12.12.2025
13:00
2178
Бір жылда 2 мыңнан аса адам көз жұмды: Қай өңірде жол жүру қауіпті болып тұр?

Бір жылда 2 мыңнан аса адам көз жұмды: Қай өңірде жол жүру қауіпті болып тұр?

Қазақстан жолдарындағы жағдай жыл сайын емес, күн сайын күрделеніп келеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жариялаған мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында елде 32 477 жол апаты тіркелген. Бұл – 2024 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 23,8 пайызға жоғары көрсеткіш. Апаттар салдарынан 46,3 мыңнан астам адам зардап шеккен, олардың ішінде 2,1 мыңнан аса азамат қаза қапты.

Жол апаттары неге күрт көбейді?

Соңғы екі жылдағы статистика жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін анық көрсетеді. 2023 жылдың алғашқы 11 айында елімізде бар болғаны 13,2 мың жол апаты тіркелген болса, 2025 жылы бұл сан 32,4 мыңға жетіп отыр. Яғни екі жыл ішінде апат саны 146 пайызға артқан.

2023 жылдың 11 айында 13,2 мың жол апаты тіркелсе, 2025 жылдың дәл осы кезеңінде апат саны 32,4 мыңға бір-ақ шыққан. Яғни екі жылда жол-көлік оқиғалары шамамен 2,5 есе көбейді. Жарақат алғандар да күрт артқан: екі жыл ішінде олардың саны 44 мыңнан асты, бұл 2,7 есе өскенін білдіреді. Тіпті 2024 жылмен салыстырғанда да жарақат алғандар саны 30 пайыздан көп. Ал жол апатында көз жұмғандар саны төмендеген. Биыл жолда опат болғандар көрсеткіші былтырғыдан 9,7% аз.

Өлім-жітімнің аз ғана төмендеуі жағдайды жеңілдетпейді, себебі жол апатының саны өте жоғары көрсеткішке жетіп, жарақат алған жолаушылар саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

Қай өңірде жағдай күрделі?

Жол апаттарынан зардап шегушілер саны бойынша ел ішінде айқын көшбасшылар бар. Статистика ең ауыр жағдайдың мына өңірлерде байқалатынын көрсетеді:

Коллаж El.kz
  • Алматы қаласы – 8 172 адам,
  • Алматы облысы – 5 378,
  • Жамбыл облысы – 3 005,
  • Ақтөбе облысы – 2 770,
  • Атырау облысы – 2 532.
2025 жылғы жол апатының саны

Ауыр жарақат алып, ауруханаға түскендер жағынан да осы аймақтар алдыңғы орындарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында – 8 105 адам. Одан кейін:

  • Астана – 2 302,
  • Алматы облысы – 5 037,

сондай-ақ Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында ауыр жарақаттану деңгейі жоғары.

Коллаж El.kz

Қайғылы жағдайлар саны бойынша Алматы облысы (341 адам), Түркістан облысы (261) және Жамбыл облысы (188) алдыңғы қатарда тұр. Бұл өңірлердегі ауыр көлік ағыны, республикалық трассалардың көптігі және жылдамдық режимінің жиі бұзылуы өлім-жітім деңгейін арттырып отыр.

Коллаж El.kz

Неге жол апаттары республикалық трассаларда жиілеп отыр?

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, ең ауыр апаттар елді мекеннен тыс жолдарда болады. Олардағы негізгі қауіп факторлары:

  • жолақтардың тар болуы,
  • қозғалысты бөлетін сызықтың болмауы,
  • бетпе-бет соқтығысу,
  • көліктің аударылуы.

Министр бұл тәуекелді азайту үшін кем дегенде 6000 шақырым төрт жолақты жаңа трасса салу қажет екенін мәлімдеген. Алайда бұл ұзақ мерзімді жоба, ал қазіргі статистика өзгеріссіз қалып отыр.

2025 жылы ең жоғары көрсеткіш тіркелген өңірлер

Сарапшылар ауыр зардапты апаттардың көбеюі ең алдымен республикалық маңызы бар тасжолдарда байқалатынын айтады. Өсім картасы төмендегіше:

  • Маңғыстау облысы – +63,5%, әр екінші апат жарақатпен аяқталады;
  • Жетісу облысы – +57,5%, жарақат алу деңгейі өте жоғары;
  • Алматы қаласы – +31,5%, апат көп, бірақ өлім үлесі ең төмен – 0,11%;
  • Түркістан облысы – +13,3%, жарақаттану деңгейі төмен, бірақ өлім қаупі жоғары – әр қырықыншы апат адам өлімімен аяқталады (2,55%).

Өңірлер арасындағы айырмашылық айқын: бір жерде апат көп, бірақ өлім-жітім аз (Алматы қаласы), бір жерде апат аз, бірақ салдары аса ауыр (Түркістан облысы). Алматы облысы мен республикалық маңызы бар трассаларда қауіп деңгейі жоғары болып тұр.

Сарапшылар егер қазіргі қарқын сақталса, 2025 жылдың соңына дейін жол апаттарының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деп болжап отыр. Бұл – жедел әрі кешенді шараларды қажет ететін алаңдатарлық белгі.

Адам өмірін жалмайтын қауіпті жер учаскелері

Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелер бар. Олар жол-көлік оқиғаларының саны, ауырлығы және өлім-жітім деңгейі бойынша тәуекелі жоғары аймақтар ретінде бағаланған.

Қауіпті нүктелердің нақты орналасуы жергілікті полиция мен жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметтерінің деректері негізінде анықталып, олар бойынша қосымша бақылау, қайта жобалау және инженерлік шаралар қолға алынған. 2025 жылдың алғашқы 9 айында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 57 авариялық-қатерлі учаске анықталды, оларда барлығы 238 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Абай облысы

  • KAZ-07 — 883-шақырым

  • KZ18-02 — 56–57-шақырым

Ақмола облысы (Астана – Көкшетау бағыты)

  • 45, 53 және 243-шақырымдар

Ақтөбе облысы (М-32 «РФ шекарасы – Шымкент»)

  • 827, 924 және 1000-шақырымдар

Алматы облысы

  • «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» — 13, 15, 18-шақырымдар

  • «Алматы – Астана» — 40-шақырым

  • «Алматы – Бішкек» — 17–18, 20, 23, 26, 28–29, 32, 34, 36, 38, 44–45, 49–50-шақырымдар

  • «Алматы – Өскемен» — 22, 29, 46, 51, 57, 67, 71, 86-шақырымдар

  • «Алматы – Көкпек – Қорғас» — 14–15, 23, 25, 27, 31, 33, 43, 52, 63, 72, 99, 114-шақырымдар

  • «Алматы – Төнкеріс – Междуреченск» — 39-шақырым

  • «Алматы – Шамалған – Ұзынағаш – Аққайнар – Қырғызстан шекарасы» — 58-шақырым

Шығыс Қазақстан облысы

  • «Алматы – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» — 1037-шақырым

Жамбыл облысы

  • «РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Хоргос» бағыты — 213, 382, 389, 488, 548-шақырымдар

Жетісу облысы

  • «Алматы – Өскемен» — 247-шақырым

Жол апатын азайту үшін 

Апатты жағдайлардың санын азайту мақсатында қосымша жол белгілері мен қоршаулар орнату, шуақ жолақтары мен стробоскоптар жасау, жол қозғалысы ережелерін бұзуды фото және видеоқұрылғылар арқылы тіркеуді кеңейту, сондай-ақ жол полициясының бақылауын күшейту қарастырылған.

Апатты азайтудың қатаң жоспары

Биыл республикалық желі бойынша жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылған. 1 мың шақырым болатын жол I және II санатқа ауыстырылып, 5 айналма жол және 4 жол үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. 76 мал айдауға арналған өткел және 285 шақырым қоршау орнатылды.

Қауіпті учаскелерде шу жолақтары орнатылып, 630 мың жол белгісі қойылды, 35 мың шақырым жол белгілері салынды (жол бойында), 320 шақырым бойында жарықтандыру ұйымдастырылды. Қысқы кезеңде жылдамдық режимін реттеу және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету шаралары қабылданады. Сондай-ақ техникалық бақылау талаптары күшейтіліп, операторларға қатысты айыппұлдар мен санкциялар арттырылды, техникалық құжаттар жаңартылуда, халықаралық тәжірибені ескере отырып, келесі 5 жылға жол қауіпсіздігі стратегиясы әзірленген.

Жылдамдық режимін сақтау үшін ақылы жол учаскелерінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілуде: 8 учаскеде бұзушылықтар тіркелуде, бірнеше күре жолдарда деректерді ЕРАП жүйесіне беру дайындалып жатыр. Ал қалған жол учаскелерінде қосымша жылдамдық шектеулері ескеріліп жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді Жолдарды пайдалануға беру басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев.

Жол апатының көбеюіне жол сапасының әсері қандай?

Жол-көлік оқиғаларының себептерін талдау барысында жол сапасының ықпалы қарастырылды. Соңғы жылдардағы деректерге сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдарда жүйелітүрде жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жолдардың сапасы жылдан жылға жақсарып, заманауи талаптарға сай материалдар мен технологиялар қолданылуда. Бұл – қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, апаттардың алдын алуға және көлік ағынын тиімді басқаруға ықпал етеді. Айта кету керек, апаттардың негізгі себептері – жылдамдықты асыру, қарама-қарсы бағытқа шығу және арақашықтықты сақтамау. Жол сапасы фактор ретінде әсер ететіні анықталғанымен, апаттардың басым бөлігі жүргізушілердің тәртіп бұзушылықтарымен байланысты. Бұл фактор апаттар санының өсуіне қосымша ықпал етіп отыр, себебі көлік құралдарының көбеюі жолдағы тәуекелдерді де арттырады.

Сонымен қатар жылдамдықты асыру бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін 2025 жылғы 17 наурыздан бастап халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдық есептеле бастады. Орташа жылдамдық тек түзу учаскелерде камералар арқылы тіркеліп, жүрілген жолды уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі, - делінген Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің El.kz тілшісіне берген жауабында.

Жол апатының түпкі себебі қандай?

Қазақстандағы жол апаттарының түпкі себептері жылдар бойы өзгермей келеді. Негізгі факторлар белгілі: жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік жүргізу, арақашықтықты сақтамау және жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Статистика да осыны растайды. Жылдамдықты арттыру салдарынан 406 адам, қарсы жолаққа шығудың кесірінен 400 адам қаза тапқан. Белгіленбеген жерден өткен 67 жаяу жүргінші де жол үстінде мерт болды.

Жалпы 31,4 мың апаттың 27,1 мыңы тікелей жүргізушілердің жауапсыздығынан туындаған. Қалған оқиғалар жаяу жүргіншілердің тәртібіне, жол күтімінің сапасына, көліктің техникалық ақауларына немесе коммуналдық қызметтердің салғырттығына байланысты болған. Бұл цифрлар жолдағы қауіпсіздік мәдениетінің әлі де қалыптаспай отырғанын айқын көрсетеді. Мәселе тек статистикада емес – инфрақұрылым, жүргізуші мәдениеті, бақылау жүйесі және жылдамдыққа деген көзқарас өзгермейінше, апат саны да, оның салдары да азаймайды.

Бұл мәліметтерді  Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов жариялады. Оның айтуынша, апаттардың тағы бір ірі себебі - көлік жүргізушілерінің тәртіп деңгейінің төмендігі.

Биылдың басынан бері полиция 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Мас күйінде көлік тізгіндеген 21 мыңнан аса жүргізуші ұсталды. 25 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылды. 21 мың азамат әкімшілік қамауға алынды. 401 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, - деді Сарғұлов.

Оның айтуынша, жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция барлық қолжетімді бақылау тетіктерін пайдаланып отыр.

Қазір бізде 523 мобильді бақылау кешені қызметте. Өткен жылдан бастап жасырын патрульдеу тәсілі енгізілді. Сонымен бірге қозғалысты дрон арқылы бақылау да жолға қойылды. Дрондар көмегімен төрт мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды,- деді спикер.

Тәртіпті жиі бұзатын жүргізушілермен күресу үшін барлық цифрлық құралдар мен бақылау камералары TOR платформасына біріктірілген. Бұл жүйе көлік қозғалысын бақылауға, іздеуде жүрген автокөліктерді (тұлғасына, түсіне, маркасына қарай) анықтауға, агрессиялы жүргізушілерді табуға және тоқтамай ұзақ жүретін, шаршаған жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік береді.

Ал жол апатының жол сапасына байланысты үлесі өте аз болып шықты.

Жол жағдайынан туындаған апат деп тану үшін сот сараптамасы тағайындалады. Егер сараптама себепті растаса, шешімді сот шығарады. Бүгінгі таңда республика бойынша дәл осы себептен болатын жол апаттарының үлесі өте аз, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Қауіпті жолдарға - қатаң бақылау

Жол қауіпсіздігін тұрақтандыру үшін Ішкі істер министрлігі ел көлемінде бірқатар тетік енгізді. Патруль бағыттары кеңейтілді, «Қауіпсіз жол», «Автобус» секілді мақсатты рейдтер тұрақты өтеді. Барлық өңірде қозғалыс дрон арқылы бақылауға алынған - тек осы әдістің өзі алты мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтап отыр.

Автоматтандырылған бақылау желісі де кеңейді: ел бойынша 28 мыңнан астам камера жұмыс істейді. Патруль көліктеріне жылдамдықты өздігінен өлшейтін радар орнатылып, жасырын патрульдеу тәжірибесі енгізілді. Республикалық маңызы бар тасжолдарда орташа жылдамдықты есептейтін жүйе іске қосылған, ол 1 900 шақырымға жуық жолды қамтиды.

Соңғы жылдардағы үрдістерге қарасақ, ел апат санын азайту үшін шын мәнінде ауқымды қадам жасап жатыр: трассаларды жаңарту, интеллектуалды бақылау жүйелерін орнату, жүргізуші мәдениетін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламалары соның айғағы.

Министрлік бүгінде барлық цифрлық бақылау құралын біріктіретін «TOR» бірыңғай платформасын іске қосқан. Жүйе:

  • көліктердің қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалайды;
  • іздеуде жүрген автокөліктерді маркасы, түсі мен моделіне қарай жылдам табуға мүмкіндік береді;
  • агрессиялы жүргізушілерді анықтайды;
  • тоқтамай ұзақ жүрген, сегіз сағаттан артық рөлде отырған жүргізушілерді бақылауда ұстайды.