Биыл шетелде демалған қазақстандықтар саны көбейді

8 Қыркүйек 2022, 10:13 1306

Сондай-ақ 2022 жылдың бірінші жартысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елге келген туристер саны көбейді

Қазақстанда жыл басынан бергі алты айда 2,8 мың адам шетелге демалуға барған, деп хабарлайды El.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

«2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 814 мың адам шетелге демалысқа шықты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 109,7%-ға көп», – делінген мәліметте.

Алайда бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жетпейді. Мысалы, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда тұрып жатқан 4,9 млн адам шетелде демалған.

«Сондай-ақ 2022 жылдың бірінші жартысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елге келген туристер саны көбейді. Көрсеткіш 132,5%-ға артып, 1 284 мың адамды құрады», – делінген статистикалық ақпаратта.

Мұнда да карантинге дейінгі көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болған. Атап айтқанда, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 3,8 млн турист келген.

«Ішкі туризм бойынша 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда демалыс орындарына барушылар саны 26,8%-ға артқан. Биылғы қаңтар-маусым айларында ел ішінде демалғандар саны 2 679 мың адамды құрады.

Айта кетейік, бұл көрсеткіш 2019 жылдың деңгейіне қайта оралып отыр.

Бірінші жартыжылдықта курорт аймақтарына 1167,8 мың ішкі және 166,6 мың сырттан келген демалушы барған», – деді Ұлттық статистика бюросынан.


Бөлісу: