Биыл терроризмге қатысы бар 26 адам сотталды

12 Маусым, 22:53 464

12 маусымда ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Шетелдік радикалдардың ену қаупін жою, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау мәселелері қаралды.

Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы Мәдениет және ақпарат, туризм және спорт, ағарту министрліктерінің және бірқатар өңірлердің басшылары тыңдалды.

Отырыста елдегі маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту шаралары талқыланды.

Сонымен қатар, ҰҚК биылғы жылдың басынан бастап Қазақстанда 1 террорлық шабуылдың алдын алып, 26 адам террористік және экстремистік қызметі үшін сотталғаны атап өтілді.

Экстремизм мен терроризмге қатысы бар 151 шетелдік азаматтың елге кіруіне жол берілмеді. Республикаға тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелгені үшін 19 шетелдік жауапқа тартылды.

Сондай-ақ 356 терроризмге қарсы оқу іс-шаралары өткізілді.

ІІМ және ҰҚК күштерімен террористік тұрғыдан осал объектілерді, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындарды 3 мыңнан астам тексеру жүзеге асырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер қабылданды.

Зарина Арман
Бөлісу: