Биыл маусым айында ҰҚК есірткіге қарсы 21 операция, оның ішінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізді. Есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхананың қызметі бейтараптандырылды - делінген хабарламада.
Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды.
Заңсыз айналымнан 120,6 кг есірткі, оның ішінде 61,8 кг синтетикалық есірткі (206 мың "бір реттік дозаға" баламалы), 6 кг марихуана, 52,7 кг гашиш тәркіленді. Бұдан басқа, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6000 экстази таблеткасы және 2 тоннадан астам химиялық реагенттер айналымнан шығарылды. Маусым айында алынған есірткінің жалпы сомасы "қара нарықта" 1.3 млрд теңгеден астам бағаланады - дейді ҰҚК өкілдері.
Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғаса береді.