"Бір реттік неке": ҚМДБ Ақтөбе мешітінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

"Бір реттік неке": ҚМДБ Ақтөбе мешітінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі мешітте ер адамның бойжеткенге «бір реттік неке» ұсынып, қырындаған оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ҚМДБ мәліметінше, оқиға ҚМДБ ауласында болған.

Мешіт – құлшылық пен тәрбие ордасы. Онда келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті. Ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі оқиғада қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптайды. Өйткені мұндай әрекет мұсылмандыққа жат, әрі адамгершілік қағидаттарына да сай емес,-делінген мәліметте.

ҚМДБ жамағатты сабыр мен парасаттылыққа шақырып, жалған ақпарат пен арандатушылық әрекеттерге ермеуге үндейді. Қоғамда бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Еске салсақ, 25 шілде күні Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінен шығатын жерде белгісіз ер адам келуші қыздың жолын бөгеп, әдепсіз астары бар сөздер айтқан. Сонымен қатар ол жас қызға  «бір реттік неке» ұсынған болатын. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ер адамның жеке басы анықталып, ол заң аясында жазаланды.