Биыл бірқатар ірі жол жобасы жүзеге асырылып, қолданысқа берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылы қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 3100 шақырым жол қамтылды, оның 2000-ға жуық шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, қозғалыс ашылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, 885 км құрайтын «Қарағанды-Балқаш-Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, толықтай қозғалыс ашылды. Қарағандыдан Алматы қаласына дейін бірінші техникалық санаттағы жол салынып, төрт жолақты қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді.
Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астрахан)» автожолының 272 шақырымы қайта жаңартылып, жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. «Ақтөбе-Қандыағаш» республикалық автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс қамтамасыз етілді. «Талдықорған-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасында көлік қозғалысы қамтамасыз етілді, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Бұдан басқа, «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.