Бір редакциядағы қазақ және орыс тіліндегі бөлім контенттері сәйкес келмейді - Бибігүл Жексенбай

6 Маусым, 11:08 601

Бүгінгі Сенат отырысында депутат Бибігүл Жексенбай еліміздегі қазақ және орыс тілді БАҚ арасындағы алшақтық туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бір редакциядағы қазақ және орыс тіліндегі бөлім контенттері сәйкес келмейді.

Редакцияларда қазақ және орыс тілді журналистердің ынтымақтастығы аз. Еліміздің екі негізгі тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдары өзара бір-бірімен әрекеттеспейді. Қазақ тілінде шығатын БАҚ орыс тілді басылымдар жазып жатқан проблемаларды қозғамайды немесе керісінше, - деп атап өтті сенатор.

Бибігүл Жексенбайдың сөзінше, жоғарыда аталған мәселе халықтың толыққанды ақпарат алуына кері әсерін береді. Қазақ және орыс тілді БАҚ-тардың тақырыптық басымдықтарын қамтуда да диссонанс байқалады.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы Сенат депутаты көтерген мәселенің орынды екенін айтып, оны шешу жолында қандай шара қолданатындарын жеткізді.

Бізде тәуелсіз бұқаралық ақпарат өкілдеріне ортақ тақырыптарды жазсын деп айтуға мүмкіндік жоқ. Өйткені оған Конституция бойынша тыйым салынған. Бұл мәселені басқа тәсілмен шешуді пысықтап жатырмыз. Мемлекеттік тапсырыстар аясындағы тақырыптар тізбесін белгілеген кезде, оны барлық тілдегі контент өндірушілерге көрсетуді ұсынамыз. Яғни, тиісті нормативтік құқықтарды әзірлеген кезде әрбір тақырыпты міндетті түрде екі немесе үш тілде халыққа жеткізуді талап етеміз, - деді вице-министр.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: