Солтүстік Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қолжетімді ету бойынша кешенді шаралар басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, шілде айында Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылады деп күтіліп отыр.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтерген нысанда: қасбетті қаптау, едендерді төсеу, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді тарту сияқты негізгі жұмыс атқарылды. Мектеп соңғы техникамен және білім беру стандарттарымен жабдықталады. Мұнда физика, химия, биология және информатика бойынша жаңа модификациядағы оқу кабинеттері, STEM-зертхана, робототехника сыныптары, практикалық сабақтарға арналған шеберханалар, кең спорт залдары болады, - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
2025 жылы СҚО-да 4,5 млрд теңгеге 40 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Оның ішінде 30 мектеп, 2 балабақша және 4 колледж бары айтылды.
Сондай-ақ, 1,9 млрд теңгеге 41 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жүргізіліп, оның арасында 3 балабақша, 19 мектеп, 3 жазғы лагерь, 13 колледж және жетім балаларға арналған 3 ұйым бары көрінеді.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа интерактивті панельдер, компьютерлер, оқулықтар, жылыту қазандықтары, мектептерге, балабақшаларға, кітапханалар мен колледждерге арналған жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар, пәндік кабинеттер, сондай-ақ мектеп асханалары мен колледждерге жабдықтар сатып алынбақшы.