24.02.2026
15:35
958
Бір отбасынан шығып, 2026 жылғы Олимпиадада чемпион атанған спортшылар

Бір отбасынан шығып, 2026 жылғы Олимпиадада чемпион атанған спортшылар

2026 жылы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындары бірнеше спорттық әулеттің мерейін өсірді. Бір Олимпиадада бес бірдей отбасының өкілдері медаль жеңіп алып, бауырлардың өмірде де, үлкен спортта да бірге табысқа жете алатынын дәлелдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Превцтер әулеті (Словения)

Словенияның Доленья-Вас ауылынан шыққан Превцтер отбасы шаңғымен трамплиннен секіру спортының символына айналды. Отбасындағы Петер, Цене, Домен, Ника және Эмма есімді бес баланың алғашқы төртеуі өмірін спортпен байланыстырған.

Домен мен Петер Превцтер (Фото: Christian Bruna / Getty Images)

Отбасындағы спортқа деген қызығушылық үлкен ұл Петерден басталған. Ол бала кезінде қардан шағын трамплиндер жасап, секіріп ойнайтын. Кейін әкесі Божидар оны спорт секциясына береді. Уақыт өте келе Превцтер түгелдей кәсіби спортқа бет бұрды. Тек кенже қыз Эмма бұл спорт түрін таңдамаған. Әкесі тіпті төреші куәлігін алып, жарыстарда балаларына қазылық жасаған.

Ал отбасының олимпиададағы жетістіктері 2014 жылғы Сочи ойындарынан басталды. Петер сол кезде күміс пен қола медаль жеңіп алды. 2022 жылы Бейжіңде ол алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді, ал аралас командалық сайыста медальді інісі Ценемен бөлісті.

2026 жылғы Олимпиадада Домен мен Ника Превц аралас командалық турнирде алтын медаль иеленді. Осылайша, бес баланың төртеуі Олимпиада жүлдегері атанды.

Врано әулеті (Швеция)

Швециялық бауырлар Изабелла мен Расмус Врано керлингтен аралас жұптық сында Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – осы дисциплинада туған бауырлардың алғаш рет бірге алтын жеңіп алуы.

Изабелла мен Расмус Вранолар, Carmen Mandato / Getty Images

Расмус бұған дейін 2022 жылы ерлер құрамында Олимпиада алтынын еншілеген еді. Ал Изабелла үшін Италиядағы ойындар – мансабындағы алғашқы Олимпиада.

Бауырлар жастайынан әкесінің қол астында жаттыққан. Аралас жұп ретінде 2020 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сол жылы-ақ Берндегі турнирде топ жарды, ал 2024 жылы әлем чемпионы атанды.

Ван’т Ваут әулеті (Нидерланд)

Нидерландтық шорт-трекшілер Мелле мен Йенс ван’т Ваут та Олимпиада-2026 ойындарының тарихына есімдерін алтын әріптермен жазып кетті. Екі ағайынды алты медаль жеңіп алды.

Мелле ван'т Ваут пен Йенс ван'т Ваут, Matthew Stockman / Getty Images

Олар Нидерландта дүниеге келгенімен, бала кезінде Канадаға қоныс аударған. Алғашында хоккеймен айналысып, кейін шорт-трекке ауысты. Бірнеше жылдан соң отбасылық жағдайға байланысты елге оралып, спорттық мансабын осы жерде жалғастырды.

2026 жылғы Олимпиадада 26 жастағы Мелле эстафетада алтын, 500 метрде күміс медаль алды. Ал 24 жастағы Йенс 1000 және 1500 метр қашықтықтарында, сондай-ақ эстафетада топ жарып, үш дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бұған қоса 500 метрде қола жүлдеге ие болды. Йенстің айтуынша, Мелле – тек ағасы емес, ең жақын досы.

Хьюз және Ткачук әулеттері (АҚШ)

Хоккейден ерлер арасындағы турнирде АҚШ құрамасы финалда Канаданы 2:1 есебімен қосымша уақытта жеңіп, алтын медаль иеленді. Бұл жеңісте бірден екі отбасының өкілдері көзге түсті.

Брэди Ткачук, Мэттью Ткачук, Куинн Хьюз және Джек Хьюз

Elsa / Getty Images

Жеңіс шайбасын 24 жастағы Джек Хьюз соқты. Оның ағасы Куинн Хьюз те Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, турнирдің символикалық құрамасына енді және үздік қорғаушы жүлдесін алды.

Сондай-ақ Ткачук әулеті де тарихи жетістікке жетті. Құрама капитаны Мэттью Ткачук турнир барысында алты нәтижелі пас берсе, оның інісі Брэди Ткачук үш шайба соғып, екі нәтижелі паспен көзге түсті.

Брэди мен Мэттью Ткачук

Elsa / Getty Images