Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылайды. Екі жүз он жеті мыңнан астам он бірінші сынып оқушысы мектеп бітіреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі.
Сондай-ақ барлық оқушылар үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске саламыз, - делінген мәліметте.