Биылғы сайлау – саяси жүйені қайта жаңғыртудың бастауы

5 Қазан 2022, 13:05 1463

Алдағы сайлау халықты біріктіруге бағытталған.

Қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауы көптеген сарапшының талқысына түсуде. Бұл тұрғыда жастардың да өз айтары бар, деп хабарлайды El.kz

Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды басқарып отырғанына үш жылдан асты. Осы аралықта елімізде түрлі өзгерістер орын алды. Сондықтан Президент сайлауын соңғы үш жылда жүзеге асқан барлық саяси реформалар тұрғысынан қарастырған жөн деп санайды Торайғыров университетінің саясаттану ғылымдарының магистранты Дәурен Ғазиз.

«Дәлірек айтсақ, 2019-2022 жылдары Президенттің саяси бастамаларының өте үлкен пакеті заңнамалық деңгейде іске асты. Енді қазір сайлау арқылы аталған реформаларды нақты орындау, оны бекіту кезеңі басталды. Бірінші кезеңде біз Конституциялық реформа өткіздік, референдумда Ата Заң 30 пайызға жаңарды. Осындай үлкен өзгерістерден кейін Президент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау маңызды. Осылайша, Президент және Парламент сайлауын кезең-кезеңімен өткізу арқылы біз ең алдымен, еліміздің саяси жүйесін қайта жаңартамыз», - дейді.


Сондай-ақ, сарапшы қоғам болған соң түрлі пікірдің айтылуы заңдылық деп есептейді.

«Қазіргідей алмағайып кезеңде кезектен тыс сайлау өткізудің қажеті қанша» деген пікірді де арагідік естіп қаламыз. Меніңше, үш жылда атқарылған ауқымды жұмыстар мен жүргізілген түрлі реформалардан кейін сайлау өткізіп, елдің алдағы бағыт-бағдарын тағы бір айқындап алатын уақыт жетті. Сондықтан ел тұрғындары алдағы саяси шараға бір адамдай жұмыла атсалысуы керек», - деді.


Бұдан бөлек, ол мемлекет үшін ең бастысы бірлік керек екенін айтады.

«Өз тарихында «бірлік керек» деген сөзді қазақтан көп айтқан ұлт жоқ шығар. Дәл осы сөзді қазір де айтуға тиіспіз. Өйткені, мемлекет үшін бірлік бізге ауадай қажет. Алдағы сайлау халықты біріктіруге бағытталған. Бүгінгі әлемде қалыптасқан жағдайды қаперге ала отырып, азаматтарымыз болашақтағы бағытымыз бен нақты жоспарымызды анық түсінуі қажет. Сайлау Конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітіп қана қоймайды, сондай-ақ басқа салалардағы реформаларды жалғастырып, нығайту үшін қажетті уақыт пен сенім мандатын береді. Ал алдағы реформалар ең алдымен әлеуметтік және экономикалық бағытты қамтыры даусыз. Жастардың өкілі болғандықтан, өз қатарластарымды алдағы сайлауда белсенді болуға шақырамын», - дейді Торайғыров университетінің саясаттану ғылымдарының магистранты Дәурен Ғазиз.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: