Мәдениет

Бір театр, бір тағдыр: Қадірбек Демесіннің өмір жолы

01.06.2026 09:35
Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

«Актер болма, адам бол». Бұл – Қадірбек Демесіннің шығармашылық кредосы. Жарты ғасырдан астам уақытын сахнаға арнаған актер үшін өнер – тек мамандық емес, тағдыр. Ол екі дәуірдің – кеңестік кезең мен тәуелсіздік тұсындағы қазақ өнерінің куәсі ғана емес, сол өнердің бел ортасында жүрген тұлға.

Қадірбек Демесін 1952 жылы 5 наурызда Алматы облысы, Бөрлітөбе ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келген. Әкесі 50-ден асқанда туған ұлды Елубай демей, халқына қалаулы, қадірлі бала болсын деген ниетпен Қадірбек деп атайды. Балалық шағы қарапайым ауыл тіршілігімен өрілсе де, өнерге деген ішкі құштарлық оны үлкен сахнаға жетеледі. 1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік бөлімін тәмамдап, сол жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек жолын бастайды.

Cахнаға сіңген ғұмыр

Актердің бүкіл шығармашылық ғұмыры бір театрмен тығыз байланысты. Бұл – сирек кездесетін адалдық. «Ғабит Мүсірепов театры – менің екінші үйім» дейді ол. Театр сахнасында өткен 55 жыл – тұтас бір дәуір.

Оның сомдаған образдары сан алуан: тарихи кейіпкерлер, замандастар, комедиялық және драмалық тұлғалар. С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларындағы» адьютанттан бастап, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан-Есенейіндегі» Тілемеске дейінгі кейіпкерлер галереясы – актерлік диапазонының кеңдігін дәлелдейді.

Балаларға арналған спектакльдердегі рөлдері де ерекше. «Керқұла атты Кендебайдағы» Тор мен Дию, «Алтын дәннің құпиясындағы» Тышқан ата – жас көрерменнің есінде қалған бейнелер.

«Тамаша» және халық ықыласы

Қадірбек Демесіннің есімі халыққа кеңінен «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы танылды. Бұл сахнада ол күлдіріп отырып жылата алатын, ойға қалдыратын актер ретінде қалыптасты. 

«Бір концертті 5 сағат ойнаған кездер болды. Залға адам сыймайтын», – деп еске алады актер.

Әр қойылымға айлар бойы дайындалып, әр сөздің салмағын сезініп шығатын. «Актерлер штамптан қашуы керек» дейтіні де содан. Әр рөлінде жаңа мінез, жаңа бояу табуға тырысқан. 

Ұстаздар ізі және дубляж әлемі

Қадірбек Демесіннің шығармашылық қалыптасуына қазақ өнерінің корифейлері әсер етті. Мұқтар Бақтыгерей, Атакерей Смайыл, Алтынбек Кенжеков, Қасым Жәкібаев сынды тұлғалардан тәлім алды.

Дубляж саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі қазақша дыбыстауы – соның дәлелі. Бұл жұмыста ол ұстазы Қасым Жәкібаевтың интонациясын дәл жеткізіп, көрерменді тәнті етті, – дейді актриса Гүлжамал Қазақбаева.

Қадірбек ағаның айтуынша, ол театрді нөлден бастағанындай, дубляж саласында нөлден бастаған. Ұлы тұлғалардан тәлім алып, солардың артықшылығын зерттеп, керегін алған. Қасым Жәкібаевтың білімпаз, ізденімпаз болмысын бойына сіңіріп, ұстазынан дубляж саласын үйренген. 

Өмірдің сынағы мен сахна шындығы

Актер тағдыры – тек сахнадағы шапалақ емес, өмірдің ауыр сынақтары да. Қадірбек Демесін жеке өміріндегі ауыр қайғыларды да бастан өткерді. Бірақ соған қарамастан, өнерден қол үзбеді.

«Ыстығың көтеріліп тұрса да, сахнаға шығасың. Бір-екі минуттан кейін тер шығып, өзіңді ұмытып кетесің», – дейді ол.

Бұл – нағыз актерге тән қасиет. Актер үшін отбасы – тірек. Жары Қатриямен бірге өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар бөлісті. Балаларына дұрыс тәрбие беруді басты міндет санайды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды. Сондықтан бала тәрбиесіне он есе көп еңбек ету керек», – дейді ол.

Өнердің өлшемі – халық

Қадірбек Демесін үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы. Дегенмен оның еңбегі ресми түрде де жоғары бағаланған:

«Марқұм Лұқпан ұстазым залда "Тамашаны" 3 мың адам көрсе, теледидардан көретін 6 миллион қазаққа бағыштап ойнаңдар дейтін. Сондықтан әр рөлге жауапкершілікпен қарау керек», – дейді ол. 

Қадірбек Демесін – сахнаға ғана емес, өмірге адал актер. Оның шығармашылығы –қазақ өнерінің бір бөлігі, ал өзі – сол өнердің тірі тарихы. «Біз бастаған жолды жастар жалғастырады деп сенемін» – дейтіні де содан. Өзі Хадиша Бөкеева сияқты ұстазынан үйреніп, аласа бойымен, бұйра шашымен талай таланттың арасынан топ жарған адам. 2,5 жыл көпшілік сахнада ойнап, содан кейін эпизодтың рөлін алған. Сондықтан «рөлге аш болуды» жақсы біледі. Қазір өнер саласында жүрген жастарға да бірден басты рөлге асықпай, өзіңді пісіріп, аз қасқырға айналу керегін нұсқап, ақыл айтады. 

 

Оқи отырыңыз