Биыл «Самұрық-Қазына» Қоры әлеуметтік дивидендтер көлемін ұлғайтады

6 Қазан 2023, 12:16 1833

Бүгінде ел экономикасына серпін беретін бірқатар ірі жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірегейі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған және сол жобалардың іске асырылуына себепкер болған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Мират Өтеповпен сұхбаттасып, Қордың әлеуетімен және жаңа мүмкіндіктерімен танысып қайтты.

Алдымен Мират Маратұлы Қордың өткен жылғы қаржылық көрсеткішіне тоқталды. Айтуынша 2022 жылдың көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. 2022 жылы максималды түрде акционерлік қоғамның қазынасына 1,9 триллион теңге таза табыс түскен.

2021 жылы бұл көрсеткіш 1,6 триллион теңге болса, өткен жылы жақсы көрсеткішке жетуіміздің бірден-бір себебі – бұл өндірістік көрсеткіштердің артуы және мұнай бағасы. Бәріңіз білетіндей, мұнайдың орташа бағасы жыл бойы 100 доллар шамасында болды, – дейді.

Бұдан өзге ҚТЖ-ның жүкті тасымалдау көлемі де артқан және Телеком қызметтері және энергетика өндіру ұйымдарының қызметі әрдайым сұраныста болса, уран өнімдерінің де тигізіп жатқан оң әсері барын және бұл Қор тобының пандемиядан кейінгі 2022 жылғы көрсеткіштері екенін атап өтті.

2023 жылдың жарты жылдығының таза кірісіне тоқталсақ. Ұлттық Қор тағы да жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 974 миллиард теңге болса, қазір бірінші жартыжылдық бойынша  1 триллион 30 миллиард теңге шамасында таза кіріс бар.

Болжам бойынша, жыл соңына дейін,  көрсеткіштер төмендеуі мүмкін. Себебі қазір, өздеріңіз білетіндей, мұнай бағасы төмендеп жатыр. Өткен жылы газ өнімдері экспортқа шығарылған болатын. Қазір ішкі сұраныстың ұлғаюына байланысты газдың көлемі тек ішкі сұранысты қамтамасыз етуге кетеді. Осы жылдың таза кірісі өткен жылдың көрсеткішінің деңгейінде қалады деп болжап отырмыз. Десе де, қазір мұнай және басқа табиғи өнімдердің бағасының қалай болатынын әлі де болжау  қиын, – дейді спикер.

Мұнай бағасы мен экспортқа шығарылатын газ көлемінің азаюы Қорға теріс ықпалын тигізуде. Соңғы екі жыл аралығында Қорға қарасты компаниялардан қанша дивиденд аударылды?

Иә, бұл жерде өсім бар. Өткен жылы 493 миллиард теңге дивиденд жинадық. 2021 жылы бұл сома 254 миллиард болған. Қор жинаған дивидендтің сомасы екі есе артқан. 493 миллиард теңге дивидендтің 50 пайызын Үкіметке дивиденд түрінде немесе әлеуметтік жобаларға тікелей қаржыландыру арқылы беруіміз керек. Былтыр бұл соманың 302 миллиарды дивиденд ретінде және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға  жолданды. Шамамен осы жылдың соңына дейін 502 миллиард теңге дивиденд жинаймыз деп ойлаймыз, – дейді экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Мират Өтепов.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде өте көп қойылатын сұрақтардың бірі бұл - «Самұрық-Қазынаның» дивидендтері қандай мақсаттарға жұмсалады? Аталған сауалға спикеріміз нақты тоқтала кетті.

Дивидендтік саясат бойынша 502 миллиард жинасақ, соның жартысы Үкіметке дивиденд ретінде төленуі керек. Бірақ бұл жерде Үкімет бір бөлігін республикалық бюджетке, ал қалған бөлігін әлеуметтік жобаны қаржыландыруға жұмсаңыз деп тапсырма беруге құқылы. Әзірге дивидендтің сомасы шешілген жоқ. Бұл шешімнің шыққанын күтіп отырмыз. Оны біздің акционеріміз - ҚР Үкіметі қабылдайды. Жалпы дивидендтер сомасы өткен жылдан кем болмайды деп отырмыз, – деді ол.

Сондай-ақ, Мират Маратұлы қазіргі таңда дивидендтер аясында жүзеге асырылып жатқан  әлеуметтік жобаларды атап өтті. Айтуынша, Астана мен Алматы қаласында екі ірі ғылыми медициналық орталық салынып жатыр. Астанадағы ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы 200 орынға арналған.

Екінші жоба бойынша Алматы қаласында ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы  салынып жатыр. Бұл – 350 орыннан тұратын, арнайы зертханасы бар мекеме. Яғни, инфекциялық ауруларға  төтеп бере алатын мүмкіндігі бар орталық болады. Аталған жобалар пандемиядан кейін Президент тапсырмасы аясында атқарылып жатыр. Бұдан басқа, биыл Астана қаласында перинаталдық орталық салу жоспарда бар. Бұл – жергілікті әкімдіктердің және Денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен жүзеге асырылып жатқан жоба. Ал Жетісу облысында тұрмысы төмен отбасыларға арнап бірнеше әлеуметтік үй салынып жатыр. Бұл баспаналар әкімдік арқылы кезекте тұрған  азаматтарға бекітілген ереже бойынша беріледі, – деп тілге тиек етті.

Әлеуметтік желілерде жиі қойылатын сұрақтардың бірі - бекітілген Үкімет қаулысы аясында неге «Самұрық-Қазына» Қоры республикалық бюджетке таза кірістің 70 пайызын жолдамайды? Мират Маратұлы осы сұраққа да тоқталды.

Бұл норма жекелеген мемлекеттік органдардың басқаруына берілген өзге де квазимемлекеттік ұйымдарға арналған. Ол Қорға қолданылмайды,  Қордың акциялары жекелеген мемлекеттік органдардың басқаруына берілмеген. «Ұлттық әл-ауқат  туралы» Заңына сәйкес Қордың жалғыз акционері тікелей ҚР Үкіметі болып табылады. Үкімет акционердің функцияларын толық жүзеге асыра отырып, Қордың таза кірісін арнайы Үкімет қаулысында бекітілген Қордың жеке дивидендтік саясаты шеңберінде бөледі. Қордың өзіне келіп түскен дивидендтердің 50 пайызын Қор Үкіметке дивиденд түрінде немесе әлеуметтік жобаларға тікелей қаржыландыру арқылы беруге міндетті. Бұл шешім ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылданады. Өткен жылы дивидендтік саясаттың орындалуы 124 пайызды құрады, – дейді.

Дивидендтің бір бөлігі қайырымдылық бағытқа жұмсалады. Осы тұста бәріміз білетін «Қазақстан халқына» қорына көрсетілетін қаржылай қолдау қандай екенін сұрадық.

Қазір Президент тапсырмасы аясында «Қазақстан халқына» қорына жылда таза кірістің 7 пайызын жолдауымыз қажет. Барлық шешімдер қабылданған. Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілген. Бүгінде Үкіметпен арнайы механизм бекітілген. Аталған қорға биыл 67 миллиард теңге жолдаймыз. Қазір «Қазақстан халқына» қоры онкология бағытында бірнеше жобаны бекітті. Бекітілген механизмге сәйкес, қаражат қажет болған кезде осы жобаларды қаржыландыруға жедел түрде жолданады, – дейді.

Мират Өтепов Қордың басты мақсаты ел экономикасын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту екенін айтты. Бірақ таза кірістің бір бөлігін әлеуметтік жобаларға бөліп, олардан ешқашан бас тартпаймыз деп отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: