Биыл қыста Астанада үсіп қалмаймыз ба? - Ермұрат Бапи

21 Маусым 2023, 13:41 1094

Астанадағы №3 жылу электр орталығы 14 жыл бойы салынып келеді. Жыл сайын керекті қаражаттың көлемі көбейіп барады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қолыма түскен мәліметке қарағанда, Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болыпты. Ең қызығы жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Бастапқыда 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 122 миллиард теңгеге көтерілген. Енді биыл баға тағы да 54 миллиард теңгеге көтеріліп отыр. Бұл не деген «алтын құрылыс» екенін түсінбеймін. Бұл құрылыстың бітетін уақыты да белгісіз, - деді Ермұрат Бапи.

Мәжілісмен биыл Алматыдан көшіп келгенін айтып,  Астана халқымен бірге үсіп қалуға алаңдайтынын жеткізді.

Миллиардтаған қаржы жұмсалған құрылысқа кім жауап береді? Неге нысанға миллиардтап ақша бөліне береді? Бұл шығыстар кімге жүктеледі? Осыған кім жауап береді? Биыл объект тапсырыла ма, тапсырылмай ма?, - деді депутат.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі жылу тапшылығы барын жасырмады. Ол биыл жылу орталығының құрылысы аяқталатынын атап өтті.

Елордада 440 Квт жылу жетіспеушілігі бар. Биыл 100 млрд теңге қаржылай қолдау көрсету нәтижесінде №3 ЖЭО құрылысын аяқтаймыз. Бүгінде жүйені дайындап жатырмыз. Нысанды кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазан айында 2 қазандық іске қосылады. Оның жалпы қуаттылығы – 220 Квт. Сондай-ақ сол жағалауда газ жылу станциясының 2 жобасын жүзеге асырамыз. Оның жалпы қуаты – 690 квт. Осылайша, биыл қараша айының соңына қарай мөлшерден тыс қуат болады. Жобаның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына тоқталайын. Қазір нысанды аяқтауға 23 млрд теңге керек, - деді әкімдік өкілі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: