Бітімгерлер соғыс ардагерін құттықтады

9 Мамыр, 19:25 581

Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері соғыс ардагері Анатолий Назарович Поповты құттықтап барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Уәлихан Байкенов пен майор Әнуар Арынғазиев қарияны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын тапсырып, орталықтың әскери қызметшілері атынан шағын сыйлық ұсынды.

Бітімгерлер ардагерге майдандағы ерлігі мен борышына адалдығы үшін алғыс айтып, оған зор денсаулық, сергектік және ұзақ өмір тіледі.

Бүгін әлемде әлі де соғыстар жалғасып жатқан кезде адамзат тарихындағы ең қанды және аяусыз соғыстағы жеңіс халқымызға қандай қиындықпен жеткенін ұмытпау - өте маңызды. Біздің ұрпақтың міндеті – ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау, ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне және өз күштері мен өмірлерін аямай, осы соғыста жеңіске жеткендердің барлығына тағзым ету,-деді подполковник Уәлихан Байкенов.

Айта кетсек, Анатолий Попов 1926 жылы 13 қаңтарда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Ол 1943 жылы әскерге аттанды.

Әскери байланысшы ретінде Анатолий Попов 2-ші Балтық майданының құрамында соғысты. Ардагердің әскери еңбегі "Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталды.

Фашистік басқыншылардың түпкілікті жеңілісінен кейін Анатолий Назарович армияда қызметін жалғастырды. 1952 жылы Саратов әскери медициналық училищесіне оқуға түсті. Оқудан кейін Германияға қызметке жіберілді. 1955 жылы Отанына оралып, 30 жылдан астам қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жұмыс істеді. 1986 жылы ол зейнет демалысына шықты.

Жұбайы Тамара Васильевна екеуі 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер балаларының қамқорлығында. Қызы Наталья әкесіне қарасып тұрады. Соғыс ардагерінің 6 немересі мен 4 шөбересі бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: