Бұл туралы Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері форумында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Соңғы жылы зорлық-зомбылық құрбанына айналғандар көп. ҚР ІІМ хабарлауынша, биылғы жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мың дабыл түскен. Олардың көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы және Қарағанды, Павлодар, Қостанай облысынан екендігі белгілі болды. Оның 60 пайызы бойынша полиция шара қолдана алмаған. Себебі, жәбірленушілер сол жерге келген кезде өтініш беруден бас тартқан. Заңға сәйкес полиция қызметкері құқық бұзушыларды жауапқа тарта алмайды.
Биыл отбасылық-тұрмыстық негізде 668 қылмыс жасалған. Жыл басынан бері дебоширлерге қатысты 35 мың әкімшілік хаттама жасалса, оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынып, 8,5 мыңына ескертпе және 675-іне айыппұл салынды.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілі Эльвира Әзімова осыған қатысты бүгінде министрлік 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Отбасылық зорлық-зомбылық бұл қазіргі таңда елімізде өте өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Қазір әлеуметтік желінің өзінде мұндай ақпарат тез таралуда. Мұны көрген кез келген адамның көкейінде сауал бар. Неге мұндай жағдай жиі орын алуда? Мұның себебі қандай? Неге шара қолданбайды деген сияқты көп сұрақ туындайды. Мұның әртүрлі себебі бар. Бірі отбасылық кикілжің болса, енді бірі басқа жағдай болуы мүмкін. Осыдан бір ай бұрын ішкі істер министрлігі мәлім еткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мың дабыл түсті. Бірақ полиция қызметкері оқиға орнына барған кезде олардың 60 пайызы арыз-шағым беруден бас тартады. Сондықтан да бүгінде зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға 57 дағдарыс орталығы көмек көрсетуде. Жыл басынан бері полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталығына жіберді. Оның ішінде 2 мыңнан астамы уақытша баспанаға орналастырылды. Бірақ олар әріқарай өміру сүру керек», – деді ол.
Сондай-ақ, сарапшы 2022 жылдың 10 айында барлығы 167 997 қылмыстық құқық бұзушылық болғанын, оның ішінде әйелдерге қатысты 53 794, кәмелетке толмағандарға 1 833, отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты 750 іс тіркелгенін атап өтті. Мұндай жағдайда баланың да рөлі зор екенін айтты.
«Отбасылық-зорлық зомбылық болға жағдайда бала 10 жасақ толғанда сот баладан ой-пікірін сұрайды. Яғни, ажырасатындай жағдай туындаған кезде кіммен қалатыны туралы баланың көзқарасын біледі. Сол себепті, 10 жасқа толғанда оларға өз құқығын және міндеттемелері жөнінде білім беру қажет. Қазіргі кезде балаға қоғам, адам құқығы, мемлекет туралы қосымша сабақ береміз ғой. Соның ішінде отбасылық құндылық туралы көбірек миына құю керек. Қанымызға сіңген құндылық пен дәстүрден бала көп суысындаса, бұл мәселе оларға қиынға соқпайды. Балаға әр адам өзінің отбасылық тәжірибесінің жақсы тұсымен бөлісіп отырса, жақсы білім мен көзқарас дұрыс қалыптасады», – деді.
Адам құқықтары жөніндегі Уәкілі Эльвира Әзімова келесі жылы алты айдың ішінде бұл мәселеге қатысты альтернативтік баяндама жасап, БҰҰ-на ұсынатынын жеткізді.
«БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан 2022-2024 жылдарға арналған Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі күн тәртібімен адам құқықтары жөніндегі кеңестің (МӨС) мүшесі болып сайланды. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссиясының жұмысына белсенді қатысады, ол әйелдердің құқықтарын қорғау және ілгерілету жөніндегі халықаралық стандарттардың орындалуын қарайды. БҰҰ-ның ережесі бойынша қоғамдық немес ұлттық қорғау ұйымы мемлекеттік баяндамадан бөлек, альтернтаивтік баяндама жасауы мүмкін. Сол себепті, осы конференцияда әріптесімізбен келесі жылы баяндама жасау туралы келісімге келдік. Бүгінде бизнестегі әйелдерге байланысты қоғамдық эксперттік ұйым бар. Осы және басқа да қоғамдық ұйыммен бірігіп баяндама жасайтын боламыз. Тек қана мемлекеттің ойын ғана емес, өзіміздің пікірімізді, мониторинг негізінде жасалған ақпаратымызды осы баяндамаға енгіземіз. Бізге әртүрлі жағдаймен көмекке зәру жандар жиі хабарласады. Оларға кеңесімізді береміз және қоғамдық ұйымға сүйенеміз», – дейді адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова.