23.10.2025
11:15
509
«Бір жыл ғана мұғалім болдыңыз». Жұлдыз Сүлейменова сынға жауап берді

«Бір жыл ғана мұғалім болдыңыз». Жұлдыз Сүлейменова сынға жауап берді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желіде өзіне айтылған сындарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. Министрдің айтуынша, оның педагогикалық еңбек өтілі жиырма жылдан асады.

Мектептегі тәжірибесі жайлы 1 жыл деген ақпарат қисынсыз. Жалпы менің педагогикалық еңбек өтілім – жиырма жылдан асады. Осы уақыттың ішінде №139 мектепте жұмыс істедім, сондай-ақ зияткерлік мектептер жүйесінде тоғыз жылдан астам еңбек еттім. Зияткерлік мектептерде методолог ретінде қызмет атқардым, кейін Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің директоры лауазымына дейін көтерілдім, – дейді министр. 

Сүлейменованың сөзінше, ол орталық аппаратта білім беру саясатын айқындау, типтік оқу жоспарларын әзірлеу және оқу бағдарламаларын жетілдіру бағытында жұмыс істеген. Сондай-ақ оқу зертханаларындағы құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану ісімен айналысқан.

Сондықтан менің еңбек өтілімді «бір жыл ғана» деу – қисынсыз. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында да оқытушылық қызметтен бастап, жастар ісі және оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл да менің білім беру саласындағы жүйелі еңбек тәжірибемнің бір бөлігі, – дейді Сүлейменова.

Министр мектеп директоры болған кезеңі туралы да тоқталды.

Мектеп директоры болған кезде де сабақ процесінен қол үзген жоқпын –  7-9-сыныптарға дәріс беріп, оқушылармен тікелей жұмыс істедім. Сондықтан педагогикалық қызмет мен үшін тек кәсіби жол емес, сонымен қатар өз ұстанымым мен өмірлік бағытым, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.