Бірлік – Тәуелсіздіктің тірегі

13 Желтоқсан 2018, 12:53 2306

Белгілі бір елдің аты аталғанда онымен бірге тіл ұшына оралатын атаулар, белгілер, көріністер болады. «Қазақстан» десе ұлан-байтақ дала, желмен жарысқан сәйгүліктер, жер мен көкті жалғаған «Байқоңыр» көз алдымызға келеді. Ал халықаралық деңгейлі жиындарда татулық пен қоғамдық келісім сөз болса, «БҰҰ-ның шағын нұсқасы», «әлемнің басқа мемлекеттері үшін орнықтылық пен дамудың үлгісі бола алатын» біздің Отанымыздың, оған қоса  Қазақстан халқы Ассамблеясының аты аталуы дәстүрге айналған.

Тәуелсіздіктен кейін көп ұзамай-ақ құрылған жаңа қоғамдық институт қызметінің негізгі қағидаттары еліміздегі этносаралық келісім мәселелерімен айналысу болып айқындалды. Сол бағыттан ауытқымаған Ассамблеяның өткен жылдар ішіндегі қызметінің аса салмақты, тағдырлық сипаты бар нәтижелері де баршылық.

Қазақ топырағына тағдыр айдап келген көптеген этностарға өздерінің тарихын біліп, тілін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға жағдай жасалуы – қазақстандық ұлт саясаты беріп отырған ештеңемен өлшенбейтін, баға жетпес мүмкіндік.

Соның ішінде, Ассамблеяға мүше әр этнос, яғни, Қазақстанның әр тұрғыны, өздерінің біртұтас халық екенін, ел тағдырына ортақ жауапкершілікте екенін жүректерімен ұғынғаны ең биік жетістіктердің бірі ретінде аталары анық.  

Қазіргі кезеңде Ассамблеяның қызметі қоғамның, мемлекеттің және әрбір азаматтың үйлесімді бірлігінің алгоритміне негізделіп түзіліп отыр. 

Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында «Біз дем алған кезде жұтып жатқан ауаны байқамаймыз, ол өзінен-өзі атқарылады – біз солай өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді де дәл солай байқамаймыз. Дегенмен, осының бәрін біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды» - деп, этносаралық келісімді тіршіліктегі тынысымызбен салыстырады.   

Қазақстан халқы Ассамблеясы институты арқылы дамып келе жатқан біздің моделімізде бөлу де, бөліну де  жоқ. Міне, сондықтан да Қазақстан Тәуелсіздігінің тұғырлы іргетасы бірлік, татулық пен келісім болған және солай болып қала береді.  

Қазақстан, Мемлекет басшысының жолдауларында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы мен Президенттің бес бастамасында көрініс тапқан, мемлекеттің стратегиялық мақсаты – неғұрлым бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді іске асырудың шешуші кезеңіне шықты. Бұл Тәуелсіздік тұғырына айналған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша мемлекет пен қоғамның келешектегі жаңа жұмыс алгоритмін тұжырымдауға негіз болып отыр.

Бұл тәсілдердің мәні мен мазмұны қандай?

Ең алдымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік «әлеуметтік мемлекет» конституциялық нормасын молықтыру тұрғысынан қосымша түрде жаңа институционалдық негіз  бен нақты мазмұнға ие болды.  Мемлекет басшысы қоғамдық келісім  мен жалпыұлттық бірліктің қалыптасқан қазақстандық моделін нақты, прагматикалық әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әл-ауқат моделімен нығайта түсті.

Бұл ретте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «қазіргі заманғы жаһандық жағдайларда ұлт бірлігінің  әлеуметтік бірлікті білдіретіндігі» туралы ойының маңызы зор.  

Елбасының әлеуметтік бастамалары қазақстандық қоғамның әлеуметтік кеңістігін, құрылымдық тереңдігі мен ширақтығын кеңейтуге, оның түрлі деңгейлері мен құрылымдық элементтері арасындағы өзара байланыстары мен бір-біріне деген тәуелділігін нығайтуға, ұтқырлықтың жаңа вертикальдары мен әлеуметтік лифтілерді қалыптастыруға бағытталған.   

Әлеуметтік бірлік дегеніміз, міне, осы – этностық, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, қазіргі заманғы қоғамның барлық сегменттері мен страттарының бір-біріне деген тәуелділігін нығайту. Ал олардың заманауи әлеуметтік негізге үйлесе өрілетіні де күмән тудырмайды.    

Әр азамат үшін, әлеуметтік мақсатын іске асыру жағдайында, өзінің барша қазақстандықпен бірдей, тең екендігі басты негіз. Бұл ретте оның қай дінді ұстанатыны, қай этностың немесе ұрпақтың өкілі екендігі және басқа да ерекшеліктері қосалқы рөл атқарып, әдетте, өзара іс-қимыл жасау үшін басқа этностар мен діндерге ашық позитивтік сипатта болады. Іс жүзінде ел Тәуелсіздігінің берік іргетасын қалайтын да нақ осы жай.  

Әрине, бұл ретте Президенттің әлеуметтік бастамалары мемлекет пен қоғамда Тәуелсіздігімізді нығайтудың жаңа саяси, идеологиялық және рухани векторын жасаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын іс жүзінде дамытып, нақты іске асыратын жол болғанын атап өтуіміз керек.  Олар қоғамдық сананың бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімге құштарлық және сананың ашықтығы сияқты жаңа қасиеттерін қалыптастырумен тікелей байланысты.  Бұл бағытта Ассамблея атқаратын істер бірнеше жылға жоспарланып қойған.     

Жалпы, Қазақстан қоғамы үшін маңызды бастамалардың Ассамблея мінберінен жарияланатыны, ел бірлігін арттыруға, адамдардың бойында белсенділік, қайырымдылық, азаматтық ұстанымды қалыптастыратын акциялар мен қозғалыстардың  Ассамблея жиындарынан бастау алатыны қалыпты жағдай. ҚХА-ның ХХIV сессия­сында  Мемлекет басшысының ұсынысымен Ассамблея елдегі қайырымдылыққа қатысты қызметтің үйлестірушісі болып белгіленіп, «Қайырымдылық керуені» қозғалысы бастау алды. 

Қайырымдылық жасаудың жазылмаған заңы – жасаған жақсылығын жарнамаламау. Қайырымгерлер соны ұстанады. Осы ретте, кеудесінде Ассамблеяның «Жомарт жан» төсбелгісі бар отандастарымыз – отанның, қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар екенін айта кету бізге парыз. Мұндай, елге әлеуметтік нысандар салуға, науқас жандарға күрделі ота жасауға, түрлі апаттардан зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүрген жандардың жыл сайын қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Бастапқыда халық ресми орган ретінде   қарайтын  Ассамблеяның іс-шаралары оның халыққа етене жақын ұйым екенін танытты. Өйткені, ол шараларда халыққа жақын ой айтылып, жұртшылық жанына жағатын істер бастау алады. Сондықтан да болар, «Қайырымдылық керуені», «Қазақтану», «Мың бала», «Қазақстанға – ыстық ықыласпен!», басқа да көптеген іс-шараларға адамдар  ықыласпен қатысады. Себебі, елде Ассамблеяның іс-шаралары  жатты жақындатып, мәртті танытатын, күнде кездесіп жүрген адамыңды жаңа қырынан көрсетіп, бойдағы игі қасиеттерді оятатын іс-шаралар екені мойындалған. 

Биылғы жыл тағы бір жаңа, мағыналы жобамен есте қалары анық. Сессиядан кейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтану» жобасы қалың елге жол тартты. Бірнеше облыста өткізілген іс-шаралардан кейін бұл – халықтың көптен күткен жобасы екендігіне көз жеткіздік.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Президент: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп жазады. Біздің «Қазақтану» жобасының мақсаты да сол – барымызды бағалау, құндылықтарымызды сақтау, дамыту, тарихымызды біліп, мақтан ету. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен аға буын мен жас толқын өкілдері, ғалымдар мен шығармашыл тұлғалар, этномәдени бірлестіктер мүшелері белсене атсалысуы оған деген сұранысты, қажеттілікті көрсетеді. 

Осыдан екі жыл бұрын, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық датасы атап өтілген кезде «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік және келісім саяжолы пайда болды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты ашылуына қатысқан шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпустың өкілдері оны Қазақстанда орныққан қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың символындай қабылдайтындарын айтқаны есімде қалыпты. Меніңше, біздің отандастарымыздың жүрегіндегі қоғамдағы келісім мен бірліктің, татулық пен достықтың мызғымас беріктігі туралы сенімі де осы монументтей асқақ.

Таяуда жария еткен «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Елбасының: «Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды» деген сөздері ел бірлігін ту етіп отырған Ассамблеяға артылған сенім жүгін арттыра түседі.  

Леонид ПРОКОПЕНКО,

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Төрағасының орынбасары

Бөлісу: