Биыл өңірлерде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды

20 Желтоқсан 2023, 09:07 1558

Биыл республика өңірлерінде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 көпсалалы орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Стационарларда 3 млн-ға жуық адам көмек алды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі 90 млн-нан астам адамды қабылдады. 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келді (11 айдың қорытындысы бойынша). Жедел медициналық жәрдем күштерімен 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетілді. Осы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңге болды.

Барлығы 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. ҚР медициналық мекемелері үшін 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды. Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді, олар бойынша 20 мыңға жуық адам емделді.

Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: