Жаңалықтар

Бір пышақ үзген ғұмыр: «Қожаның қамқоршы директорының» тағдыры неге ауыр болды

05.06.2026 09:05
Амангүл Тілейқызы
Фото: Коллаж El.kz

Қазақ киносының тарихында экранда ғана емес, өмірде де нағыз драманы бастан өткерген тұлғалар бар. Солардың бірі – КСРО және Қазақстанның халық әртісі Кененбай Қожабек. Өнердегі өрлеу шағында алған ауыр жарақат оның тағдырын түбегейлі өзгерткенмен, қазақ киносындағы орнын өшіре алмады.

Бірақ тағдыр оған даңқ пен табыстан бөлек, ауыр сынақтарды да дайындап қойған еді. Оның өмір жолында денсаулықпен күрес те, арбаға таңылған ұзақ жылдар да болды. Соған қарамастан, Кененбай Қожабек өнерге деген адалдығынан ешқашан айныған жоқ.

Бүгінгі көрермен Кененбай Қожабекті көбіне «Қыз Жібектегі» Сырлыбай, «Менің атым Қожадағы» директор немесе «Шабандоз қыздағы» Айдар арқылы таниды. Алайда оның өнердегі жолы бірнеше жарқын рөлмен ғана шектелмеді.

Қазақ киносы мен театрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан актердің өмірі де, шығармашылығы да тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналды.

ашық дереккөз 

Соғыстың куәгері

Кененбай Қожабек 1928 жылы дүниеге келді. Оның балалық шағы қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде ол төрт жасында анасынан айырылды. Кейін әкесі күнкөрістің қамымен балаларын туыстарының қолына тапсыруға мәжбүр болады.

Болашақ актердің балалығы жоқтың қасы еді. Он үш жасқа толған шағы екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен сәйкес келді. Қатарластары секілді ерте еңбекке араласып, шоферлік курсты бітірді. Кейін замандастары оның ат құлағында ойнайтын шабандоз болғанын, қандай іске де батыл кірісетінін жиі еске алатын.

Бәлкім дәл осы қайсар мінез оны өнер жолына алып келген шығар.

Тағдырын өзгерткен рөл

Кененбай Қожабек шығармашылық жолын театр сахнасынан бастады. Ол Алматыдағы жас көрермендер театрында жұмыс істеп, көп ұзамай ерекше талантымен көзге түсті.

1955 жылы экранға шыққан «Шабандоз қыз» фильмі оның тағдырын өзгертті. Бұл фильмдегі Айдар бейнесі актердің шығармашылық өміріндегі алғашқы үлкен жеңіс болды.

ашық дереккөз 

Театр сыншысы Әшірбек Сығай кейін бұл рөл туралы:

Айдарға еліктедік. Айдар болып атпен жүйіткідік. Айдар секілді ғашық болсақ дедік. Айдар сияқты мінезді, Айдар тәрізді тапқыр болғымыз келді, – деп жазған.

Бұл сөздер Кененбай Қожабектің сол кездегі көрерменге қаншалықты әсер еткенін көрсетеді.

Одан кейін актер қазақ киносының алтын қорына енген көптеген фильмдерде ойнады. Олардың қатарында «Қыздар мен жігіттер», «Менің атым Қожа», «Қанатты сыйлық», «Әркімнің өз жолы бар», «Егер біз бәріміз», «Қыз Жібек», «Алты жасар Алпамыс» секілді туындылар бар.

Кинотанушылар Кененбай Қожабекті табиғилығы үшін ерекше бағалайды. Ол кейіпкерді ойнамайтын, өмір сүретін актерлердің қатарынан еді. Сондықтан оның экрандағы әр бейнесі жасандылықтан ада болып шықты.

Актерға жасалған шабуыл  

1960 жылдың 10 қаңтары қазақ өнері үшін де қаралы күндердің бірі болды. Сол күні Кененбай Қожабек әріптестері Ыдырыс Ноғайбаев пен Нұрмұхан Жантөринмен бірге Алматы көшесінде келе жатқанда бұзақылардың шабуылына ұшырайды.

Естеліктерде оның достарына араша түскені айтылады. Кенет белгісіз біреу ту сыртынан келіп, актердің омыртқасына пышақ сұғады.

Осы оқиғаға байланысты кейін түрлі әңгімелер тарады. Кейбір адамдар Ноғайбаев пен Жантөрин оны тастап кетіп қалды дейді. Алайда мұны дәлелдейтін ресми дерек жоқ. Ең қызығы, Кененбай Қожабектің өзі бұл туралы ешқашан ашық айып тақпаған.

ашық дереккөз 

Керісінше, өмірінің соңына дейін бұл оқиға жайлы көп сөйлемеуге тырысқан.

Бірақ бір нәрсе анық еді – сол шабуыл қазақ өнерінің болашағын өзгертті. Ауыр жарақаттан кейін актердің денсаулығы нашарлап, бұрынғыдай сахнада еркін қимылдау мүмкін болмай қалды.

«Қыз Жібекке жол ашқан достық»

Кененбай Қожабек үшін ең ауыр соққы жарақаттың өзі емес, театрдан кетуге мәжбүр болуы еді.

Сахна оның өмірінің мәніне айналған болатын. Алайда уақыт өте келе театр басшылығы арбаға таңылған актердің сахнада ойнауы қиын екенін айтып, оны спектакльдерден шеттете бастайды.

Бұл шешім өнер адамы үшін ауыр соққы болды. Сол кезде көмекке достары келді.

Режиссер Сұлтан Қожықов пен композитор Нұрғиса Тілендиев Кененбайдың талантын жоғалтуға болмайтынын түсінді. Олар түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, актердің кино саласында жұмысын жалғастыруына мүмкіндік жасады.

Көрермендердің көбі байқамаған бір деталь бар.

видеодан кадр 

«Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбай ханның рөлін сомдаған Кененбай Қожабек көбіне отырып ойнайды.

Бірде төрде, бірде кеңес құрып отырады. Бірде тақ үстінде көрінеді. Бұл режиссерлік шешім ғана емес еді. Сол кезде актердің жүруі өте қиын болатын. Сұлтан Қожықов досының жағдайын жақсы білді. Сондықтан оның денсаулығына қарай бейімдеп, Сырлыбай бейнесін жасап шықты.

Нәтижесінде көрермен актердің сырқатын емес, кемеңгер әкенің бейнесін көрді. Көпшілік әлі күнге дейін Сырлыбайды қазақ киносындағы ең салмақты, ең беделді әке образының бірі ретінде қабылдайды.

Дублерден бас тартқан

Кененбай Қожабектің мінезі ерекше болған. Ол өзін ешқашан мүгедек ретінде қабылдаған жоқ. Мұны оның әріптестері де жиі айтқан.

1970 жылы түсірілген «Егер біз бәріміз» фильмінде режиссерлер қауіпті көрініске дублер пайдалануды ұсынады. Алайда актер үзілді-кесілді қарсы болады.

Нәтижесінде қара күзде Сырдарияның мұздай суына өзі түседі. Бұл оқиға оның денсаулығына ауыр соққы болды. Арада шамамен бір жыл өткен соң балдақпен жүрудің өзі мүмкін болмай қалды. Содан кейін ол өмірінің соңына дейін мүгедектер арбасына таңылды.

Өнерді мансаптан жоғары қойған

Кененбай Қожабектің адамдық болмысын көрсететін тағы бір оқиға бар. 1986 жылы оған «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі қарттың рөлін ойнау ұсынылады. Грим жасалып, түсірілімге дайындық басталады. Бірақ актер айнаға қарап отырып, бұл рөл өзіне емес, Қанабек Байсейітовке лайық екенін түсінеді.

Содан сақал-мұртын жұлып тастап, режиссер Абдолла Қарсақбаевқа:

ашық дереккөз 

Бұл рөл Қанекеңдікі, – дейді.

Кейін дәл сол образ Қанабек Байсейітовтің кино өнеріндегі соңғы рөліне айналды. Бұл оқиға Кененбай Қожабектің өнерді өз мансабынан жоғары қойғанын көрсетеді.

Әкесін тастамаған ұл

Өмірінің соңғы жылдарында актер тағы бір ауыр сынаққа тап болды. Денсаулығы күрт нашарлаған кезде жұбайы отбасынан кетіп қалады. Сол кезде қасында он үш жасар ұлы Ілияс ғана қалады.

Анасы өзімен бірге кетуді ұсынғанда, бала әкесін жалғыз қалдырмайтынын айтады. Кейін Ілияс әкесінің ең жақын серігіне айналды.

Оны көтеріп жүрді. Кездесулерге апарды. Шығармашылық кештерге бірге қатысты. Өмірінің соңына дейін қамқор болды. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы бұл туралы ерекше тебіреніспен жазған.

ашық дереккөз 

Өмірден емес, уақыттан озған тұлға

Кененбай Қожабек туралы сөз болғанда көпшілік алдымен оның арбаға таңылған өмірін еске алады. Бірақ оны тек тағдырдың ауыр сынағымен байланыстыру – тұлғасын толық бағаламау болар еді.

Ол ең алдымен қазақ киносының қалыптасуына үлес қосқан талантты актер, сахна мен экранның саңлағы болды. Домбыра шертіп, өлеңді ерекше нақышпен оқитын өнерпаз ретінде де көпшіліктің құрметіне бөленді. Әшірбек Сығайдың естеліктерінде Кененбайдың Мұқағали жырларын жан дүниесімен жеткізетіні ерекше аталады.

Ең бастысы, ол қандай қиындық көрсе де, өмірге деген құштарлығын жоғалтқан жоқ. Тағдыр оның денесін әлсіреткенімен, рухын сындыра алмады. Сондықтан Кененбай Қожабек қазақ киносының тарихында тек талантты актер ретінде ғана емес, қайсарлықтың, төзімнің және өнерге адалдықтың символы ретінде қалды.

Бүгінде оның есімі Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды алыптармен қатар аталады. Өйткені адамды ұлы ететін тек таланты емес, сол талантын қандай жағдайда да сақтап қала алған рухының беріктігі.

Оқи отырыңыз