Биыл жол апатынан зардап шеккендер саны екі есеге өсті

18 Қараша, 10:09 360
 
Қазақстанда биыл жол апатынан зардап шеккендер саны бірден екі есеге өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Energyprom.kz ақпаратынша, Қазақстан Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында жол апаты салдарынан 29,5 мың адам зардап шеккен. Бұл цифр тіпті соңғы жылдардағы жылдық көрсеткіштен де асып түсті. 2023 жылдың он айында апаттан зардап шеккендер екі есеге аз болды: 14,5 мың адам.

Қаңтар-қазан айларында қайтыс болғандар саны да өсті: 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,9 мың адаммен салыстырғанда 2,1 мың адам. Оған апаттың көбейіп кетуі себеп.

Қаза болғандардың көбі Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында: 736 адам немесе жалпы өлім-жітімнің 35 пайызы. Адам өліміне әкелген жол апаттары Астанада ең аз тіркелді.

Жүргізушілер жарақат алған немесе қаза болған жол апаттарында 86% жағдайда ер адамдар зардап шеккен. Көбінесе (79% жағдайда) бұл жас немесе орта жастағы ер адамдар (18-ден 49 жасқа дейін). Жүргізушілер зардап шеккен немесе қаза тапқан жол апаттарының 3%-ында кәмелетке толмағандар көлік жүргізген.

Жарақат алған немесе қаза тапқан жолаушылар көбіне әйелдер (61%) болды. Жол апаттарынан зардап шеккен және қаза тапқан жолаушылардың төрттен бірі балалар: биылғы жылдың он айында – 2,4 мың адам.

2024 жылдың қаңтар-қазан айларында жүргізушілер 8,3 мың рет жаяу жүргіншілерді қаққан. 34% жағдайда балалар, ал 48% жағдайда 18 бен 49 жас аралығындағы ересектер жарақат алды немесе қаза болды.

Айтпақшы, жол апатына 3% жағдайда ғана жаяу жүргінші кінәлі. 8% жағдайда кінәлілер оқиға орнынан қашып кетеді. Қаңтар-қазан айларында 480 мас жүргізуші жол апатын жасаған. Жол апатына кінәлілердің ішінде мұндай жүргізушілердің үлесі 2,2%-ды құрады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: