20.01.2026
13:01
723
Бірпалаталы парламентке «Құрылтай» деген атау беріледі

Бірпалаталы парламентке «Құрылтай» деген атау беріледі

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ парламенттің құрылымы, депутат саны және атауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, жаңа заң шығарушы органның ең басты міндеті – елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық қолдау көрсету және кәсіби, отаншыл кадрларды қатарға қосу.

Қысқаша айтсам, болашақ парламентке «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтай атауының тарихи мағынасы халқымызға түсінікті және ол мемлекеттік институттың символы ретінде маңызды, – деді мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездескенде халықтың реформадан хабардар екенін және оны қолдап отырғанын жеткізген.

Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ, жалпы бағыт-бағдарымыз айқын, алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар, – деді президент.

Болашақ парламенттің депутат санына қатысты түрлі пікірлер айтылған. Бір тарап халық санына пропорционалды өкілдікті ұсынса, екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыруды ұсынған. Мемлекет басшысы атап өткендей, басты мәселе сан емес, сапа болуы тиіс.

Жаңа парламентте нағыз отаншыл азаматтар мен білікті мамандар отыруы тиіс. Сондықтан депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Мәселе сапада, тиімділікте, – деді президент.

Жұмыс тобы барлық ұсынысты жан-жақты сараптап, ақыр соңында жаңа парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген қорытындыға келген. Сондай-ақ, президенттің айтуынша, жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитет саны сегізден аспауы тиіс.

Парламенттің құрылымы мен құрамын тиімді етіп жасау – елдің заңнамалық базасын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіруге қызмет етеді, – деді мемлекет басшысы.

Екінші блоктағы ұсыныстар парламенттің негізгі мемлекеттік органдар құрамын қалыптастырудағы құзыреттерін қамтиды. Бұл Конституцияға сәйкес, Конституциялық сот, Жоғарғы аудит палатасы және орталық органдардың кадрлық құрамын қалыптастыруға қатысты маңызды мәселе болып отыр.

Президенттің сөзіне қарағанда, жаңа парламент – қазақстандық қоғамның ұлттық мүддесін қорғайтын, кәсіби әрі отаншыл кадрлардан тұратын, тиімді жұмыс істейтін орган болуы тиіс.