Биыл балалар арасында суицид 48% көбейген – Еділ Оспан

13 Қыркүйек 2023, 13:45 2027

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биылғы сегіз айда былтырғымен салыстырғанда балаларға қатысты суицид пен зорлық-зомбылық артқанын айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар 15%-ға өсті (940-тан 1143-ке жетті). Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар 18%-ға өсті (1460-тан1723-ке жетті). Кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты қылмыстар 1%-ға артты (613-тен 616-ға  жетті). Суицид 48%-ға өсті (94-тен 139-ға жетті). Суицид жасауға әрекеттену 11%-ға өсті (210-нан 233-ке жетті), - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, осыған байланысты балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.

Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді, - деді ол.

Еділ Оспанның айтуынша, бастапқы кезеңде өңірлердегі жағдайды зерделеу мақсатында министрлік Ұлттық білім беру деректер қоры шеңберінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасын әзірлеуде.

Интерактивті карта балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша облыстар, қалалар, аудандар, білім беру ұйымдары бөлінісінде статистикалық деректерді қамтитын болады. Карта әрбір білім беру ұйымындағы балалардың жағдайын талдауға мүмкіндік беретін көрнекі деректерді ұсынады. Бұл мемлекеттік органдарға балалық шақта туындайтын мәселелердің алдын алу және шешу үшін жедел, нақты шешімдер қабылдауға көмектеседі, - деді ол.

Сондай-ақ вице-министр осы мәліметтердің барлығын ескере отырып, әрбір өңірде ерекшеліктер назарға алынып, әрекет етудің  нақты бағдарламасы әзірленетінін тілге тиек етті.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: