Бірлік – көптүрлілікте!

15 Қараша 2019, 17:15 2763

Бүгін Өзбекстанда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасының мемлекет, қоғам қайраткерлерімен және қазақ диаспорасымен арнайы кездесті. Кездесуде Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік үлгісі туралы сөз қозғалды.

«Мәдени байланыстар – екі елдің достығы мен ынтымақтастығын арттырудың көзі болып табылады. Екі көрші мемлекеттің ынтымақтастығын арттыратын мәдени орталықтар мен бірлестіктер ашылып, жұмыстарын жалғастыруда. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар бүгінгі таңда жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға негіз бар», - деген Ж.Түймебаев Қазақстанда тұрақтылықтың Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік үлгісінің арқасында қамтамасыз етіліп отырғанын тілге тиек етті. «Ассамблеяның алғашқы сессиясында, 1995 жылдың наурыз айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев этносаралық қатынастардың бас сызығын – келісім мен бірлік саясатын белгіледі», -деді Жансейіт Қансейітұлы. «Біріншіден, Қазақ халқы – бір ұлт. Қазақстанда тұратын барлық этностар «ұлт» деген жалпы ұғымға енеді. Екіншіден, бір ұлт «бірлік - көптүрлілікте» ұстанымынан негіз алады, бұл этностардың өзіндік бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, тегінің түрлілігі – түрлі мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстанның барлық азаматтары әлеуметтік, этникалық, және өзге де тегіне қарамастан, бірдей», - деген Жансейіт Қансейітұлы күллі әлемнің назарын аударып, қызығушылығын тудырған қазақстандық жалпыұлттық бірлік үлгісінің маңыздылығына мән артып, қыр-сырын, мақсаты мен мүддесін түсіндірді. Сондай-ақ, қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің негізі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саясатты таратудың орталық құралы болып табылатынын айтты. «Қазақстандық үлгі Ассамблея мен ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының қоян-қолтық жұмысының басым бағыттарының біріне айналды. Тәжірибе алмасу мақсатында Ассамблея өкілдері әлемнің көптеген елдерінде болды. Қазақстандық этносаралық толеранттылық үлгісі ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тіліне аударылып, ҚР-ның барлық елшіліктеріне таратылды. Тәжірибе алмасу үшін ҚХА хатшылығына шетелдік сарапшылар 100-ден астам сұраныс жіберді. Біздің үлгіге қызығушылық күннен-күнге артып келе жатыр деп айта аламын», - деді Жансейіт Түймебаев.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: