Бишімбаев пен Байжановқа кесілген үкім өзгеріссіз қалды

26 Маусым, 18:06 566

Астана соты Бишімбаев пен Байжановтың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады.

Бұған дейін алқабилер алқасының үкімімен:

Бишімбаев ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;

Байжанов ҚК-нің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Үкіммен келіспеген сотталушылар мен олардың адвокаттары апелляциялық тәртіппен шағым түсірді.

Олар өз шағымдарында Байжановты әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды, Бишімбаевтың әрекетін ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағынан ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігіне қайта дәрежелеуді, жазаны төмендету, сондай-ақ үкімнің күшін жою және істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 68-тарауына сәйкес, апелляциялық тәртіпте алқабилер алқасының қатысуымен шығарылған үкім тек процестік бұзушылықтар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Апелляциялық сатыда іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.

Алқа алқабилер алқасын, сұрақтар тізімін құру кезінде, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеп соққан қылмыстық-процестік заңнамасын елеулі бұзушылықтар анықтаған жоқ. Апелляциялық сатының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды. 

Айта кетейік, экс-министр үкімнің жойылуын талап еткен адвокаттарының ұстанымын қолдады. Ол сотта өзін қорғауға ешқандай мүмкіндік берілмеді деп отыр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: