Биылғы жазда ауа райы қандай болады

17 Мамыр 2023, 17:25 1022

Консультативті болжамға сәйкес 2023 жылы жазда республиканың басым бөлігінде температуралық фон нормадан жоғары, тек солтүстік аймақтарда норма шамасында күтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазгидромет мәліметінше, республиканың солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жартысында фронтальді бөліктердің өтуімен және Солтүстік теңіз ауданынан келетін суықтың әсерінен ауа температурасының күндіз +30+38°С-ден +15+20°С-ге дейін ауытқуы мүмкін, ал еліміздің оңтүстік-батыс жартысында жекелеген күндері термометр бағаны +40+45°С-ге дейін жоғарылайды деп болжанады. Ыстық күндер нөсер жаңбырлы қатты желмен, найзағайлы салқын күндермен ауысып отырады.

Жаздың алғашқы айы – маусым республиканың басым бөлігінде ыстық болады деп күтіледі, орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары, еліміздің солтүстігінде, солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстік-шығысында норма шамасында болжанады (норма: республиканың басым бөлігінде +18+23°С, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында +24+28°С, республиканың оңтүстік-шығыс, шығысындағы таулы аймақтарында +7+17°С).

Шілде – жаздың ортасы, республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы норма шамасында, Казақстанның оңтүстік аймақтарында нормадан 1° жоғары күтіледі (норма: республиканың басым бөлігінде +18+24°С, еліміздің оңтүстік жартысында +25+30°С, республиканың оңтүстік-шығыс, шығысындағы таулы аймақтарында +9+17°С).

Жаздың соңғы айы – тамыз еліміздің басым бөлігінде ыстық болады деп күтіледі, орташа ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, тек республиканың солтүстік-батыс жартысында норма шамасында болжанады (норма: республиканың басым бөлігінде +20+28°С, еліміздің солтүстік-шығыс жартысында +16+19°С, республиканың оңтүстік-шығыс, шығысындағы таулы аймақтарында +11+15°С).

Жауын-шашынға келетін болсақ, жалпы республиканың басым аймақтарында жазда жауын-шашынның жетіспеушілігі байқалады. Жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында күтіледі:

маусым айында – солтүстік-батыста, солтүстік-шығыста, оңтүстік-шығыста және оңтүстіктің таулы аймақтарында (норма: республиканың басым аймағында 25-49 мм, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында 1,7-24 мм, солтүстіктің жекелеген аймақтарында және республиканың оңтүстік-шығыс, шығысындағы таулы аймақтарында 51-155 мм);

шілде айында – республиканың солтүстік-батыс бөлігінде (норма: республиканың басым аймағында 25-49 мм, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында 1,4-24 мм, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық, шығыстың жекелеген аймақтарында және республиканың оңтүстік-шығыс, шығысындағы таулы аймақтарында 50-84 мм);

тамыз айында – Казақстанның солүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарында (норма: республиканың басым аймағында 1-24 мм, еліміздің солтүстік-батыс, шығыс, оңтүстік-шығысында 25-49 мм, республиканың солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығысының жекелеген аймақтарында 50-63 мм).

EL.KZ
Бөлісу: