Бірінші сынып ата-аналарына маңызды 5 кеңес

29 Тамыз 2018, 11:23 53634

Балаңыздың болашақта табысты болуын қаласаңыз, назар аударыңыз

Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бала үшін де, ата-ана үшін де қызықты әрі күрделі кезең басталғалы отыр. «Оқу – инемен құдық қазғандай» бұл ұзақ әрі маңызды жолда сіздің қолдауыңыз бен түсіністігіңіз балаңызға өте қажет.

Осы ретте сіздерге маңызды 5 кеңесті ұсынамыз.

Таңертең баланы ұрысып оятып, асықтырмаңыз!

Баланы көзін ашпастан «кешіктікке» салып, көрпесін тартып, асықтырмаңыз. Бала күнін жақсы көңіл-күймен бастауы керек. Үйді жылулыққа бөлеп, балаңызға мейіріміңізді төгіңіз. Көңілді ән қосып, күлімсіреп, жақсы сөздермен оятыңыз.  Есіңізде болсын, баланы асықтырған сайын, ол керісінше бәрін ақырын істейтін болады. Бұл – ағзаның қалыпты реакциясы. 

 

Үй тапсырмасын орындағанда сабырлы болыңыз!

Кішкентай бала үшін білім алу жолы жеңіл емес, сондықтан бір нәрсені ашусыз әрі ұрыссыз бірнеше рет түсіндуге дайын болыңыз. Кейбір ата-ананың «күшім таусылды...бар жүйкемді жұқарттың» деген ұрысы нені аңғартады? Осы жағдайда ата-ана өзіне ғана жаны ашиды да, ал баланың сезімін мүлдем ойламайды. Әсіресе, математиканы түсіндіргенде кітаптағы ғылыми терминнен алыстап, қолыңызда бар үйдегі заттарды көмекші етіп алыңыз.

Есіңізде болсын, ұлыңыз не қызыңыз бір нәрсеге өз ойын 15 минуттан артық шоғырландыра алмайды. Сондықтан сабақ оқығанда 15 минуттан соң үзіліс жасап, демалыңыз. Мысалы, жаттығу жасаңыз, бір орында 10 рет секірсеңіз де болады. Сонымен қатар, үй жұмысын жазу жазудан бастап, ауызша және жазбаша сабақтарды кезекпен орындаған дұрыс.   

Баланы мақтаңыз!

Мектепке алғаш барған балаңызға сіздің қолдауыңыз ауадай қажет. Өйткені ол қазір мұғалімдермен, сыныптастарымен қарым-қатынас орнатуды үйреніп бастауда. Бірі онымен достасады, бірі дос болғысы келмейді...Қазір балаңыздың өзіне деген көзқарасы қалыптаса бастады. Балаңыз өзіне сенімді болып өссін десеңіз, ешқашан сыныптастары мен достарының көзінше ұрыспаңыз. Бала проблемасын мұғалімімен оның көзінше талқылауға да болмайды.

Есіңізде болсын, басқа балаға тамсанып, мақтап, өз балаңыздың бойында комплекс тудырып алмаңыз. «Ананың баласы сондай», «пәленшенің баласы мұндайлар» іштей сол балаға жеккөрініш сезімі пен ызадан басқа ешнәрсе берметіні бәлкім, өзіңіздің де есіңізде болар.

Үй табалдырығын аттай сала, қандай баға алғанын сұрамаңыз!

Әрине, ата-ана үшін баланың жақсы оқып, оны мақтан тұтқаны маңызды. Кейде баға қуамыз деп, бала күнделіктің қосымшасына айналдырып жіберіміз.  Алайда, бала келе сала жан алқымынан алмай, бағаны сұраған дұрыс емес. Баланың көңіл-күйіне қарап, бетінде қандай «эмоция жазылғанын» байқаңыз. Басқа әңгімеге тартып, қызықты оқиға айтып беріңіз. Бала тыңығып, әлденіп алған соң, өзі бәрін айтып беруі үшін бар жағдай жасаңыз. Кейбір сабақты орындауда күші жетпей жатса, кемсітіп ұрыспаңыз.     

 

 

Күн тәртібін енгізіңіз!

Бала мектепке тек психологиялық қана емес, физикалық тұрғыдан да ұзақ бейімделеді. Сондықтан баланы бір уақытта оянып, бір уақытта ұйықтауын  дағдыландырыңыз.Ұйықтар алдында әңгімелесіп, не мазалайтынын сұрап, қандай жағдай болмасын қолдайтыныңызды айтыңыз. 6-7 жасар баланың мектепте 3-6 сағат сабақ оқуы үлкен адамның күні бойы жұмыс істеген жүктемесіне тең. Мектептен келген соң күндіз біраз ұйықтатып алсаңыз, миы тынығып, үй жұмысын жаңа құлшыныспен орындайтын болады.  

Есіңізде болсын телефон, теледидар көзге  үлкен жүк түсіреді. Сондықтан күніне 1 сағаттан артық теледидар, телефон қаратпаңыз. Бұған әлемнің бар офтальмолог-дәрігерлері сенімді. 

Үлкендер баланың жетістіктері үшін әрқашан қуанады әрі бұл үшін бәрін істеуге дайын. Ата-ана мен мұғалімдердің жылы сөзі мен қамқорлығының арқасында балапанның мектеп әлеміндегі алғашқы қадамы нық болатынын ұмытпайық!

 

Дайындаған: Садубаева Ақбота  

 

 

Бөлісу: