1-қыркүйек – Білім күні. Жаңа оқу жылында ата-аналар балаларын жетектеп, абыр-сабыр болып мектепке алып барады. Биылғы білім күнінде қандай жұлдыздардың ұл-қызы мен немересі мектепке, университетке барады? El.kz ақпараттық агенттігі танымал тұлғалармен байланысқа шығып, бұл сұрақтың жауабын анықтап көрді.
«Auka» лақап атымен танымал Ауғантай Исаның қызы Аяла биыл 2-сыныптың табылдырығын аттамақ.
Мектепке дайындық негізі үлкен шаруа ғой. Қызымызға бастан-аяқ керек-жарағын алып қойдық. Оған шамамен 100 мың теңгедей ақша кетті. Енді 1-қыркүйек күні Үркер ауылындағы (Астананың іргесіндегі ауыл - тілші) мектепке бірінші қоңырауына алып барамыз, - деді ол.
Бүгінде әнші жігіттің қызынан бөлек, 3 жасар Әміре мен 2 жасар Айтөре есімді ұлдары бар.
Келіп жеткен білім күніне орай Ауғантай Иса халыққа ізгі ниетін білдіре кетуді жөн санады.
Барлық мектеп оқушыларына, студенттерге жақсылық тілеймін. Тек қана биік шыңдардан көрініп, Қазақстанның көк туын желбірете берсін дегім келеді, - дейді әнші.
Белгілі әнші, композитор Құрмаш Маханның төрт ұлы бар. Бірінші ұлы Ахмет 10-сыныпқа, екінші ұлы Әбубәкір 3-сыныпқа, үшінші ұлы Омар 1-сыныпқа барады. Ал төртінші кенже ұлы Осман болса, 3 жаста.
Біз мектепке дайындықты 1-1,5 ай бұрын бастадық. Ұлдарымызға киімін, керек-жарағының барлығын алып бердік. Осы уақытқа дейін балаларыма кеткен ақшаны санап көрмеппін. Ата-ана болғаннан кейін қарапайым халықпен бірдейміз. Біз де заттарды тиімді, қолайлы жағын қарап алып жатырмыз. Ұлдарымды білім орталықтарына, спорт клубтарына жіберіп тұрамын. Біз балаларымыз мектеп бітіргенше біліміне ақша құйсақ, олар өскеннен кейін өзін-өзі ақтайды. Бәрі олардың болашағы үшін ғой, - дейді әнші.
Композитор балаларының Астана қаласында мемлекеттік мектепте оқитынын айтты.
Үлкен ұлым бөлек, ал одан кейінгі екі ұлым бірге бір мектепте білім алады. Ұлым Ахмет жан-жақты, есепті де жақсы шығарады, ағылшын тілін белгілі бір деңгейде біледі. Қазақ тілінен түрлі олимпиадаларға қатысқанды жақсы көреді. Екінші ұлым да гуманитарияға жақын. Есепті баяу шығарады. Оны онлайн курсқа жазып қойдым. Ал ұлым Омар биыл бірінші сыныпқа баратын болғандықтан, әлі нақты белгісіз. Менің ойымша ол есепке жақын болатын сияқты, - деді Құрмаш Махан.
Әнші орта білімді қалыптастыратын мектеп екенін атап өтті. Балаларға сабақты ыждаһаттылықпен оқуға кеңес берді.
Білімнің кірпіші мектепке қаланады. Содан ары барып білім университетте толығады. Баланың болашағы мектепте алған білімінің негізінде құралады. Сондықтан сабаққа көп көңіл бөлу керек. Әрине бала болғаннан кейін ол ойнағысы келуі мүмкін. Бірақ әр нәрсе өз орнымен болғаны жөн, - дейді композитор.
Театр актері, эстрада әншісі Ерлан Малаевтың екі немересі бар. Оның үлкені мектепке барады екен.
Немерем Раяна бірінші сыныптан екінші сыныпқа өтті. Әзірше оқу үлгерімі жақсы. Немеремнің сүйікті пәні – математика. Оны көбіне математика, физика, химия пәніне дайындасақ па деген ойдамыз. Сондай-ақ біз балаларымыздың болашағына қатты назар аударатындықтан, жаз бойы демалыста құр босқа жатқан жоқпыз. Әртүрлі білім орталықтарына, спорт секцияларына апардық, - дейді әнші.
Ерлан Малаев мектепке деген дайындықтың тамыз айының басында бастап кеткенін айтады.
Қызымызға керек-жарағын толығымен сатып алдық. Оған айтарлықтай көп қаражат та жұмсаған жоқпыз. Мектеп формасы, сөмкесі мен қажет заттарының бағасы шамамен 50 мың теңгедей болды. Енді 1-қыркүйек күні мектебіне ертіп барамыз, - деді ол.
Театр актері білім күніне қазақ еліне жылы лебізін білдірді.
Балаларымыз өте білімді, дарынды, ізденімпаз болса екен деген тілектеміз. Өйткені біз біліммен, ғылыммен ғана ілгері елдердің қатарына қосыла аламыз деген ойдамын. Сондықтан бар қаражатты, инвестицияны балаларға салуымыз қажет, - деп айтты әнші.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаеваның бір Бекбол есімді ұлы бар. Ол биыл мектепті тәмамдап, оқу орнына түскен екен.
Менің құдай берген Бекбол деген бір ұлым бар. Мұстафа Шоқай балаға қай тілде білім берсең, сол ұлтқа қызмет етеді демекші, өзім де ұстаз, дәстүрлі әнші болғандықтан, тіл жанашыры, өз елімнің патриоты ретінде баламды тек қазақ тілінде оқыту парызым деп санаймын. Бекболым қазақ балабақшасына барды. №148-ші қазақ мектеп-гимназиясында оқыды. Биыл 11-ші сыныпты тәмәмдап, Алматыдағы Тұран университетіне заңгер мамандығы бойынша бірінші курсқа қазақ тобына оқуға түсті, - деді әнші.
Ардақ Бектұратқызы баланы мектепке дайындау әр ата-ананың міндеті деп санайтынын айтты. Бірақ балаға қанша қаражат кететінін осы уақытқа дейін санап көрмеген.
Мектеп киімінен бөлек басынан аяғына дейін киіндіріп, жылдың төрт мезгіліне киім аласың. Мектепке керекті құралдардың бәрін жеткілікті алып беріп отырдым. Одан қала берді қосымша сабақтары бар. Сонымен қатар спорт үйірмелеріне қатыстыру оның өзіне де қаражат кетеді. Балам студент болып жатыр, ер жетті. Енді мектептегі қаражаттан да екі есе қаражат жұмсаймыз деп ойлаймын. Қазір балалардың киіну талғамы да бөлек қой. Олар ата-ананың алып берген киімін кимейді, - дейді ол.
Сөз соңында Ардақ Исатаева биылғы жаңа оқу жылында алғаш мектеп табалдырығын аттап отырған жас жеткіншектерді, мектеп қабырғасында білім алып жатқан жасөспірім балаларды, орта және жоғары оқу орындарында дәріс алып жатқан студенттерді, магистранттарды докторанттарды, ұстаздарды, барша қазақ елін бірінші қыркүйек білім күнімен құттықтады.
Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы демекші, әр салада көзі ашық, көкірегі ояу білімді де, білікті мыңды жығатын жастарымыз көп болсын. Бала біздің болашағымыз. Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп қой. Ұл-қызымыз өзінің сүйген мамандығында оқып, білімді, білікті маман болып, ұлтының тіл жанашыры, елін, жерін шексіз сүйетін, өз елінің патриоты болып өссе екен деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, еліміздің, тіліміздің тұғыры биік болсын, - деді дәстүрлі әнші.