2026 жылғы ақ Олимпиадада әлемнің 95 мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы бақ сынап жатыр. Әрқайсысының өзінше оқиғасы бар. Сондықтан төрткүл дүние көз тіккен додадағы ерекше оқиғасы бар атлеттерге тоқталайық.
Мына қызыққа қараңыз, қысқы Олимпиада тарихында тұңғыш рет анасы мен ұлы бір дистанция бойынша өнер көрсетеді. Аты аңызға айналған шаңғышы Сара Шлепер (46 жас) мен ұлы Лассе Гасиола Мексика намысын қорғайды. Екеуі де супергигант, гигант-слалом жарысына қатысады.
Сара мансабын 1995 жылы бастаған. Өзі Колорадода дүниеге келген. Әкесі – шаңғы сататын дүкеннің иесі. Карьерасында талай топқа түсіп, 2005 жылы Әлем кубогында жеңіске жеткені бар. Осыдан 15 жыл бұрын, 2011 жылы Әлем кубогында әдемі қоштасу рәсімін жасаған-ды. Жазғы көйлек киіп, шаңғыда төменге құлдилап келе жатқанында тоқтап, 4 жастағы ұлы Лассені қолтығыңа қысып, төменге ылдилады. Сөйтіп, үлкен спортпен қоштастып, кейінірек қайта оралды. 2014 жылдан бері түрлі бәсекеге қатысты. Өткен Олимпиада ойындарында 82 қатысушының ішнде 37 орынға тұрақтады.
Бұл – оның жетінші Олимпиадасы. 1998 жылдан 2010 жылға дейін АҚШ-тың намысын қорғады. 2018 жылдан бері Мексика атынан сынға түседі. Енді ұлымен бірге тарихта қалуға бір қадам жасап жатыр.
Мәнерлеп сырғанаудан Канада құрамасында Маделин Скизас есімді талантты ару бар. Оның «Арыстан патша» фильмінен шабыттанып жасаған бағдарламасы Канаданы командалық финалға алып шықты. Сөйтіп, Канада құрамасы жарысты 5 орынмен аяқтады.
Қызығы сол, Маделин әлеуметтану пәнінен берген тапсырманы орындауды ұмытып кеткен. Ол Макмастер университетінде «Адам мінез-құлқын зерттеу» бағдарламасы бойынша білім алады. Сөйтіп, ұстазына Милан Олимпиадасына қатысып жатқанын, тапсырманы уақытында орындай алмағаны үшін кешірім сұрайтынын жазған. Тіпті жарыстың баспасөз бағдарламасын да қоса жіберген екен. Мұны әлеуметтік желіге жүктеп, оқырмандарының ықыласына бөленді. Кеше профессоры да кері байланыс беріп, «Маделин, сенімен мақтанамын!» деп жазба жариялады.
Осылайша, Олимпиадаға қатысып жатқан студент-атлеттің оқиғасы көпті сүйсіндірді. Ол 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында да тапсырмасын орындап жүріп, жекелей сында 18 орынға тұрақтады. Командалық сында Канадаға 4 орынға көтерілуге көмектесті.
Гаити шаңғышысы Стивенсон Савар – мектепте мұғалімнің көмекшісі болып жұмыс істейді. Олимпиадада скиатлон бағдарламасында сынға түсті. 20 шақырым қашықтықтағы жарыста Йоханнес Клэбо алдына қара салдырмады. Десе де жұрт Саварға жарыс жеңімпазымен тең құрмет көрсетті. Ол Йоханнестен шамамен 11 минут артта қалып, жарысты соңғы аяқтады. Мәре сызығын кескен сәтте иіліп, өзіне соңына дейін қолдау көрсеткен жанкүйерге рақметін айтты.
Қысқы спорттың төресі мәнерлеп сырғанау десек, осы додадағы Сакамато сиқыры бір бөлек. Әр жарыс сайын мұзға жаны мен жүрегін тастап кететін спортшы бұл жолы да білгенінен жаңылған жоқ. Неге дейсіз ғой, себебі оның бағдарламасында өзі және ертегіге бергісіз мансабы бар.
Иә, биыл Сакамато спортағы мансабын аяқтайтынын, әр жарыс қоштасуға, жанкүйерге алғыс айтуға мүмкіндік екенін мәлімдеген. Әттең, кеше Жапония командалық сында күмісті місе тұтты. Ал өзі әйелдер арасында оқ бойы оза шапты. Белгілі спорт журналисі Лилиана Қанатқызы жапон мықтысының қоштасу биін әдемі талдап берді. Оның айтуынша, қысқа бағдарламасында қоштасатын кез келді десе, еркін жаттығуында спорттағы ерекше сәттерді суреттеген.
«Бірінші бөлігі – La vie En Rose. Мұздағы тұсаукесері, алғашқы толқыныс. Ортасында – Hymne a L’amour. Спорттағы толысқан шағы. Дәл осы әуенмен өткен Олимпиадада қола алып, үш рет әлем чемпионы атанады. Ал еркін жаттығу Non, je ne regrette rien-мен аяқаталады. Яғни, ештеңеге өкінбеймін. Шынында да, спорттағы жолы керемет болды. Жеңіс те, былтырғы әлем чемпионатында алтын ала алмай қалған кезін де білеміз. Бірақ осындай карьера әрбір спортшының арманы ғой», – дейді сарапшы.
Олимпиадада италиялық 35 жастағы конькиші Франческа Лолобриджида 3 мың метрге жүгіруден чемпион атанды. Оның үстіне туған күнінде алтыннан алқа таққаны тағы бар. Өнер көрсетіп болған соң ұлын құшақтап, қолына ойыншық ұстатқаны да – жүрек жылытар сәт.
Франческа 2022 жылы Пекин Олимпиадасында күміс медаль иеленген. Одан кейін карьерасында үзіліс алып, өмірге ұлын әкелген. Араға уақыт салып, мұз айдынға қайта оралып, арманынан бас тартпайтынын дәлелдеді.
Бұдан бөлек, Милан – Кортинада төрт дүркін Олимпиада чемпионы Баумгартнер өнер көрсетеді. Ол – 44 жаста. Никпен қатар 52 жастағы сноубордист Клаудия Риглер де бесінші рет бақ сынап жатыр. Керлингтен АҚШ құрамасының мүшесі, 54 жастағы Рич Руохонен ақ аламанға жеткен.