ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің төрағалығымен «Республикалық маңызы бар жолдарды қадағалау» тақырыбында онлайн жиын өтті, деп хабарлайды El.kz
Биылғы жылы республикалық маңызы бар жолдарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге 80 млрд теңге бөлінген.
Сарапшылардың қатысуымен өткен жиында жолдардың қысқы кезеңге дайындығы мен техниканың жетіспеушілігі, қараусыз жайылатын малдардың жүргізушілерге туғызатын қиындығы, жолдардың сапасы мен күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер қозғалды.
Бүгінгі таңда қысқы кезеңге техниканың дайындығы 74 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш қыс түскенше 90 пайызға дейін жететін болады.
«Қазавтожол» қысқы кезеңге дайындық жоспары бойынша тайғақ жолдарға төсеу үшін 23 мың тоннадан астам тұз дайындамақ. Ал қажетті 70 мың тоннадан астам құмның, қазіргі кезде 11 мың тоннадан астамы дайындалған.
Сондай-ақ қысқы кезеңге жанар май, дизель отыны, елеу сынды басқа да қажетті материалдар дайындалуда. Жалпы 1026 техника дайын тұр.
Комитет төрағасы бұл мәселе бойынша алғашқы қар жауғанда техникалардың сақадай сай болуын, қандай да бір мәселе туындамауын тапсырды.
Бұдан бөлек жиында жолдардың сапасы туралы да сөз қозғалды. Бүгінде Қызылорда–Ақтөбе шекарасы қиылысынан басталатын автожолдың сапасы сын көтермейді. Салынғанына бір жыл өтпей тозығы жетіп, жарамсыз болып қалған.
Бұл шағымға қатысты басқарма төрағасы жауапты кәсіпорындарды сынға алып, үздіксіз жұмыс істеуді, сапалы жол салуды, уақытында аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ «Макинск-Ақсу-Торғай» республикалық жолдарына қатысты мәселе талқыға түсті. Алайда бұл жол тораптарын күрделі жөндеу жоспарда жоқ болып шықты.
«Жалпы ұзындығы 270 км болатын бұл жол тек ағымдағы жөндеумен келе жатыр. Тек шұңқырлар ғана тегістеледі. Биыл күрделі жөндеуге қаражат бөлінбегендіктен, келесі жылға қалдырып отырмыз. Қазір бірқатар қолданыстағы жобалар бар. Бірінші кезекте соларды аяқтауымыз керек», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Онлайн кеңеске жауапты ведомстволық ұйым басшылары мен сарапшылардан бөлек блогерлер мен жүргізушілер де қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Жүргізушілердің айтуынша, жолға шығып кеткен малдың кесірінен жол апаты жиілеген. Алайда, ол жануарлардың иесін табу мүмкін емес. Себебі, көбі чиптелмеген. Соның салдарынан шығынның барлық ауыртпалығы жүргізушілерге түседі.
Бұл мәселеге қатысты басқарма төрағасының орынбасары мұндай жағдайларға әкімшілік жаза қарастырылатынын, алайда иесін табуда расында да қиындықтың барын айтты. Жыл сайын жануарлардан қорғану үшін жол бойына қоршаулар қойылады. Биыл 400 шақырымнан астам қоршау Қызылорда және Маңғыстау облыстарында қойылған.