Елорда тұрғыны 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдетемін деген сылтаумен 100 млн теңгені алдап иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туыстарының өтініші бойынша елорда тұрғыны Г-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ол аса ірі мөлшерде алаяқтыққа оқталғаны, яғни Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдету сылтауымен алдау арқылы 100 млн теңгені иемдену бойынша күдікке ілінді. Сонымен қатар күдіктінің іс-әрекеті аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу бойынша сараланды. Оның қылмыстық әрекетінің басқа эпизодтары тексерілуде, - делінген мәліметте.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.