Биыл «Астана Опера» шетелде бірқатар қойылым ұсынады

9 Қаңтар, 21:26 829

2024 жылы «Астана Опера» театрында барлық жастағы музыканы ұнататын жандар үшін опералар, балеттер мен концерттер ұсынылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана Операның» мазмұнды бағдарламасын қаңтарда «Жан-жақты Россини» музыкалық кеші бастады. 7-9 қаңтар аралығында үлкен сахнасында «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті ұсынылды. 13-14 қаңтарда Дж.Пуччинидің «Богема» италиялық операсы театрдың қаңтардағы репертуарын жалғастырады.

Ролан Петидің қойылымындағы композитор Л.Делибтің «Коппелия» комедиялық балетін елордалық театр 18-19 қаңтарда ұсынады. 20 қаңтарда атақты опера әншісі әрі ұстаз, Ла Скала театрының сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің құрметіне «Сөнбеген сәуле» концерті өтеді.

«Біржан – Сара» операсы 23-24 қаңтарда көрсетіледі. Қазақ классикасының жаңа нұсқасы, жарқын костюмдер, италиялық шебер Серджио Металлидің бейнепроекциялары, солистердің керемет дауыстары мен оркестрдің үйлесімді өнер көрсетуі көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырады деп күтіліп отыр.

2024 жылы «Астана Опера» шетелдегі гастрольдік турлар аясында бірқатар қойылым ұсынады. Балет труппасы Словения астанасы Люблянада Халықаралық фестивальде өнер көрсетеді, онда ұжым А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балетін орындайды. Опера труппасының әртістері Ресейдің Үлкен театрында өнерін паш етеді.

Қазақстандық көрермендерге арналып көптеген симфониялық және концерттік бағдарламалар дайындалуда. П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы мен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Дж.Вердидің «Риголетто» операларының премьераларын көрсету театрдың жоспарында бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: