Биыл Қазақстанда жалақысы күрт өсетін мамандар қатарында архив қызметкерлері бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылғы 14 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан президенті архивінің ғимаратын ашты. Алматыдан Астанаға көшірілген бұл архив тек құжаттар сақтайтын орын ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретіндегі мәртебеге ие. Осы орайда, Парламент архив саласын қолдау үшін заңнамалық түзетулер қабылдап, күзде жаңа заң жобасын қарауға дайындалып жатыр.
Бір жылда 17 пайызға өсті
Сонымен қатар, сенаторлар Үкіметке архив қызметкерлерінің жалақысын педагогтердің жоғары жалақысымен теңестіруді ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, архившілердің орташа жалақысы 2024 жылы 201 622 теңге болса, 2025 жылғы қаңтарда тағы 17%-ға өсіп, 260 999 теңгеге жеткен. Ең төменгі жалақы 191 939 теңгені құрады. Бұдан бөлек, экологиялық апат аймағында немесе ауылдық жерлерде тұратындарға қосымша төлемдер қарастырылған. Бірақ архив қызметкерлерінің жалақысы еліміздегі орташа және медиандық жалақыдан әлі де төмен. Үкімет архивтердің статусын көтеріп, оларға «Ұлттық» мәртебе беру мәселесін пысықтап жатыр.
Қойма мен архив ғимараттары салынады
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленуде. Сонымен бірге, аудандық архивтер мен филиалдардың құрылысы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр. Қарағанды облысы мен Қонаев қаласының әкімдіктері бұл жобаларды бағдарламаға енгізсе, республикалық бюджеттен де трансферттер бөлу қарастырылған. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Орталық мемлекеттік архивтің 700 мың бірлік құжатты сақтайтын қоймасы салынады.
Сондай-ақ Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында жаңа аудандық архивтер пайдалануға берілді. Құрылыс және инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстары Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында жүріп жатыр. Қызылорда облысында бірнеше архив «Руханият» мәдени орталықтарына көшірілді. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында ірі архив ғимараттарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Архив ісі – ұлт тарихының ажырамас бөлігі, ұрпаққа мұра қалдыратын маңызды сала.
Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, бұл процесс баяу жүруде. Қазіргі таңда елімізде 230-дан астам мемлекеттік архив жұмыс істейді, олардың 92,4%-ы толып қалған, ал 75 архив 100% және одан жоғары толу көрсеткішіне жеткен. 81,4% архив ғимараттары өрт қауіпсіздігі, мүгедектерге жағдай жасау талаптарына сәйкес келмейді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында архив ғимараттары ескірген, кейбірі жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Архивтер әртүрлі ведомстволарға бағынып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алмай отыр.
Қағаздан цифрлық жүйеге дейін
Сенатор Әсем Рахметова архив құжаттарының көбі қағаз форматында сақталып, тозып бара жатқанын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі нашарлағанын айтады. Цифрландыру жұмыстары жетілдірілмей отырса, болашақта маңызды тарихи құжаттар ұрпаққа жетпей қалу қаупі бар. Сонымен бірге, зерттеушілерге құжаттарға қол жеткізу қиын: архив қызметкерлері құжаттарды көрсетуге немесе көшірме жасауға рұқсат бермейді.
Архив мамандарының жалақысының төмендігі, жұмысының ауырлығы жастардың бұл салаға келуіне кедергі болып отыр. Мұрағат – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономикасы, саясаты туралы деректерді мәңгілік сақтайтын алтын қор. Сондықтан архив ісін кешенді түрде дамыту, материалдық-техникалық базасын жақсарту, кадр тапшылығын шешу – стратегиялық маңызды міндет. Архив ісіне қатысты жүйелі шешімдер қабылдау, оны қолдау және дамыту жұмыстары әлі де жалғасуы қажет.