Бірінші тілек тілеңіз

28 Маусым 2022, 15:56 3903

Сұхбатымыздың тақырыбын Бұхар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа» деген жыр жолдарынан тақырып шығаруымыздың себебі – осы күні дін мен тәрбиеге көңіл бөлмей жүргендер қатары көбейіп кеткендей. Жоқ, ешкімге ақыл айтпаймыз. Назарларыңызға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбатты жариялау арқылы бала тәрбиесі, имандылық, адамгершілік туралы тақырыптарды қайта көтергіміз келеді...     


– Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін арнайы жоба бастадыңыздар. Діни сауатты болуға ұмтылатын бала көп пе? Оларға дінді қалай үйретіп жатырсыздар?

– 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесіне орай ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз 2022» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады.

Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы ел бойынша 50 000-ға жуық оқушы Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деп биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады.

Шынында Қасым-Жомарт Тоқаев «бар жақсылық – балаларға» деп білетін, балалардың кемел келешегіне жіті мән беретінін талай мәрте байқатты. Енді міне, биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, жыл бойы балалардың денсаулығы мен білімін көтеру жолында барын салмақ.

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Балаларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деген болатын. Баланы жастайынан білімді, зерек етіп өсірудің маңызы зор. Қарап отырсақ, қазақтың нар тұлғаларының қай-қайсысы да бала кезінен зеректігі, білімділігі, шешендігімен сөзге түскен.

Мәселен, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан Қарқаралыдағы бастауыш мектепте оқып жүргенде мектепке атақты генерал-губернатор Колпаковский келеді. Генерал-губернатор мектепте оқып жатқан қазақ балаларына сын көзбен қарап, олардың білімін тексеріп көрмек болады. Сөйтіп оқушыларға жұмбақ жасырады.

«Мен Омбыдан мына пəуескемен келдім, – деп балаларға өзі мініп келген пəуескесін көрсетеді. – Омбыдан Қарқаралыға жеткенше осы пəуескенің дөңгелегі қанша рет айналды? Жауабын кім біледі?» – дейді Колпаковский балаларға менсінбей қарап. Сол кезде топ ішінен бір бала жүгіріп шығып белдігін суырып алады да, пəуескенің дөңгелегін өлшейді. Сосын қолына таяқ алып жерге сызып, дөңгелектің қанша рет айналғанын көп алдында шығарып береді. Генерал-губернатор қазақ баласының зеректігіне əрі батылдығына таңғалып, мектепті бітірген соң Омбыда оқуға ұсыныс білдіріп, губернатордың стипендиясын тағайындайды. Осылайша кейін Əлихан Омбы техникалық училищесін үздік бітірген болатын.

Осындай оқиға ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да басынан өтті. Негізінде ол кісінің азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп болатын. Сегіз жастан асқан шағында ол топ алдында қазақтың «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді жыр-дастандарын жатқа толғайды. Баланың өнеріне тәнті болған Мұса Шорманұлы жиылған қауым алдында: «Бұл баланың аты – Мәшһүр болсын» деп бөркінің басына үкі тақтырады. Осылайша ел оны «Мәшһүр Жүсіп» атап кеткен болатын.

Ел арасында осындай мысалдар жетіп артылады. Мұның бәрі нені білдіреді? Балаға жастайынан берілген тәрбиенің, білімнің жемісі. Біз «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін көкейіне мықтап түйген, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымға мықтап бекінген халықпыз.


– Демек бала тәрбиесінде имандылық, адамгершілікті сіңіру өте маңызды деп есептейсіз ғой?

– Әлбетте! Бабаларымыз бұрыннан Құдайдан қорқатын перзент тәрбиелеп, балаға ең алдымен имандылық тәрбиесін сіңіруді көздеген. Себебі Алланы таныған, Құдайдан қорқатын перзент ешуақытта ата-анасына қарсы келмейді, қоғамға кері әсерін тигізбейді. Керісінше зерек, алғыр болып өсіп, ата-анасын екі дүние жақсылығымен қуантып, хәкім Абай айтқандай, кірпіш дүниедегі кетігін тауып қаланып, қоғамда орны бар өз ісінің маманы екенін дәлелдейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім», – деген. Осы сүннетті берік ұстанған бабаларымыз перзентіне жақсы есім қойып, жақсы тәрбие беруге тырысқан. Себебі балаға жас кезінде берілген тәрбие жас шыбықты игенмен бірдей. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Адам дүниеден өткенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, таратқан білімі және салиқалы ұрпағының дұғасынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген болатын. Демек салиқалы ұрпақ өсіру – сауабы мол салиқалы іс. Ондай ұрпақ ата-анасының жүзін жерге қаратпайды, перзенттік борышын адал атқарып, тіпті ата-анасы дүниеден өтсе де олар үшін үнемі дұға етіп, жақсы амалдары арқылы сауаптың үзілмеуіне себепкер болады.

Асыл дініміз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Дініміз балаларымыздың иманды да инабатты, елі мен жерін сүйетін, Алла Тағала мен ата-ананың разылығын алатын салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеуге мән береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта бірқатар іс-шараларды атқарып келеді. Жоғарыда айтқандай, балаларымызға имандылық тәрбиесін сіңіру мақсатында мешіттер жанында жазғы сауат ашу курстары жұмыс істейді. Балалардың сауат ашу курстарынан Құран әліппесін, дін негіздерін үйреніп, танымдық ойындар ойнап, жазғы демалысын қызықты да пайдалы өткізуге мүмкіндігі бар.

– Бұл орайда муфтият тарапынан ұйымдастырылып жатқан іс-шараларды да таныстырып өтсеңіз.

– Балаларымыздың имандылыққа деген құлшынысын жыл сайын сезініп келеміз. Діни басқарма дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан қарилар байқауларына жас балалардың қатысып жатқаны көңіл қуантады. Қари балаларымыздың Құран жаттап, жүлделі орын алып жатқанын көргенде, Аллаға шүкір дейсің.

Сондай-ақ мүфтият балаларды әлеуметтік қолдау бағытында балалар үйлері мен орталықтарына, арнаулы мекемелерге жиі бас сұғып тұруды әдетке айналдырды. Мешіт қызметкерлері балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балақайлармен жүздесіп, оларға барынша қолдау көрсетуде. Одан бөлек балаларға киім-кешектер мен түрлі сыйлықтар үлестіріліп, қайырымдылық көмек көрсетіледі.

ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры «Тайқазан», «Жетім көрсең жебей жүр», «Үміт сыйла сәбиге» т.б жобалары арқылы көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлап, көмек көрсетіп келеді. Тіпті дін қызметкерлері арасында жетім балаларды асып алған азаматтар аз емес.

Діни басқарма балаларға арналған ағартушылық бағытқа да жан бітіруде. Былтыр «Muftiyat» баспасынан балаларға арналған «Әкесінің қызы» өлеңдер жинағы жарық көрді. Сондай-ақ «Мұнара» газеті балаларға арналған «Шынашақ» бетін үзбей жариялауда. Діни басқарма тарапынан балаларға арналған байқаулар, білім сайыстары да жиі ұйымдастырылады.

Былтыр ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай балалар арасында «Азаттық – балалар көзімен» республикалық көркемсурет байқауы жарияланды. Байқауға еліміздің әр аймағынан 7-12 жас аралығындағы балалар қатысып, жеңімпаздар анықталды. Алла қаласа, биыл да Балалар жылы аясында балалар шығармашылығын қолдауға арналған бірқатар игілікті іс-шараларды атқармақ ниетіміз бар.

– Ұрпақ тәрбиесінде біз ескеруге тиіс тағы қандай мінездерді атап өтер едіңіз?

– Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, мүміндер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят) деп бұйырды. Ғалымдар бұл аятты «біз балаларымызға дінді, қайыр-жақсылықтар мен әдепті үйретуге міндеттіміз» деп түсіндірген. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді бабаларымыз. Ендеше, ұлттың болашағын ойласақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпағанымыз абзал.

Жүсіпбек Аймауытов: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – баланы жан-жақты білу», – дейді. Рас, кейде баланың болмысы мен табиғатын терең танымай, айтқанымызға көндіруге тырысамыз. Қабілетін ескермей, шамасынан тыс тапсырма жүктейміз. Әке мен бала арасындағы түсінбеушілік осыдан басталады екен.

Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты білсек – байқамай қалатын, сезсек – сезінбей жататын бірнеше факторларды ескере кеткіміз келеді.

Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет», – деген принцип осындайда ауадай қажет. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені, бізден кеткен қателікті періште сәби «дұрыс екен» деп қабылдайды. Әсіресе, біреу іздеп келгенде немесе телефон арқылы хабарласқан сәтте баланың аузымен «әкем үйде жоқ» деген өтірік сөзді айтқызу – апатқа апаратын амал. Өзіміз өтірікке үйір болғанымызбен қоймай, баланы да осыған мәжбүрлейміз.  

Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайталамауға тырысады. Мінезі қырсық баланы таяқпен түзеймін деу – әурешілдік. Санасына келсе – сабасына түседі. Бала болған соң, бүлдірмей қоймайды. Оны солай қабылдауымыз қажет-ақ.

Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма», – деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы, бірақ бұл ұстаным баланы босаңсытып жібермеуі тиіс. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған абзал. Қаталдық жасау – оны қатты жазалау деген сөз емес. Жекіп тастағаннан гөрі қабақ шытудың өзі жеткілікті. Бұл – баланың жаман әрекетін құптамаудың ишарасы. Сонда ол өз қателігін түсінеді. Ескеретін жайт: сынған кесе, сызылған қабырға, т.б. ұсақ-түйек дүниелер үшін қабақ шыту – дұрыс ұстаным емес. Дүниелік заттар баланың жүрегін ауыртудың қасында түк те құны жоқ. Жат қылық, жаман әдет, күнәға жетелейтін істер үшін қабақ шыту – дүниелік нәрсенің қасында әлдеқайда қайырлы.          

Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Балаға ертегі немесе ғибратты оқиғаны әңгімелеп бердіңіз делік, айтылған жайттан алар пайдалар туралы кішкентайдың пікірін міндетті түрде сұрауымыз керек. Бұл тәсіл ойлануға, ой қорытуға көмектеседі, әр нәрсенің тағылымды тұстарынан тәрбие алуға итермелейді. Тұжырымды ой айтуға дағдыланған бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігі артады.      

Бесінші, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – деген.

Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.  

Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез-келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы оңай талап ете аласыз. Өйткені, сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы өз айтқаныңызды орындатасыз. Алла Елшісі сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе, айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелтеу, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.  

Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені, қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер», – деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс».   

Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Мұны бала да сезеді. Дұрыс көңіл бөлінбеген бала дағдарыс пен күйзелісті бастан кешеді.   

Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте айтылғандай, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық мирас, құндылық қалдырып кете алмайды екен. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін сөз. Бір ғұлама: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат», – депті.

– Бір сұхбатыңызда Діни басқарма қазіргі заманның даму үдерісін ескеріп, жаңа жұмыс форматына көшкенін, осы бағытта «Е-мүфтият» жобасын іске қосқаныңызды айтыпсыз. Осы жоба туралы толығырақ мәлімет бере кетсеңіз.

– Иә, қазір заман басқа, жаңа үдерістер кезінде өмір сүріп отыр­мыз. Өйткені ХХІ ғасыр – электронды технологияның дамыған заманы. Әлем электронды жүйеге көшу үдерісінде. Мүфтият бұл тенденциядан қалыс қалмауы қажет. Осы жағдайды ескеріп, «е-мүфтият» ақпарат жүйесін іске қостық. Осылайша жаңа жұмыс форматына көштік. Бұл жоба жұмыс тиімділігін арттырып, ҚМДБ орталық аппаратының кадр қызметін оңтайландыруға оң ықпал етуде. Бүгінде Діни басқармаға қажетті камералар мен техникалық құралдар алынды. Қазір 19 облыс-өңір бас имамдарымен онлайн-мәжіліс өткіземін. Осы форматта жұмыс жүргізу бұрыннан ойда жүрген, бірақ жүзеге аспай келе жатқан мәселе еді. Қазір бас имамдар апта сайын онлайн режимде есеп беруде.

Расында, қазір технологиямен қатар ақпарат саласы да жедел дамып жатыр. Ақпарат халқымыздың күнделікті өмірінде маңызды рөлге айналды. Орта буын, жас буын күн сайынғы ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Біз осы тенденцияны ескеріп, мүфтияттың ақпарат саласындағы жұмысын жандандыра түсу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімін аштық. Бұл – ҚМДБ орталық аппаратында ең ауқымды бөлім. Аталған бөлім «Ғаламтормен жұмыс» секторын, «Мұнара ТВ» телеарнасын, muftyat.kz және өңірлік 21 сайттың жұмысын жүйелеп, қадағалап отырады.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: