Қазақ келіні ененің қасында отырып, үлкен өмірдің мектебінен өтетін дәстүр қашан да ұлт болмысының бір бөлігі болып келген. Алайда бүгінде заман өзгерді, ұрпақ жаңарды. Бірі «ененің тәлімі – келіннің бағы» десе, енді бірі «жас отбасының өз кеңістігі болуы керек» деп санайды. Уақыт талабымен түрленіп келе жатқан осы қатынас бүгінде қоғамда түрлі пікір тудырып отыр.
El.kz интернет порталының тілшісі осы мәселеге қатысты этнографтың және жас келіннің көзқарасын біліп көрді.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, бір шаңырақ астында екі түрлі көзқарастың тоғысуы оңай шаруа емес. Дегенмен6 қазақтың дәстүрінде келін түскен соң, ол жаңа әулеттің салтына, мәдениетіне және менталитетіне бейімделуі тиіс.
Қазақта келіннің ата-енемен бірге тұруы – көнеден келе жатқан дәстүр. Бұл біздің әдет-ғұрпымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан «бірге тұру керек» немесе «тұруға болмайды» деп кесіп айту дұрыс емес, – дейді этнограф.
Егер ене мен келіннің мінезі, көзқарасы, өмір салты үйлессе, бір шаңырақ астында бірнеше ұрпақтың өмір сүруі үлкен ырыс пен берекенің белгісі екенін айтады. Ал егер заман талабына сай немесе өзара жараспауына байланысты бөлек тұру тиімді болса, оған да түсіністікпен қарау қажет деп санайды.
Бұлбұл Кәпқызының пікірінше, бастысы өзара сыйластық пен түсіністік.
Бүгінгі заманда ата-ене мен келіннің арақатынасына көненің қатал қағидаларымен қарауға болмайды. Ең маңыздысы – отбасының тұтастығы мен баланың бақыты. Келін мен ене бір-бірін құрметтеп, тіл табысуға тырысса, бәрі де орнына келеді. Өйткені дүниенің кілті – әйелдің қолында. Әйел адам сабыр мен парасат танытса, отбасы да, ұрпақ та бақытты болады, – дейді ол.
Этнограф бұл тақырыпқа тек маман ретінде емес, ене ретінде де көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, ене мен келіннің арасындағы басты нәрсе – сыйластық пен әділдік.
Өзімнің де келінім бар. Қазір келінім Алматыда, ал мен қызмет бабымен Астанадамын. Әйтпесе біз бірге тұрғанды қалаймыз. Бірге тұрғанда да, татулық пен өзара түсіністік біз үшін басты құндылық болды, – дейді.
Бұлбұл Кәпқызы келіні мен ұлы екеуінің жағдайына бірдей қарап, әділ болуға тырысатынын айтады.
Егер ұлымның тарапынан әділетсіздік байқалса, келінімнің жағында боламын. Себебі ол – менің немерелерімді тәрбиелеп отырған біздің әулеттің болашағын қалыптастырып жатқан тұлға, – деді.
Этнографтың сөзінше, келінді құрметтеу – отбасылық тәрбие мен ұрпақ тәрбиесінің негізі.
Мен ешқашан «бұл менің ұлым, ал бұл келінім» деп бөліп қарамаймын. Келін – отбасындағы берекенің кілті. Сол үшін оған қолдау көрсетуге тырысамын. Кейде ұлыма «жұмыстан бөлек, аптасына бір рет келініңмен киноға барып, серуендеп тұрыңдар» деп ескертіп қоямын. Өзім Алматыға барғанда да, келін мен ұлымның демалып, бірге уақыт өткізуі үшін балаларды өзім қарап қаламын. Өйткені шаңырақтың тыныштығы мен бақытты өмірдің бастауы – әйел мен ердің арасындағы сыйластықта, – дейді ол.
Қазақ қоғамында келін мен ененің бірге өмір сүру дәстүрінің тарихи, тәрбиелік және әлеуметтік мәні терең.
Қазақтың отбасы құрылымына қарасақ, көпбалалы шаңырақтар аз болмаған. Алғашқы түскен келін отбасындағы үлкендердің, әсіресе енелердің қамқорлығы мен тәрбиесін алып өскен. Келін өмірдің барлық қыр-сырын бірден білмейді. Оған бағыт-бағдар беріп, тұрмысқа бейімдеп, салт-дәстүрге үйрететін ене, – дейді этнограф.
Оның сөзінше, бұрындары қазақ аналары әр келінді қолында тәрбиелеп, кейін бөлек отау етіп шығарып отырған. Осылайша әр ұлы мен келіні өз үйін тіккен, ал кенже ұл мен оның жары ата-ананың қасында қалып, үйдің отын өшірмей, ата мен енеге қарайласқан.
Қазақта «малыңды балаң таласын» деген сөз бар. Бұл – әр балаға енші беріп, өз отауын бөлек шығару дәстүрінің көрінісі. Соңында кенже ұл мен келіні үйдің қара шаңырағын сақтап, ата-енесіне күтім жасап, мұрагерлік жолды жалғастырған. Қартайған ата-ене ешқашан жалғыз қалмаған. Бұл – ұрпақ тәрбиесі мен отбасы бірлігінің басты үлгісі, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Оның сөзінше, бұрындары қазақ аналары әр келінді қолында тәрбиелеп, кейін бөлек отау етіп шығарып отырған. Осылайша, әр ұлы мен келіні өз үйін тіккен, ал кенже ұл мен оның жары ата-ананың қасында қалып, үйдің отын өшірмей, ата мен енеге қарайласқан.
Этнограф ене мен келін арасындағы кикілжіңнің түп-төркіні екі тараптың да өз орнын дұрыс түсінбеуден басталады деп отыр. Келін мен ене арасындағы жанжал бір-бірінің өз орнын білмеуінен екенін айтады.
Ене келінді өз қызындай көріп, оған бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуі керек. Ал келін болса, «мен осы үйдің келінімін, үлкенге құрмет көрсету – парызым» деген түсінікпен қараса, ешқандай келіспеушілік тумайды, – дейді этнограф.
Оның айтуынша, ене мен келіннің бірге тұруы жамандық емес, керісінше, өзара қолдауға мүмкіндік береді.
Келін жұмысқа шықса, енесі немересін бағып, үйдің шаруасына көмектесіп отырса бұл – отбасының берекесі. Кейде кейбір енелер «ұлдарын қызғанады» деген қоғамда пікірлер айтылады. Мен ондай көзқарасты қабылдамаймын. Бұл – тәрбиенің әлсіреуінен. Егер ене өзі парасатты болса, келініне де дұрыс бағыт береді, – дейді.
Этнограф өз отбасылық тәжірибесінен мысал келтірді.
Біздің анамыз енесімен 53 жыл бірге өмір сүрді. Біз он бала әжеміздің тәрбиесінде өстік. Кейде анамызға «жаман қатын» деп айтсақ та, ол ренжімейтін. Өйткені ол бізді әжеміздің еркелігіне балап, бәріміздің солай өскенімізге қуанып жүретін. Бұл – үлкеннің сабырлылығы мен түсіністігінің үлгісі, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Оның пікірінше, бүгінгі қоғамдағы ене мен келін арасындағы алшақтық дәстүрдің әлсіреуінен туындап отыр.
Қазір адамдардың бойында менмендік басым болып барады. «Бағаңды біл» деген ұран жиілеп, әркім өз менін қорғауға тырысады. Ал шындығында бәрі орнымен болса, үйлесім бұзылмайды. Ең бастысы – үш ұрпақтың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі. Баласы, немересі ата-әжесіне еркелеп, әке-шешесімен бірге отырған отбасын мен қазақтың ең бақытты шаңырағы дер едім, – дейді этнограф.
Этнограф отбасы мен ұрпақ сабақтастығының мәнін ерекше атап өтті.
Адам өмірге не үшін ұрпақ әкеледі? Әрине, сол ұрпағының бақытты, өнегелі, жақсы қоғамда өмір сүруі үшін. Біз мәңгі емеспіз, бірақ біздің ұрпағымыз – мәңгі. Сондықтан келешекке берік іргетас қалау – әр ата-ананың, әр әулеттің парызы. Егер сол іргетас дұрыс қаланса, қоғам да, отбасы да берік болады, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Ақтөбе қаласының тұрғыны, бүгінде келін Гүлжан Тұрдақынованың пікірінше, жас отбасының алғашқы жылдары ата-енемен бірге тұруы дұрыс, әрі тәрбиелік мәні бар тәжірибе.
Менің ойымша, жас жұбайлар алғаш үйленгенде, кем дегенде бір жылдай ата-енемен бірге тұрғаны дұрыс. Өйткені бұл кезеңде жаңа өмірге бейімделу, тұрмысқа үйрену, бір-бірінің мінезіне сіңісу жүреді. Ал бір-екі жылдан кейін өз алдына бөлек шығып, дербес өмір сүргені де жөн. Өйткені адам өз отбасын өзі қалыптастырғанда ғана жауапкершілігі артады, – дейді ол.
Гүлжанның айтуынша, ата-енемен бірге тұрудың да, бөлек тұрудың да өзіндік артықшылықтары бар.
Бірге тұрсаң, үлкен кісілердің көмегі тиеді. Мысалы, аяғың ауыр кезде, босанған соң баламен көмектеседі, кеңес береді. Бұл – жас ана үшін үлкен қолдау. Кейіннен әйел жұмысқа шыққысы келсе де, енесі балаға қарап, жағдай жасап береді. Сондықтан алғашқы жылдары бірге тұрған пайдалы, – дейді келін.
Дегенмен ол отбасы татулығының көп жағдайда ене мен келіннің мінезіне байланысты екенін де жасырмайды.
Кейде өте жақсы ниетті, баласының бақыты үшін бәріне дайын енелер кездеседі. Ондай отбасында тұру – бақыт. Ал енді ұлын қызғанып, келінге орынсыз сын айтатын енелер де бар. Мұндай жағдайда, әрине, бөлек тұрған дұрыс. Бірақ меніңше, алғашқы үш-төрт жыл бірге тұрып, бір-біріне үйренген отбасының іргесі берік болады, – дейді Гүлжан.
Келін Гүлжанның айтуынша, кей қыздар тұрмыс құруды жеңіл міндет деп ойлайды. Ал шын мәнінде, келін болу өз-өзіңмен жұмыс істеуді, сабыр мен жауапкершілікті қажет ететін үлкен мектеп.
Көп қыздар «күйеуге шықтым болды» деп ойлайды. Бірақ отбасын құру – үлкен жауапкершілік. Бұл өз мінезіңмен, еркелігіңмен жұмыс істеуді талап етеді. Себебі отбасындағы береке мен үйлесім көбіне келіннің ниеті мен көзқарасына байланысты. Үйдегі «ауа райын» келін қалыптастырады, – дейді ол.
Гүлжанның пікірінше, жаңа түскен келін ең алдымен сол шаңыраққа жылулық, береке алып келуді мақсат етуі тиіс.
Күйеуге шыққанда тек бір адамға емес, тұтас әулетке келесің. Сондықтан «мен тек күйеуім үшін келдім, сіздерге емес» деген түсінік дұрыс емес. Келін болған соң, ол үйдің дәстүрін, салтын, адамдарын қабылдап, өз орнын табуға тырысу керек. Бұл моральдық тұрғыда дайындықты қажет етеді. Отбасының бақыты мен татулығы осыдан басталады, – дейді.
Оның айтуынша, жақсы ниетпен келген келін қай отбасына барса да сыйластық табады.
Әр ана баласының бақытты болғанын қалайды. Сондықтан ене де, келін де бір-бірін түсініп, сабырлы болса, бәрі жақсы болады. Ал тұрмыстағы ұсақ-түйекке бола беттен алып ренжісе, ол отбасыға береке әкелмейді. Негізі, бөлек тұрсаң да, бірге тұрсаң да, әйел өз ісіне жауапкершілікпен қараса отбасы берекелі болады, – дейді келін Гүлжан.
Этнографтың да, жас келіннің де пікірінен аңғарылатыны бастысы бірге немесе бөлек тұру емес, бір-бірін құрметтей білу. Ене ақылымен, келін ізетімен отбасы жылуын арттырса, ол үйде береке де, бірлік те орнайды. Қай дәуір болмасын, бір шаңырақ астындағы татулық – ұлттың тұтастығының айнасы.