Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы Бекзат Кемеловаға қатысты 990 мың долларды алдап иемденді деген іс бойынша сот тыңдауы жалғасуда. Сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың әкесі, профессор Уәлихан Бишімбаев куә ретінде сөйледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бишімбаевтар отбасы Бекзат Кемеловаға шамамен миллион доллар көлеміндегі қаражатты сенімге кіріп алып кеткені үшін шағым түсірген.
Уәлихан Бишімбаевтың айтуынша, Кемелова күн сайын олардың үйіне келіп, “жемқорлыққа қарсы агенттік бүкіл әулетті тексеріп жатыр” деп қорқытып, туыстардың тізімін жасауға мәжбүрлеген.
Ол агенттікте танысы барын айтып, біздің әңгімелер тыңдалып жатыр, енді тек қағазға жазып сөйлесіңдер деп ескерткен. Талай туыстың аты-жөні жазылған тізім жасалды, бірақ өздерінің фамилиясы ол тізімде болған жоқ, - дейді ол.
Профессор жұбайына мұндай сөздерге сенбеуді ескерткенімен, сол кезде Салтанат Нүкенованың әкесі президентке жолдаған хат таралып, ахуал одан сайын шиеленіскен. Осыдан кейін Кемелованың ескертуі жиілей түскен.
Бірде Қайрат Кемелов үйге келгенде, мен одан: ‘Неге әйелің осындай өсек таратып жүр? Бос сөзді қойсын, үйге келмесін’ деп талап еттім. Бірақ әйелі күн сайын келуді тоқтатпады. Тіпті жұбайыма ‘Бекзатты үйге кіргізбе’ деп айттым, - дейді ол.
Дәл сол кезеңде Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова қолындағы 990 мың долларды туысы Кемеловаға “сақтауға” берген. Уәлихан Бишімбаев мұны бірнеше айдан кейін ғана білген.
Бір күні несиені төлеу мәселесі шыққанда, мен әйеліме үйдегі ақшадан төлейік дедім. Сол кезде ол қаражатты Бекзатқа аманат етіп бергенін айтты. Мен бірден: ‘Сен не істедің? Бұл ақшаны енді көрмейсің’ дедім. Қазақта ‘Періште алтын көрсе, жолдан таяды’ деген сөз бар, - дейді профессор.
Осы жағдайдан кейін ол Кемелованың өзімен сөйлескен.
Бекзат маған: ‘Көке, мен сіздерді алдамаймын. Ақша сенімді жерде. Бәрін қайтарамын. Нан ұстап ант етемін. Намаз оқимын. Алла біледі. 27 тамызда міндетті түрде қайтарамын’ деді, - деп еске алады ол.
Алайда уәде орындалмаған. Белгіленген күні Кемелова байланысқа шықпай, үйіне іздеп барғандары оны көшіп кеткенін білген.
“Кейін жаңа мекенжайын тауып бардық. Сонда ол: ‘Ақша жоқ. Маған не істей аласыздар?’ деп жауап берді, - деді Уәлихан Бишімбаев.