Биыл Бурабайдағы демалыс тағы да қымбаттай түсті

15 Қаңтар, 17:00 1929

Керемет көрініс пен әсем табиғат мекені болып саналатын Бурабай демалыс орны қазақстандықтар арасында сұранысқа ие. Бірақ, 2024 жылы аталған курортқа келіп тынығу тағы да қымбаттады.

Туристік агенттіктердің мәліметтері бойынша, өткен жылмен салыстырғанда демалыс құны орта есеппен 30%-ға өсті. Егер бұдан бұрын бір күнге тұрғын үй мен тамақтануға 25 000 теңге шығындасаңыз, қазір шамамен қалтаңыздан 40 000 теңге ақша кетеді.

Бағаның өсуінің негізгі себебі – Бурабайда демалуға сұраныстың артуы. Оған қоса, коммуналдық төлемдер мен қызметшілердің жалақысының өсуімен байланыстырады. Мұнда демалуға келуші туристердің базынасы бір. Қазақстандық билік көз тартар табиғаты бар мекендегі демалыстың бағасын тұрақтандырса екен дейді.

 

Неге туристердің таңдауы Бурабайға түседі?

Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабай курорты таңғажайып табиғатымен танымал. Құмды көгілдір көлі, етегі қарағай ағашатарына толы таулары мен жұпар аңқыған дала иісі кімді болмасын тартары сөзсіз.

Шомылу мен серуендеуден басқа ауасы мен шипалы минералды бұлақтарының арқасында денсаулығыңызға үлкен пайда тигізуге болады. Әрине, бір өкініштісі бұл өлкеде инфрақұрылым нашар дамыған. Алайда, Бурабай табиғатының керемет сұлулығы бұл олқылықтың да орнын толтырып, ұмыттырып жібереді.

 

Қазіргі баға қандай?

Бурабайға келген турист үшін демалысты өткізудің жолдары көп.

Бірінші нұсқа ол – эконом. Бурабайда жалға берілетін тұрғын үйлер көп. Егер, эконом нұсқада демалғыңыз келсе, онда 30-40 м² аралығындағы бағасы 5000 теңгеден бастап 10 000 теңгеге дейінгі пәтерлерді жалға ала аласыз.

Ал егер, жұбыңызбен бірге естен кетпес демалыс өткіземін десеңіз, назарыңызды мини-қонақ үйлерге аударсаңыз болады. Бурабайда екі жатын орны бар бір бөлмелі номер 20 000 - 25 000 теңге тұрады. Бұл нұсқа көңіліңізден шықса, қуансаңыз болады. Өйткені, сізгі ұсынылатын бөлмеден бөлек, тегін таңғы ас ішу мүмкіндігі де қарастырылған.

Бірақ, сіз отбасылық демалыстан ештеңе аямаймын десеңіз, 4-5 жұлдызды қарастырсаңыз болады. Сізге әрине комфорт ұсынылады. Алайда, сол комфортқа сай ақшасы да қымбаттай түспек. Бурабайда мұндай қонақ үйлердің бағасы бір түнге 40 000 теңгеден басталып, 80 000 теңге дейін жетеді.

 

Тамақтануға кететін шығын

Бурабайда туристер келіп жүрек жалғайтын дәмхана мен мейрамхана жетерлік. Егер табиғаты тылсым сұлулыққа ие мекеннің әдемілігіне тамсанып отырып тамақтанамын десеңіз екі адамға орташа бағамен 15 000 – 20 000 теңгеңізді жұмсайсыз.  

Бірақ, бұл Бурабайдағы барлық мейрамхана қымбат дегенді білдірмейді. Арзанырақ нұсқа іздесеңіз, орташа бағасы 10 000, 5 000 теңгені құрайтын дәмханаларды да таба аласыз.

Жергілікті аспаздардың айтуынша, туристердің жиі тапсырыс беретін тағамы ол – кәуәп, лағман және палау. Оған қоса, мұнда келушілердің басым көпшілігі Бурабайдың сұлулығына қарап отырып, кофе ішкенді ұнатады екен.

Ал, үй жағдайында дайындалатын тағамды жақсы көретін болсаңыз, дүкендерден немесе мини маркеттерден қажетті құралдарды сатып алып, өзіңіз жалға алған пәтеріңізді тамақ дайындап ішсеңіз болады.

 

Ойын-сауық орындарына бару үшін қанша қаражат керек?

Бурабай курорты кез-келген талғам мен бюджетке сай көңіл көтеруге арналған орындардың нұсқаларын сізге ұсына алады.

Мысалы, көлге барып, суға түсуге болады. Жағажайлар ақылы және ақысыз негізге екіге бөлінеді. Бірінші нұсқаны таңдасаңыз, кіру үшін қалтаңыздан бір адамға 1000 теңге жұмсайсыз. Осы баға ішінде жатып демалуға арналған орындық кіреді.

Белсенді демалыс өткіземін десеңіз, велосипед, электронды самокат немесе квадроцикл жүргізіп көруге болады. Ал, қыс мезгілінде келсеңіз көңіліңізді шаңғымен аулауға болады. Мұндағы велосипедті жалға алудың орташа бағасы – 1500-2000 теңге.

Оған қоса, Бурабайда ақылы экскурсиялар бар. Кенесары үңгірінің кереметін немесе Майбалық көлінің табиғатына тамсануға мүмкіндік қарастырылған. Экскурсияның орташа бағасы –  2000 теңгеден басталады.

Ал, жылқымен серуендеу сағатына шамамен 5000 теңге тұрады. Ең кереметі мұнда сіз күннің ұясына батқан керемет іңір кезін сіз су тегін тамашалай аласыз.

 

Бурабайға барып, қандай бюджетке қалай демалатыныңызды әрине сіз шешесіз. Бірақ, көңіліңізді аулап, демалысқа жиі шығып тұрыңыз. Бұл тек әдемі естеліктер ғана емес, оған қоса денсаулыққа пайдалы процесс.

Равиль Ашығали
Бөлісу: