11.02.2026
13:30
1169
Биыл арзан MacBook пен қолжетімді iPhone шығады

Биыл арзан MacBook пен қолжетімді iPhone шығады

Apple компаниясы 2026 жылы бірден бірнеше жаңа құрылғысын таныстырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жылдың басында iPhone 17e смартфоны мен Mac желісінің жаңартылған нұсқалары таныстырылады. Ал күзге қарай тіпті бүктелетін iPhone көпшілік назарына ұсынылуы мүмкін.

Bloomberg басылымының танымал техножурналисі Марк Гурманның соңғы есебіне сүйенсек, Apple алдағы жаңартуларды үш негізгі аудиторияға бағыттап отыр: корпоративтік сектор, дамушы нарықтар және қолжетімді бағадағы құрылғы іздейтін пайдаланушылар.

iPhone 17e: қолжетімді, бірақ «есейген» смартфон

Былтыр табысты болған iPhone 16e моделінің ізбасары – iPhone 17e де шамамен 599 доллар болуы мүмкін. Есесіне техникалық тұрғыдан дами түскен.

Басты жаңалықтардың бірі – флагмандық iPhone 17 желісінде қолданылатын A19 чипінің орнатылуы. Бұл бюджет санатындағы смартфон үшін ауыз толтырып айтарлық жайт. Сонымен қатар көптен күткен MagSafe магнитті қуаттау жүйесі де iPhone 17e-ге алғаш рет қосылмақ.

Apple осы модель арқылы дамушы нарықтар мен корпоративтік клиенттерді ұстап қалуды көздеп отыр. Өйткені аталған сегментте бәсекелестердің белсенділігі аса байқалмайды: Google Pixel 10a-де жаңалық жоқ, ал Samsung, керісінше, премиум құрылғыларға басымдық беріп отыр.

PhoneArena

iPad: базалық модельдерге жасанды интеллект қосылады

Apple планшеттер желісінде де шағын, бірақ маңызды жаңартулар жоспарланған. Ең алдымен, базалық iPad A18 чипіне көшіп, алғаш рет Apple Intelligence жасанды интеллект жүйесін қолдайды. Компания бұл мүмкіндікті әсіресе бизнес пен білім беру саласында кеңінен насихаттамақ.

Ал iPad Air моделі M4 процессорына ие болады, ал бұл дегеніміз Pro нұсқаларымен арадағы айырмашылық азая түседі деген сөз. Сонымен бірге шағын форматты iPad mini OLED-экранға көшуі мүмкін деген де болжам бар.

PhoneArena

Негізі Apple-дің арзан сегментке назар аударуы бекер емес. Өткен тоқсанда дәл осы базалық iPad сатылымы 6 пайызға өсіп, табыстың артуына елеулі үлес қосты. Бұл өсімнің негізгі бөлігі корпоративтік сатып алулардың есебінен болған.

Арзан Mac

2026 жылдың көктемінде Apple бірден бірнеше Mac құрылғысын жаңартуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда:

M5 чипімен жабдықталған MacBook Air және MacBook Pro (14 және 16 дюйм);

Дизайны қатты өзгермеген Mac Studio мен Studio Display;

M5 процессорына көшетін Mac mini.

Алайда көпшіліктің назарын аударған құрылғы – экраны 13 дюймнен кіші, бағасы қолжетімді жаңа MacBook.

Apple

Ол iPhone деңгейіндегі процессормен (A18 Pro болуы мүмкін) жұмыс істейді деген болжам бар. Егер бұл ақпарат расталса, Windows негізіндегі арзан ноутбуктер мен Chromebook құрылғылары үшін бұл ауыр соққы болмақ.

2026 жылдың екінші жартысында не күтеміз?

Apple-дің биылға жоспары көп тәрізді. Компания 2026 жылдың күзіне де үлкен үміт артып отыр. Сол кезеңде алғашқы бүктелетін iPhone таныстырылуы мүмкін. Ол iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерімен бірге жарыққа шығады деген болжам бар.

iXBT.com

Сонымен қатар OLED-экран мен сенсорлық басқаруға ие жаңа MacBook Pro да күтілуде. Бұл – Apple үшін үлкен бетбұрыс, тіпті болашақта дәстүрлі тачпадтан бас тартудың алғашқы қадамы болуы ықтимал.