Биыл Көкшетауда екі жайлы мектеп пайдалануға беріледі

3 Қазан, 20:08 432

Ақмола облысының орталығы Көкшетауда әлеуметтік сала нысандарының құрылысы белсенді жүзеге асырылуда. Бүгінде қалада көппәтерлі  22  тұрғын үй, 2 жайлы мектеп, 3 балабақша, колледждер мен университеттерге арналған 4 жатақхана салынуда. Бұдан өзге Красный Яр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өңірде 19 балалар және спорт алаңы салынып жатқанын айтты.Оған қоса, Красный Яр ауылында 7 спорт алаңы мен 6 балалар алаңын салу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында білім беру нысандары мен Вернадский көшесіндегі тұрғын үй кешені құрылысының қарқынымен танысты.

Бес қабатты 4 тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Мердігер компания өкілі Әділбек Қайролланың айтуынша, осы жылы 3 үйді тапсыру жоспарлануда. Тұрғын үй кешендеріндегі 45 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арналған.

Айта кетсек, осы жылдың сәуір айында бұл жер учаскесінде су тасқынынан зардап шеккен ескі үйлерді бұзу жұмыстары іске асқан еді. Осыдан кейін облыс әкімінің бастамасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мердігер ұйым «Integra Construction KZ» ЖШС үйлердің құрылысын бастады.

Сонымен қатар облыста «Жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжінің» 450 орындық жатақханасының құрылысы аяқталуда. Мердігер ұйым ғимаратты ішін безендіру және аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Құрылысқа жүзден астам адам жұмылдырылған. 

Облыс әкімі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан екі мектептің құрылысына да барды. Әр мектеп 1500 орынға есептелген. Жобаны іске асыру қаланың жұмыс істеп тұрған мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығын азайтпақ. Нысанда «УК Строй» ЖШС мердігерлік ұйымы ішкі әрлеу және инженерлік коммуникация тарту шараларын жүргізуде, ал «Integro Construction KZ» ЖШС құрылыс-монтаждау және ішкі әрлеу жұмыстарын іске асыруда.

Мектепке дейінгі ұзындығы 1,3 шақырым жолды салу жұмыстары аяқталып келеді.

Облыс әкімі білім басқармасына мектептердің педагогикалық құрамын жасақтауды, оқушылардың сапалық тізімін дайындап, оларды мектептер арасында тепе-тең бөлуді тапсырды. 

Перизат Саденова
Бөлісу: