Бишімбаев ісі бойынша сараптама нәтижесі қандай

21 Желтоқсан 2023, 12:44 7024

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Қожаев “Бұған дейін Әділет министрлігі сараптама қорытындысы дайын екенін айтқан еді. Бишімбаев ісі бойынша нәтижесі қандай?” деген журналистер сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол істі тергеу аяқталуға таяғанын айтты.

Жақын арада аяқталады. Сараптамалар қорытындысы шығып, тергеуші өз жұмысын аяқтағаннан кейін іс туралы ақпаратпен айыпталушы және жәбірленуші жақты таныстыру керек. Ақпаратпен таныстыру да уақыт алады. Осыдан кейін іс сотқа жіберіледі. Бүгінге бәрі дайын тұр деп айта алмаймын,- деді ол.

Сонымен қатар, Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Салтанат Нүкенованың денесіне 12 сараптама тағайындалғанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс туралы айтатын болсақ, шынында да, қылмыстық іс аясында Салтанат Нүкенованың денесіне сараптама жүргізу туралы материалдар келіп түсті. Біз оның қайтыс болу жағдайлары туралы айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның 10-ы бойынша қорытындылар беріліп, уәкілетті органдарға жолданды, бір сараптама осы аптада аяқталады. Ал 12-ші сараптама кеше ғана түсті. Заңмен бекітілген тәртіпке сәйкес сараптама 30 күнтізбелік күн ішінде жүргізілуі тиіс. Сараптама қорытындылары ішкі істер министрлігіне жіберіледі, - деді Талғат Уәли.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 10 қарашасында ІІМ экс-министр Қуандық Бишімбаевтың Астана мейрамханаларының бірінде адам өлтіру фактісі бойынша ұсталғаны туралы хабарлады.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: