Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бекайдаров Антикор 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдетуге уәде берген күдіктінің ісін тергеуді аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ресми өкілдің сөзінше, астаналық әйел алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасауға әрекеттенді, яғни Қуандық Бишімбаевтың жазасын жеңілдетемін деген сылтаумен алдау жолымен 100 млн теңгені иемденбек болды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ күдіктілердің іс-әрекеті аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деп бағаланды. Оның қылмыстық әрекетінің басқа эпизодтары тексеріліп жатыр. Күдіктіні қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, - деді Данияр Бекайдаров.
Ресми өкіл қазір тергеу аяқталып, тараптар іспен танысып жатқанын мәлімдеді.