболшы мансабында кем дегенде 2 клуб ауыстырады. Бұл дегеніміз, спортшылар уақытының көп бөлігін жаңа қалада, ортада, отбасыларынан және достарынан жырақ өткізеді. Кейбір жағдайда олар отбасыларын өзімен бірге алып жүреді дегеннің өзінде футболшыларда сырт алаңда ойнайтын матч деген түсінік бар. Яғни, аяқ доп шеберлері әр апта сайын іс-сапарға шығуға мәжбүр. Психологиялық имуннитеті қалыптаспаған жас дарындарға жиі жыраққа шығу депрессияға түсіруі мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, көп мекен ауыстыру - депрессияға алып келетін жолдардың бірі.

Жарақат

FIFpro зерттеуі бойынша, мансабында үш немесе одан да көп ауыр жарақат алған кәсіби футболшылар, ауыр жарақат алмағандарға қарағанда өздерінің психикалық ауытқу мәселелері туралы жиі шағымданады.

Ойын үстінде орын алатын соқтығыстар мен ауыр жарақаттардың кесірінен мидың шайқалады. Ал, бұл – депрессияға алып келетін қауіпті факторлардың бірі. Сол үшін де, спортшылар Альцгеймер және Паркинсон синдромымен жиі ауырады. Жалпы, мидың шайқалуы депрессияға, шаршауға, көңіл-күйдің бұзылуына әкеледі.

Жарақаттың депрессияға айналатыны секілді, депрессияның жарақатқа айналатыны тағы бар. Депрессия когнитивті, соматикалық және психомоторлық қабілеттер мен функцияларды төмендетеді. Қабілетін жоғалтқан ойыншы, жасыл алаңда жылдамдығын, күшін және төзімділігін жоғалтады. Бұл өз кезегінде жарақат алу ықтималдылығын арттырады.

Шамадан тыс жаттығулар әсері

Ойыншылар маусымның басын демалыстан кейінгі керемет әсермен бастайды. Бірақ, зерттеу нәтижелері көрсеткендей маусымның бел ортасына келгенде қиындықтарға тап болып, көңіл-күйлерінде өзгерістер жиі орын алады. Себебі түсінікті. Талап етілетін физикалық ауыр жаттығулар. Айта кетейік, бір маусым 9-10 айға дейін созылады. Яғни, шамадан тыс шаршау, қажу депрессияны тудырады. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар. Медицина саласында дәлелденгендей баланс сақталып, жасалған жаттығулар керісінше, депрессиядан құтылуға көмектесіп, көңіл-күйдің жақсаруына ықпал жасайды.

Қазіргі таңда футбол мүлдем демалыссыз ойналатын ойын деп айтсақ қателеспейміз. Әрине, бұл бір жағынан маркетинг тұрғысынан көп пайда түсіреді. Клубтық маусымнан кейін, жылда өтетін халықаралық турнирлер басталады. Бұл спортшылардың демалыс уақыты да санаулы дегенді білдіреді. Аз ғана демалысында аяқ доп шеберлері аталған спорттан демалуға тырысады. Тек физикалық тұрғындан емес, жалпы футболдан дем алады. Сүйікті істерімен айналысып, көңіл көтеру үшін бар жағдайды жасайды. Бұл өте маңызды. Өйткені, адам үшін спорттан тек физикалық демалу ғана емес моральді жақтан да демалу қажет. Егер, олай істелмеген жағдайда адамның жүйкесі жұқарып, депрессияға апаратын тағы есікті ашып беруі мүмкін.

Қартаю

«Journal of novel Physiotherapie» басылымының зерттеу нәтижесі бойынша, психикалық ауытқулар мен аурулардың тең жартысы жасөспірім шақтан бастау алып, орта жасқа (30-35 жасқа) дейін жалғасады. Біз білетіндей, футболшылардың мансабының хронологиясы дәл осы жылдар аралағында өтеді. Мысалы, орта есеппен әр аяқ до шебері 17 жасында мансабын бастап, 35 жасқа келгенде аяқтайды.

Қартаю – бұл табиғи құбылыс. Жылдар өткен сайын адам денесіндегі ағзаларда өзгеріске ұшырайды. Қартайған сайын адам жас күніне қарағанда баяу бола бастайды. Алайда, бұны қабылдай білмейтіндер де жетіп артылады. Мысалы, физикалық құлдырауға ұшырау мен әлсіреуді көп ойыншылар қабылдағысы келмейді. Негізгі құрамдағы орын үшін жас буыннан жеңілу кейбір спортшылар үшін ауыр соққы. Соның кесірінен, өзіне деген сенімсіздік, мазасыздыққа ұшырап, соңында депрессияға түсуі ықтимал.

Мансаптың аяқталуы

FIFpro зерттеуі нәтижесі көрсеткендей, мансабы аяқталған ойыншылардың басым бөлігі депрессияға ұшырайды. Ұсынылған сандар бойынша, зейнетке шыққан 219 кәсіби футболшының 11%-ы темекі өнімдерін, 24,6%-ы алкогольді ішімдіктерді тұтынса, 28,2%-ының ұйқысы бұзылып, 18%-ы күйзеліске түскен. 35%-ы өздерінің депрессияда екенін мойындаса, 65%-ы зиянды тағамдарды тұтынудан семіздікке ұшыраған.

Ұйқының бұзылуы

Ұйқының бұзылуы – депрессияның нәтижесі. Бірақ, кейбір жағдайда ұйқысыздық депрессияға ұшыратады. Өйткені, нашар ұйқы үнемі шаршап жүруге алып келеді. Өз кезегінде, ұйқының жетіспеушілігі энергияның төмендеуіне, көңіл-күйдің бұзылуына, соның кесірінен адамдармен қарым-қатынастың нашарлауының себебі болады. Сондықтан да, ұйқының бұзылуы да депрессияға әкелуі мүмкін.

 Алкоголь

Алкогольді ішімдіктерді тұтыну – бірқатар футболшыларға тән іс. Ал, мұндай зиянды нәрселерді шамандан тыс қолдану тәуелділікке әкеп соқтырады. Мұндай жағдайлардың жақсылыққа апармайтыны баршаға белгілі.

Қорытынды

Сандарды сөйлетсек, депрессияға ұшыраған адамдардың 10%-ы өз-өзіне қол жұмсайды. Футбол тарихында депрессияға ұшыраған ойыншылар туралы мысалы жетерлік. Бұл дегеніміз – жоғары жалақы алып, материалдық жағдайы жақсы адамдардың да депрессияға ұшырайтынының дәлелі. Сондықтан, әрбір адам қолдау мен сенімге, қамқорлық пен мейірімділікке зәру.  Оның маңыздылығы жоғары. Біз біле бермейміз, бірақ,  «байлар да жылайды, байлар да үнемдейді».

Равиль Ашығали
Бөлісу: