Жыл басынан бала туу және оның күтімі бойынша 150 мыңнан астам жәрдемақы SMS арқылы рәсімделді, – деп хабарлайды El.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметіне қарағанда, бұл 2021 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Әлеуметтік саладағы ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі – бала туу және оның күтімі бойынша төленетін жәрдемақыларды ресімдеу. Бала өмірге келгеннен кейін оның анасына жәрдемақы алуға өтініш беру туралы SMS-хабарлама келеді.
Бұл хабарламаға оң жауап беріп, жәрдемақы төленетін банктің шот нөмірін көрсету керек. Ары қарай бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар проактивті түрде ресімделетін болады. Бұл қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу керек.
Осылайша, 2022 жылдың бес айында бала туу және бала күтімі бойынша 152 298 мың жәрдемақы рәсімделді, бұл 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есе көп (66 894 мың). Айта кетейік, бала туу бойынша жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты. Бірінші, екінші және үшінші баланың тууына байланысты жәрдемақы – 120 840 теңге (2022 жылы 38 АЕК), одан кейінгілеріне – 200 340 теңге (63 АЕК).
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы көлемі:
Бірінші балаға – 18 317 теңге (5,76 АЕК);
Екінші балаға – 21 656 теңге (6,81 АЕК);
Үшінші балаға – 24 963 теңге (7,85 АЕК);
Төртінші және одан көп балаға – 28 302 теңге (8,90 АЕК). Еске сала кетейік, бұдан бұрын жер телімдерін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімдеуге болатынын жазған едік.