ҚР Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевқа қатысты Салтанат Нүкенованың анасы айтқан сөзді тексеретін болды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Сот отырысының бірінде Жұмагүл Нүкенова Бишімбаев кінәсін мойындамай жатқанда өткен өмірін елге ашып айтатынын мәлімдеген еді.
Мен қызымды жерледім. Мен оның бетін көрмедім. Мұндайды қалай айтасың?! Сен оны бірнеше сағат бойы өлтірдің. Саған өткен өміріңді айтып беруімді қалайсың ба? Сенің қалай баланы басып өлтіргеніңді, – деген еді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында істің сотта екенін, бұл туралы басқа ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді. Ол Бишімбаевтың баланы басып өлтіргені туралы білмейтінін жеткізді.
Ішкі істер министрлігі барлық фактілер бойынша тексеру жүргізді. Қазір тергеу бөлімінің бастығына тапсырма беремін. Егер бұл факті орын алған болса, оны тексереміз. Егер жоқ болса, мен оларға қарауды бұйырамын, бірақ іс сотта. Сот бізге қосымша ұйғарым шығаруы мүмкін, - деді Лепеха.